Nur.kz ақпараттық порталында жарияланған «Имамдар Оразаны тұта алмайтындарға күніне мың теңге садақа төлеуді ұсынды» атты мақаланы оқып, біраз көмескі ой көңілге ұялады. «Неге?» деген заңды сұрақ туындайды.
Біріншіден, оразаны не үшін ұстайды адамдар? Ораза – ең алдымен тән тазалығы, сосын рухани тазалық. Әр діннің басты қағидасы сенім екені аян. «Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі Һаққа жол емес» дейді һәкім Абай. Пенденің бойында Жаратушыға деген риясыз сенім болу керек, одан асқан діннің әсілінде қажеті шамалы. Дін – қоғамды басқаратын алып басқарушы құрал! Кез-келген діннің қалай пайда болуы туралы тарихи деректерді ақтарсаңыздар, белгілі бір мүдденің әрекеті шығады. «Құдайдың барын делелдеу мүмкін емес, бірақ оны жоққа шығаруға болады» деген батыс пәласапасы бар. Біз атеизмдік көзқарастан аулақпыз. Әріден соң, «қазаққа ислам діні қалай келді?» деген сауал қойылу керек. Ислам өркениетіне дейін қазақ тәңіризмді ұстанған еді. Қазіргі таңда тәңіршілдіктің де тамырына балта шауып, оның негіздерін бұрмалап, өз мүддесі үшін үлкен топтар құрып, әрекет етіп жатқандар көп. Исламды да сол бағытта пайдаланатындар өте көп. Өкініштісі халық соларға көбірек сүйенеді. Тәңіршілдік деген таза табиғаттың өзегінен суырылған сенім. Күнге табынған ғұндардың ұрпақтары табиғи болмысын исламға ауыстырса не дейміз?
Мақалаға көшсек. «Отыз күн ауыз бекітіп, ораза ұстауға қауқарсыз жандар “фидия” беруіне болады. Яғни, денсаулығы жоқ адамдар күнбе-күн садақа беріп, парыз өтеуіне мүмкіндік бар. Биылға белгіленген “фидия” көлемі мың теңге» дейді. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысындағы өкілдері арнайы баспасөз жиынында айтыпты. Міне, қызық. Сонда мың теңге дегенді өздері бекіткен боп тұр ғой. Бұл қай діннің негізіне сүйенген бекіту екен. Төлеу керек деп шарт қою исламға жататын әдет болып па? Сөйтеді де, “Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер болса, бір міскіннің бір күнде ішетін тамағын беріп тұрсын. Ал, кімде-кім белгіленген мөлшерден артық беріп, қайыр жасаса, ол өзіне жақсы болады. Егер біле білсеңдер, Ораза ұстауларың сендер үшін қайырлы” деп Кұрандағы «фидия» туралы айтылған өсиетті насихаттайды. Жарайды делік. Ал келесі жайтты қалай ұғынсақ? «Дін өкілдері бірінші кезекте денсаулығына байланысты, яғни, дәрігерлердің “күн ұзағына аш жүруге қарсы болған жағдайда”, ораза ұстамауына рұқсат дейді. Оның орнына бір мың теңгеден есептей отырып, отыз күнге отыз мың теңге садақа беруіне болады деді.». Ораза дәрігерлер рұқсатына қарамауы керек еді ғой. Әр адамның еркі бар. Әр адам оразаны өзі үшін ұстайды алдымен. Ағзасын тазарту үшін. Оны бірақ имекеңдер құлшылық деп атайды. «Отыз мың теңге төлеу керек» деп құранда жазылып па сонда? Бір міскіннің құны – отыз мың теңге деп өздері бекітіп отыр. Бұл дін ішінен дін ашқандай ғой. Ораза ұстамасаң айыппұл төле деген секілді. Осындайда, «дін – апиын» деген ұстаным еске түседі.
Ораза тәннің саулығы үшін пайдалы екені даусыз. Бірақ, Шәкәрім дана айтады «Жан – нұрлы болса жөнделмек» деп. Алдымен жан таза болу керек. Бұл отырықшы орыстардың «В здоровом теле здоровый дух» деген қасаң қағидасының аузын қисайтатын ұлы өлең жолдары. Жан таза болу үшін адам қош ой ойлау керек. Таза діннің бар асыл діңгегі осындай. Ал, қалғаны қоғамды төстеу үшін ойлап табылған дүниелер. Өз ойым өзімдікі. Имамның сөзіне қарсы шықты деп айып етпес оқырман. Бірақ таза дінді тани білейік, ағайын.
Азамат Тасқараұлы, qazaquni.kz ұлттық порталының редакторы
Ораза, намаз – тоқтықта!!!
Последние статьи автора