"Менің атым – ... " немесе саясаттың сәбилері
«Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар – жоғары идеялы есімдер...» деп келетін жолдарды таныс емес дейтін, қазақ балалар әдебиетіндегі классикалық шығармаға айналған «Менің атым – Қожаны» оқымаған бала қазақта жоқ, болса да, кемде-кем шығар. Кез келген адамның өз атына бейжай қарамайтынын автор осында бала тілімен керемет шебер келтіргеніне таңғаласыз. Расында, есіміміз біздің өмірімізге қатысы жоқ жай ғана атау емес, ол – біздің өмір бойғы серігіміз.
«Біз саясатпен айналыспасақ та, саясат бізбен айналысады» деген әйгілі тұлға Уинстон Черчилл сөзі дәлелді қажет етпейтін аксиома екенін еріксіз мойындауға мәжбүрміз. Мұның бұлтартпас дәлелі – кеңестік кезде, басқасын айтпағанда, кісі есімдеріне дейін саяси реңк алғандығы. Сол тұста қаншама жаңа туған сәби Қожаның кебін киіп, «шіркін, адам атты өзіне-өзі таңдайтын болса ғой» деген болар, бірақ кейін өскен соң, әрине... Жә, бұл – бөлек мәселе. Қазірше біз әлгіндей есімдердің мағынасына үңіліп көрсек. Себебі көптеген сондай есімді естіп жүргенмен, оның нені білдіретініне, о баста қандай ойдан туғанына аса мән бермейді екенбіз.
Қазаққа сіңіп кеткен есімдердің бірі – Эльмира. Білте шамның жарығымен отырған қазаққа кеңес өкіметінің берген бір игілігі – «Ильич шамы», бүгінгі тілмен айтқанда, электр жарығы. Күңгірт сәуледен жарқ еткен жарықты көргенде ата-бабаларымызға ол бір сиқырдай көрінгені сөзсіз. Содан бастап кеңестік дәуірдің жарықтандыру, түгелдей дерлік электрлендіру процесі басталды, Эльмира деген есімнің түбірі, міне, осы «электрификация мира» деген сөзден шықса керек.
Вил, Марат, Мэлс, Дамир, Рэм деген сол тұста сәнге айналған есімдер иесі әлі күнге біздің арамызда жүр. Мінекей, осындағы Вил – Владимир Ильич Ленин, сол заман тілімен айтқанда, «Күн көсем» атының бас әріптерінен құралса, Марат – француз революционерінің фамилиясы, ал МЭЛС болса кеңес өкіметінің басты идеологтары Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин есімдерінен, соларға шексіз берілгендіктің айғағы іспетті еді. Ал Дамир «Да здравствует мир!» ұранынан алынған. Бұлар ұлт таңдамайтын, яғни нитернационал есімдер болғандықтан, орыс, татар, қазақ, башқұрт т.б. түркітілдес халықтардың бәріне бірдей таралды.
Сол тұстағы есімдердің шығуын мынадай топтарға бөлуге болады екен:
1. Абстрактілі ұғымдар, айталық, Коммунар, Эра, Идея, Идиллия, Атеист т.б.
2. Техникалық, физика, математикалық терминдерге байланысты шыққан есімдер: Комбайн, Дрезина, Радиана, Ампер, Микрон, Магнита.
3. Химиялық элементтер, минералдар, шикізаттарға байланысты есімдер: Радий, Алмаз, Рубин, Лазурита, Сталь, Эфира.
4. Өсімдіктер мен гүлдерге қатысты: Георгина, Сирень немесе Гүлсирен, Лилия, Камелия, яғни қазақтың Кәмиласы.
5. Музыкалық терминдерге байланысты: Лира, Минора.
6. Сондай-ақ Рево және Люция деп, «революция» сөзін екі бірдей баласына сыйлаған ғалымдарымыз, тұлғаларымыз болды. Жеке басқа табыну саясатының күйіп тұрған кезінде сондай-ақ Нинел, яғни Лениннің атын керісінше оқып, қызына есім қылып қойғандар да бар. Ленгемир деген де атты бірде болмаса, бірде естіген боларсыз, ол – «Ленин – гений мира» дегеннен, яғни тек соған құлдық ұрудан туған есім.
Айта берсек, Советхан, Кеңесбек, Съездхан көкелеріміз бен дәл осы 1 Мамыр – ұлттар бірлігі мерекесінде туған Мая, Майгүл секілді тәтелеріміздің есімдері бар, әйтеуір бәрін санап тауысу мүмкін емес. Мақсатымыз оларды тізбелеп шығу емес, қазір сол есім иелерінің өздерін қалай сезінетіндігі қызық. Осы орайда өз есімдерін қазақшалап алғандардан үлгі алу керек секілді, айталық, белгілі жазушы Коммунар Табеев бүгінде өзін Қайым-мұнар деп жүрсе, дәстүрлі әнші Эльмира Жаңабергенованың Елмұра атанғаны секілді... Десек те, саясаттан қазекем әлі де қалмай, Тәуелсіздік перзенттеріне Саммитхан, Азиада, тіпті АҚШ Президентінің есімін беріп, Обама қылып жатқандар да жетерлік. Солар кейін өздерін Қожа сезініп, «атымды айта бастасам...» деп жүрмесе болғаны...
«Алаш айнасы» мұрағатынан