Мұстафа Шоқайға қатысты шындық

Мұстафа Шоқайға қатысты шындық

Қазақтың тұңғыш саяси эмигрантының туған жылы туралы әлі бірізділік жоқ. Неге?
2008 жылы Санкт-Петербор сапарында болғанымызда Орталық мемлекеттік тарихи мұрағаттан Мұстафа Шоқайдың туған жылына қатысты төмендегідей туу туралы куәліктің көшірмесін алғанбыз.
Онда: «1902 жылдың 10 наурызы. Біз, төменде қол қоюшылар – Градеков болысы №3 ауылының қырғыздары, біздің ауылдасымыз Шоқай мен Бақтыбике Торғаевтардың отбасында 1890 жылдың желтоқсан айында ұл туылып, оған Мұстафа есімі берілгенін растаймыз» деп жазылған. Бұл құжатқа Әліш Торғаев, Шаймұхаммед Дүйсеманов, Палмұхаммед Айтмұхаммедов және сәбиге азан шақырып ат қойған ауыл молдасы Әбубәкір Әлішевтер қолдарын қойыпты. Бұл құжатта куәлікті аударған губерния хатшысы Қасымовтың да қолы бар. Осы куәлікті сол тұста халық сотының судьясы боп қызмет істеген Мұстафаның әкесі Шоқайдың кенже інісі Оспан Торғаев өзінің мөрімен бекітіп, растаған. Хош делік.
Енді бір қызығы, Мұстафаның өзінен кейінгі туған інісі, Шоқайдың кенже ұлы – Нұртаза да құжаттарда 1890 жылы туылған деп жазылғандығында боп тұр. Осы Петербордағы Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатынан Нұртаза Шоқаевқа қатысты деректер кездеспеді. Алайда Оңтүстік Қазақстан облысының НКВД тергеушісі толтырған құжатта Нұртаза Шоқайұлына қатысты мына бір деректердің көшірмесін алудың сәті түсті. «1890 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарайтын Қызылор-да ауданының №14 ауылында туып-өскен, кедей-шаруа... Әйелі – Зұлфия 42 жаста, қызы – Мәдина 13 жаста, баласы – Мәдияр – 10 жаста, екінші қызы – Нәмина 5 жаста, ағасы – Мұстафа Шоқай 52 жаста – Францияда тұрады» деп анық жазылған. Бұл деректердің бәрі, әрине, Нұртазаның өз айтуымен жазылған ғой деп шамалаймын. Егер Мұстафа туған інісі Нұртаза Шоқай көрсеткендей, 1937 жылы 52 жаста болса, онда ол 1885 жылы туылған боп шықпай ма? Міне, тығырыққа тіреліп, әбден ойланатын жер осы.
Дегенмен тағы бір соңғы дерекке сүйене отырып оқырман сұрақтарына жауап беруді жөн санадым. Шынында да Мұс-тафа Шоқайдың туған жылы туралы бір тоқтамға келетін уақыт жетті. Демек, бір ата-анадан туылған ағайынды Мұстафа мен Нұртазаның бір жылда туылуы мүмкін емес қой. Нұртаза Шоқай неге өзінің туған жылын 1890 жыл деп ресми көрсетіп жазады? Біздіңше, Нұртаза Шоқай өз туған жылын дұрыс көрсеткен. Ал Мұстафа Шоқайдың туған жылы о баста жаңсақ жазылып кеткен секілді. Мүмкін Мұстафа Ташкенттегі лицейге қабылдануы үшін жасын әдейі кішірейтіп жазды ма екен? Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» ат-ты күнделігінде Мұстафаның оқуға енді баратын кезінде қара шешекпен ауырып, бірінші сыныпқа кеш барғаны айтылады. Ал Ташкенттегі лицейге түсуі үшін жасының үлкен болғанын, соның үшін арнайы емтихан тапсырғаны да осы естелікте жазылған. Бұл да арнайы зерттеуді қажет етеді. Оның кейін өз туған жылын түзетіп құжат алуға мүлде мұршасы болмағаны белгілі. Төңкеріс, қуғын-сүргін, аласапыран заманда «кім менің туған жылым мынандай еді» деп жүреді дейсіз. Ол уақыт түгіл, тыныштық орнаған кейінгі заманда туылған талай қазақтың құжаттарында не жылы, не айы, тіпті болмаса туған күні дұрыс көрсетілмегеніне өзім куә бола аламын.
Болат Мырзекеұлы ақсақал Мұстафаның туған жылына қатысты маған былай дегені есімде: «Өз шешем Қатира «Мұстафа менің шалымнан екі жас үлкен еді» деп үнемі айтып отыратын. Әкем Мырзеке және қайын атам Бозай екеуі де 1888 жылы туылған, түйдей құрдас еді. Сонда Мұстафа Шоқай 1886 жылы туылған болып шықпай ма?! Дұрысы осы деп ойлаймын».
Сонымен қатар 2008 жылы Шиеліге арнайы іздеп барып Мұстафа Шоқайдың жақын туыстарымен жүздесіп, өзімізге белгісіз көп сұрақтарға, соның ішінде осы туылған жылына қатысты сауалға да нақты жауап тапқандай болған едім. Мұстафа Шоқайдың туған ағасы Сыздық Шоқаев-тың соғыстан қайтпай қалған Ерғали деген ұлынан туған, марқұм Данияр Ерғалиұлы ақсақал да өз сөзінде «Мұстафа Шоқайдың 1886 жылы туылғандығында еш күмән жоқ» деген еді. Ал Қалымбеттің Кенжеғұл деген ұлынан туған Ойдан ақсақал Мұстафа Шоқайға қатысты әкесінен естіген біраз естеліктерін айта келіп, «Мұстафа Шоқайдың туған жылы – 1886 жыл. Осы Бірінші май ауылының көзіқарақты ақсақалдарының бәрі осыны мақұлдайды» деген еді. Бұл күнде Ерғали Сыздықов та, Ойдан Қа-лымбетов те о дүниелік болып кетті. Бүкіл өмірін ауыр еңбекпен өткізген екі қариямның жабырқау жүздері менің әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Көпті көрген, көп білетін аяулы қарттар еді...
Осы жерде артқа шегініп, басқа бір деректерді де келтіре кеткенді жөн көріп отырмын. Атақты тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелдімен бірге Алматы облысының Ұзынағаш кентінде тұратын Мұстафа Шоқайдың туысы (Шоқайдың туған інісі Қалымбеттің Мырзекесінен туған) Болат Мырзекеұлы Қалымбетов ақсақалды арнайы іздеп бардық. Бұған дейін де мен түсіру тобымен Болат қарияны деректі фильмге түсіріп, ұзақ отырып айтқан сөздерін таспаға жазып алғанмын. Сол сапарда қарияның үйінің әбден ескіріп, көптен жөндеу жұмыстары да жүргізілмегенін көріп Алматыға іштей жабырқап қайтқанмын. «Шіркін-ай, осындайда қол созатын азамат табылып немесе әкімқаралар Торғай датқадан қалған соңғы тұяқтың бірінің бүгінгі ауыр жағдайына назар аударар ма еді» деп іштей армандағанмын. Кейіннен осы пікірімді тарихшы Мәмбет Қойгелдіге айтқанымда, ол өзі басқарып отырған «Қазақстан тарихшылар қауымдастығы» қоғамдық қоры атынан аудан әкімінің атына ресми хат жазып, «бірге барып қайтайық» деді. Сонымен, тарихшы Мәмбет Қойгелді екеуміз аудан басшысына Болат Қалымбетовтің өзін ертіп апарып, өтініш жасадық. Бірақ біздің сол өтінішіміз әлі күнге дейін орындалмай келеді.
Арада біраз уақыт өткенде Болат Қалымбетов ақсақал 2012 жылы 83 жасында Ұзынағаштағы 1962 жылы біреуден сатып алған, жанұясымен жарты ғасырдан аса тұрған сол ескі үйінде дүниеден өтті. Жұбайы Зоя апа мен қызы Салтанат маған зар жылап хабарласты. Болат қарияның Мұс-тафа Шоқаймен түр келбетінің ұқсастығы мені әлі күнге дейін қайран қалдырады. Иә, туысқанның аты туысқан ғой. Осы сапарда да тарихшымен бірге Болат ақсақалмен кеңінен әңгімелескеніміз есімде. Болат Қалымбетов бір әңгімесінде «1929 жылы туылғанмын» деп еді. Ол кісі Мұстафа Шоқайдың туған жылына байланысты бұрынғы айтқан пікірін тағы да шегелеп айтқаны есімде қапты.
Осы орайда төмендегі мәліметтерді де қысқаша айта кету керек тәрізді. 2012 жы-лы Шығыс Қазақстан облысынан шыға-тын «Флэш» газетінің бас редакторы Денис Данилевский мен журналист Сергей Михеев «Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректі фильмінің Өскемен қаласында орыс тілінде өткен тұсаукесерінен соң, Мұстафа Шоқайды «сатқын, фашистермен сыбайлас» деп әбден ғайбаттап екі бірдей мақала жариялады. Бірақ сегіз мемлекетті аралап, Мұстафа Шоқай болған жерлерді жүріп өтіп, оның жақын туыстарымен, қайраткердің көзін көрген немесе оның жанында жүрген адамдармен қызметтес болғандармен кездескенде де ғұмырын Түркістан-ның тәуелсіздік алуына арнаған Мұстафа Шоқай адресіне айтылған ешқандай ғайбат сөздің, қалаберді пендешілікпен болса да жасаған бірде-бір кемшілігін естіген жоқпын, құжаттардан да, жазылған зерттеулерден де, мақалалардан да ешқандай теріс пікір кездестірмедім. Сондықтан да осы деректерге сүйене отырып, аталмыш газетті сотқа бердім. Алғашқы Өскемен қалалық сотта жеңіліп қалғаныммен, соңғы сотта жеңіп шыққанымды бүкіл ел біледі. Мұстафа Шоқайды «сатқын» деп шешім шығарған Өскемен қалалық соты Төленді Қасымовтың көп ұзамай қызметі жоғарылады. Бұған таңғалмасқа шарам болмады. Ал мен облыстық сотқа М.Шоқайдың жазықсыздығын айғақтайтын көптеген қосымша құжаттар жинап, әбден дайындалып бар-дым. Сосын «сотқа тек М.Шоқайдың туыстары ғана бере алады» деген талап қойды. Мені бұл істен мүлде шеттетіп тастамақ болды. Олар «мақалада деректі фильм мен оның авторына қарсы айтылған бірауыз теріс пікір жоқ» деп даурықты. «Біздің шаруамыз тек сатқын Мұстафа Шоқайда» деп шулады. «Сондықтан деректі фильмнің авторының сотқа беруге құқығы жоқ» деп табандап тұрып алды. Сосын Мұстафа Шоқайдың ең жақын екі туысы жоғарыда айтқан – туған інісі Нұртаза Шоқайдың қызы Нәмина апа мен Болат Қалымбетов ақсақалмен қайта-қайта кездесіп, түсіндіріп, олардан сотта Мұстафа Шоқайдың мүддесін қорғауға өз атыма сенімхат жаздырып алдым. Рас, алғашқыда мен Нәмина апа мен Болат ағаны Өскеменде өтетін сотқа өздері қатысуын өтіндім. «Ол үшін барлық жағдайларыңызды жасап, өзім ұшақпен алып барайын» дедім. Бірақ жасы кеп қалған үлкен кісілер денсаулықтарына байланысты Өскеменге бара алмайтын болды.
Осы сотқа дәлел ретінде пайдалану үшін Оңтүстік Қазақстан облысының Ұлттық қауіпсіздік комитетінен алған анықтама қағазында біз осы мақаланың басын-да келтірген Нұртаза Шоқайдың туған жылына қатысты деректер алдымыздан тағы да шықты.
Ал осы сот процесі үшін ОҚО Ұлттық қауіпсіздік комитетінен анықтама алуға Шымкент қаласына Мұстафа Шоқайдың туыстарын жан-жақтан шақырып, жинауға тура келді. Оңтүстік Қазақстан облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Нәмина Шоқайға берген 15168 нөмiрлі 20 мамыр 2012 жылы берген анықтамасында, әкесі Нұртаза Шоқай 1890 жылы туылған деп анық көрсеткен. Ал осы комитеттің Болат ақсақалға 15169 нөмiрлі, 24 мамыр 2012 жылғы берген анықтамасында, Болат ақ-сақалдың әкесі Мырзеке Қалымбетовтің 1886 жылы туылғандығын жазған. Міне, осы жерде тағы да анықтай кетейін. Жоғарыда тоқталғанымдай, Болат Қалымбетовтің анасы күйеуі Мырзекені Мұстафа Шоқайдан екі жас кіші деп үнемі айтып отыратындығын бізге айтқанын жоғарыда сөз еттік. Бұл жерде құжат анықтамасы қате толтырылғаны анық. Өйткені Болат ақсақалдың жұбайы, қазір көзі тірі Зоя апамыз өзінің әкесі Бозайдың да 1888 жылы туылғанын, ол кісінің атасы Мырзекемен түйдей құрдас екенін айтып отыр.
Қызылордада тұратын Мұстафа Шоқай қорының президенті Базарбай Атабаев ақсақал да осы пікірді қолдайды. Ол Мұстафаның кіндік қаны тамған жердегі, ел ішінде Әліштің мектебі аталған, бала Мұстафа сауатын ашқан медресенің орнына қойған белгі тасты біз Наршоқыға арнайы барып көрдік, онда:«Наршоқы – Түркістан мемлекеті тәуелсіздігінің күрескер көсемі Мұстафа Шоқайұлы туған жер (07.01.1886 жыл)» деп жазып қойған. Тіпті белгідегі мәліметте қайраткердің туған жылымен қоса, туған айы, туған күні де анық көрсетілген. Осы арада берер сөзбен болса да айта кетпеске болмайтын бір жайт бар. Бұл жайында мен кезінде кітабымда арнайы тоқталып таратып жазғанмын. Иә, өзегіңді өртейтін бір жай, мен көзін көрген шалдардың айтуынша, сол тұста империя осы Мұстафа Шоқайдың туған ауылына келетін суды бөгеу үшін бюджеттен арнайы қаржы бөліп, арнасын басқа жаққа бұрып жібер-ген. Міне, соның нәтижесінде бұл күндері Мұстафа Шоқайдың туған ауылына бір тамшы су бармай, бүкіл ауыл бұл күндері құм астында қалған... Бейіттеріне шейін құм басып қалған. Біз барған кезде құмға қарап отырып Құран бағыштадық.. Қазір ол ауылға баратын жол да жоқ. Бұл мәселе қазіргі аудан, облыс басшыларын ойландырмайтыны мені таңғалдырады.
Сонымен, туыстары айтқан осы дәйектерді негізге ала отырып, бізге Мұстафа Шоқайдың туған жылын 1886 жыл деп неге тайға таңба басқандай етіп белгілемеске?! Осы көрсетілген уақыт шындыққа сәйкес келеді. Барша ағайындары, тіпті туған інісі жаңылыспаса керек қой. Бүкіл ғұмыры бір ғана қазақ халқының емес, берісі Алаштың, арысы бүкіл түркінің, тіпті адамзаттың азаттығы жолында күреспен өткен кемеңгердің туған жылын анықтап, бір байламға тоқталатын уақыт жетті. Егер Мұстафа Шоқай 1886 жылы туған деген тұжырымға келер болсақ, онда 2016 жылы Орта Азиядағы тұңғыш тәуелсіз мемлекет – Түркістан автономиясының басшысы, Алаш көсемдерінің бірі, қазақтың тұңғыш саяси эмигранты Мұстафа Шоқайдың 130 жылдық мерейтойын бүкіл түркі баласы ұлан-асыр тойласа жараспай ма?
Олай болса, Мұстафа Шоқайдың 2016 жылы болатын 130 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланса деген ұсынысымыз бар. Осыны күні кеше ғана сайланған Кәрім Мәсімовтің Үкіметі қолға алып, біз айтқан шаралардың жүзеге асуына мұрындық болса деген тілегіміз бар. Әрине, ол үшін біз жоғарыда айтқандай шұғыл бір тоқтамға келіп, тиісті ресми орындар ЮНЕСКО- ға ұсыныс түсіруі қажет. Ол ұсынысты өткізуге күресу керек. Ол үшін Мұстафа Шоқайдың ғазиз есімін өз елімізде толық қалпына келтіруіміз керек. Ал ЮНЕСКО арқылы тойлау сыртқы мәселе. Сыртқы мәселені шешпек түгілі, біз әлі күнге дейін өз қолымызда тұрған ішкі мәселелерді толық шешкен жоқпыз. Ол Мұстафа Шоқай атына облыс орталықтарынан көшелер беріліп, Астана мен Алматыда және басқа да ірі қалаларымызда ескерткіштері тұрса, қайраткерге кім көрінген соқтығыса бермес еді деп ойлаймыз. Көрінген келімсек аузына келгенін айтпай, аяғын тартып жүретін болар еді. Жоғарыда айтқанымдай, сотта жеңіске жеткеніммен, мемлекет бұл оқиғаға назар аудармады. Осы оқиға Мұстафа Шоқайдай ғазиз тұлға жайлы біздің қоғамда теріс, түбірімен қате түсінікте жүрген адамдардың аз еместігін анық көрсетті. Елім деп өткен арысымыз жайлы нендей ғайбат сөздер айтылып, жазылмады дейсіз. Сондықтан мемлекет тарапынан Мұстафа Шоқайға қатысты тиісті ресми орындар кесімді, тұжырымды сөзін айтатын мезгіл жетті. Сондықтан сенаторлар Мұрат Мұхамеди мен Серік Ақылбайдың ұсынысын толық қолдауымыз керек. Оның атына облыс орталықтарында, еліміздің басқа да ірі қалаларында көше, мектеп аты беріліп, ескерткіш тұрғызатын уақыт жетті.Осындай игі істерді кезең-кезеңге бөліп, алдын ала жоспарлап іске асыра беру керек.
Жалпы, Алаш азаматтарын жас ұрпақтың санасына сіңіру, жадында мәңгі қалдыру тәуелсіздігіміздің баянды болуының бірден-бір жолы екендігін естен шығармайық. Ал Мұстафа Шоқай болса, Алаш көсемдерінің бірі де, бірегейі. Бұл Елбасымыздың Мәңгілік ел идеясын іске асырудың дара жолы деп білеміз. Мұстафа Шоқайдың атын ұлықтау – тәуелсіз Қазақстан халқының бүгінгі міндеті.
Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста