Көштің Кашмирден Түркияға қарай бет бұруы

Көштің Кашмирден Түркияға қарай бет бұруы

Хасан Оралтай қоғамдық iстерге 1954 жылы Түркияда араласты. Ол өзiнiң алғашқы еңбек жолын Измир қаласындағы тарихи ескерткiштер сататын дүкеннiң сатушысы болып бастаған. Оны толғандырған маңызды мәселе – тұрмыстың қамы емес еді. Жас та болса бас бола білген жігіттің Түркияға алғашқы сапары және онымен бірге барған қазақтарды түріктер қалай қарсы алды? Хасан Оралтайдың «Елімай-лап өткен өмір» атты кітабынан үзінді ұсынамыз.
Ең соңында яғни 12.07.1954 күні Др.Едұмендс сүйінші сұрап жетті. «Түркия үкіметі Қалибек пен Хамзаға да виза берді. Енді бәріңіздің бірге кетуіңізге болады» деді. Біз дереу азын-аулақ жүгімізді жинап, буып-түйдік. Кәшмірлік достармен қоштастық. Кәшмірдің ол кездегі үкімет бастығы Ғұлам Садыққа, қызметінен алынған бастығы Бақшы Ғұлам Мұхамметке әкем мен Хамза мені ертіп барып қош айтты. Ол кезде мен ағылшынша аудармашы болуға жарап қалғанмын. Әкем қамақтағы Кәшмірдің ұлттық көсемі Шейх Мұхаммет Абдұлланың үйіне барып, әйелі және ұлы Фарұқ арқылы сәлем айтуды ойластырды. Бірақ жергілікті кеңес беруші көңілдестер: «Үкімет рұқсат етпейді. Әуре болмаңыздар» деді. Сонымен Кәшмір халқына деген алғысымызды Бақшы Ғұлам Мұхаммет пен Садық Сахипке айтып Кәшмірден аттандық.

«National Christian council Committee» жағынан екі үлкен автобус даярланыпты, соған отырдық. Оның Кәшмірдегі өкілі ағылшын Др. Едұмендс бізді бір қанша шақырым жерге дейін шығарып салды. Қазақ баласынан Кәшмірде тек Жанымқан Тілеубайұлының үш ұлы қалды. Оның екеуі, атап айтқанда, Дәделқан мен Хамит Срінагер қаласынан Ладақ қаласына бұрын кетіп қалған болатын. Сондықтан дәл біз Кәшмірден жүргенде ол жерде жалғыз қазақ ретінде Жанымқанның кіші ұлы Мәжит Жаналтай қалды. Біздің автобус жүріп кеткенде Мәжиттің ақ шытын бұлғап, жылап жалғыз қалғанына апам марқұм да «қайран қазақтың баласы жалғыз қалды ғой» - деп егіле жылады.
Үлкен бір тауды асып Кәшмірден (Срінагерден) шыққан күні Амиратсар қаласына келдік. Ол жерде бізді Доналд Е. Рұгх және орынбасары үндістандық Комбелл қарсы алды.
Амритсар қаласы біз үшін бұрын өзіміз көрмеген жаңалықтар мен ғажаптарға толы еді. Толып жүрген маймылды және отарба-теміржолды өмірімізде тұңғыш рет сонда көрдік. Сол жерде автобустан отарбаға ауыстық. Отарба бекеті құмырсқаша қайнаған қалың адамға толы. Доналд Е.Рұгх пен Комбелл бізді «Reserved For Kazakh Refugees» яғни «қазақ мұхажирлерге арналған» деген қағаз жапсырылған арнайы вагондарға отырғызды. Отарбада орын таба алмаған адамдар вагондардың төбесіне де шығып алған. Оған да сыймағандар орын таба алмай арпалысуда. Бірақ біздің вагондардағы әлгі жазуды көргендер, бізді әурелемеді. Алайда Ирак пен Сирияда жағдай басқаша болды. Сонымен кең отырып шайымызды ішіп, тамағымызды жеп Бомбей қаласына бардық.
Бомбейде Mr.Combell мені жеке машинасына отырғызып қаланы аралатып, тарихи жерлерді көрсетті. Ағылшындардың отарлау үшін алғаш рет кемемен келіп Үндістан топырағына аяқ басқан жерге де апарды. Біз Бомбейде үш күн аялдадық. Күн өте ыстық еді. Бомбейде де Кәшмірдегі сияқты бұрын Шығыс Түркістан жақтан қажыға барушылар аялдап өтетін үлкен ғимарат қораның бір бұрышына түстік. Бомбейден Ирактың Басара қаласына кемемен баруымыз керек екен. Біз мінетін кеменің келгендігі хабарланды. Жүк машиналары келді. Шағын заттарымызды жүк машинасына салып, өзіміз соның үстіне отырып, кеме портына бардық. Ол жерде құмырсқаның илеуі іспетті қалың адам. Олардың арасынан жол тауып жүре алмай іркілдік. Біздің сол жағдайымызды байқаған үндістандық қызметкер Комбелл бізге қарап күлімсіреп: «Жүріңдер, Гималай тауынан қиын емес» деп алдымызға түсті. Жүгімізді көтеріп бала-шағамызбен әлгіге ілесіп кемеге бардық. Ол біздің елдің өмірінде кемені де, мұхит-теңізді де тұңғыш рет көруі еді.
Кеменің үстіне шықтық, төбесіне барып ұйлыға орналастық. Негізінен алғанда ол жолаушы емес, жүк таситын кеме екен. Соның төбесіндегі бір бөлімі бізге арналыпты. Кемеде бізден басқа да жолаушы баршылық екен. Шілденің қайнаған ыстығында, қаланың ішімен салыстырғанда, кеменің үсті сәл салқын-ды. Түс ауа Бомбейден ол кездегі Пәкістанның астанасы Караши портына қарай беттедік. Бомбей мен Караши арасында өте қатты толқын бар-ды. Әр уақыт сондай қатты толқын бола ма екен немесе дәл сол кезде төтенше бір толқын шықты ма, әйтеуір біз түскен кеме толқынның салдарынан керемет тербетілді. Толқын кеменің үстінен асып барып екінші жаққа түскен кезде, күннің көзі көрінбей кететін. Бұрын мұндай кемені де, толқынды да көрмеген-естімеген Еренқабырға қазақтарының көбінің басы айналып құсып, сұлап жатып қалды. Толқын кемені соншама қатты тербеткенде үрейленіп, бір апатқа душарласамыз ба деп шошығандар дұға оқып құдайға жалбарынды. Басқа жолаушылардың толқынға күле қарап, кеме тербетілген кезде бір-бірімен әзілдесулері біздің төтенше бір жағдай жоқ екен ғой деп топшылауымызға негіз болатын. Сонымен бір күн, бір түн жүріп Караши портына бардық. Ол жерде 6-7 сағаттай аялдадық. Әкем, Хамза, Нұрсапа, Сәбәділ, Адамбай ішінде бірнеше кісі кемеден шығып, Караши қаласын араладық.
Караши портынан шыққаннан кейін тағы үлкен толқынға тап болдық. Карашиден кемеге мінген жолаушылардың бәрі мұсылман-ды. Парсы Шығанағындағы араб елдерінде жұмыс істейтін кісілер екен. Біздің де мұсылман екенімізді, Түркияға кетіп бара жатқанымызды естігеннен кейін әлгілер бізге келіп: «Енді бір күн жүргеннен кейін кеме Парсы шығанағына кіреді. Толқын басылады. Мына жүктеріңізге сақ болыңыздар, ұрлаушы көп» - деп қамқорлық кеңес берді. 
Расында да кеме Парсы шығанағына кіргеннен кейін толқын басылды. Кеменің маңайына ұсақ қайықтар толып кетті. Әлгілердегі 7-8 жастағы балалар кемедегілерге қарап: «сахиб-сахиб!» /мырза-мырза!/ деп айғайлады. Кейбіреулер оларға қаратып суға металл тиын ақша лақтырса, әлгі балалар теңізге сүңгіп, оны қуып барып ұстап алып шығып, лақтырғандарға көрсететін. Оны қызықтағандар қалталарындағы металл ақшаларын лақтырған сайын әлгі қайықтар көбейе түсетін.
Бомбей портынан шыққаннан кейін алтыншы күні Ирактың Басра портына жеттік. Басра портында бізді «National Christian council Committee» -дің Ирактағы қызметкерлерінің бірі қарсы алды. Кемеден түсіп, отарба бекетіне барар кездегі кеден қызметкерлері мен паспорт тексерушілерден өтуімізге көмектесті. Ол бізді отарба бекетіне бастапбарып, Басрадан Бағдатқа қарай жүретін отарбаға отырғызды. Басрада да, отарбадан екі үлкен вагонға «Reserved For Kazakh Refugees» деген белгі жабыстырылып,бізге арналыпты.Біз оған жайластық. Үндістандағы сияқты кең отырып рахат сапар шегеміз деп ойладыұ. Бірақ олай болмады. Отарба жылжи бергенде балдырлаған қалың араб біздің вагонымызға толып алды. Оларға біз ағылшынша сөйлеп: « ...бұл вагондар тек бізге, қазақ босқындарға тиесілі, ақшасы солай төленген» - деп есіктегі қағазды көрсеттік. Арабтың біреуі әлгі қағазды жұлып алып, жыртып, лақтырып жіберді. Балаларды орындарынан тұрғызып жіберіп, өздері отырып алды. Қарсылық көрсетейік деп едік әлгілер зомбылық жасайтындай сыңай байқатты. Ол біздің араб діндестерімізбен тұңғыш кездесуіміз-ді. Басрадан Бағдатқа кетіп бара жатқанда жолда отарбадағы әлгі қалың арабтың бірі, жаңқалтамызды да қағып кетті. Оны біз Бағдатқа барғанда бір-ақ білдік.
Басрадан түнде шыққан едік. Бағдатқа та сәріде барып жеттік. Ауа райы өте ыстық. Отарбадан түстік, тіл білмейміз. Сирия астанасы Шамға (Дамаск) жүретін отарбаға ауысуымыз керек-ті. Басрада бізді қарсы алып, отарбаға отырғызған әлгі «National Christian council Committee» -дың қызметкері қолымызға берген отарба билетімен Бағдатта Шамға баратын отарбаға ауысып мініп, Шамды басып, Түркияның шекарасындағы Нұсайбын деген шағын қалаға жететіндігімізді, сол жерде өздерінің бізбен байланысының үзілетінін, одан әрі Түркияның қолына өтетіндігімізді білдірген болатын.
Бағдатқа барып жеткеннен кейін әлгі Шамды басып Түркияға өтетін отарбаны таба алмай әурелендік. Арабша білмейміз. Ағылшынша сұрағанымызды арабтар ұқпайды. Сөйтіп жүргенде бірнеше ұйғыр-өзбек саудагерлерге кездестік. Олар біз сияқты босқындарды пайдаланып, кеден салығын төлемей Түркияға түрлі сауда-саттық заттар кіргізеді екен. Сонымен әлгі саудагерлер бізге бірер тең жүгін беріп, біз іздеп жүрген отарбаны көрсетті. Өздері де бірге жүрді. Бағдаттан шығып, Сирия астанасы Шамды басып, Түркия шекарасындағы шағын аудан орталығы Нұсайбынге бардық. Ол жерде отарбадан түстік. Басрада және Кәшмірде айтылғанындай, «National Christian council Committee»-дің қарауынан шығып, Түркияның қарауына өттік. 
Ұзақтан аңсап келген Түркиямызға қауышқан едік. Отарбадан түсіргеннен кейін Нұсайбындегі Түркияның ресми қызметкерлері көгалдау бір жерді нұсқап, сонда отырыңдар деді. Сәлден кейін олар: «Сіздерге тамақ әкелдік» деп бір заттар таратты. Қарасақ, түрікше пейнір делінетін, қазақтың баяғы сүзбесі және жуан-жуан қияр, қойдың құмалағы сияқты қара домалақ бірдеме, адам басына бірер нан. Сүзбе мен наннан басқасы бізге таныс дүние емес. Туыстарымыз сыйлап берген соң бәрін қабылдап алдық. Бірақ түріктер салаталық деп те атайтын қияр мен қара домалақ зейтінді жей алмадық. Жемей қайтару ұят болар деп қара домалақ зейтіндерді отырған орнымызға көміп тастадық. ( Кейін ол зейтінді жеуге қатты үйреніп алдық).
Сәлден кейін әлгі ресми қызметкерлер тағы келіп: «Ыстанбұлға бүгін-ертең осы жерден өтетін әдеттегі жолаушы отарбаларынан орын табылмай жатыр. Бұл жерде бірнеше күн күтіп қалатын сияқтысыз» деді. Біз айдалада отарба күтіп отырғымыз келмей, мүмкін болса бізді тезірек Ыстанбұлға жөнелтіңіз деп өтіндік. Әлгілер сол күні кешке таяу бізді жүк таситын бір вагонға отырғызып, Ыстанбұл жаққа жүрген бір отарбаға апарып тіркеді. Сонымен 3-4 күн сол жүк вагонымен сапар шегіп, 29.07.1954-де Ыстанбұл жанындағы Тұзла деген (қазір курорттық жерге айналған) отарба бекетіне жеткізді. Ол жерде отарбадан түсіп, жүк машиналарына міндік. Одан сол Тұзладағы босқындар қонақ үйіне жеттік.
Онда бізді алдымен түгел моншаға кіргізді.Киім-кешек жүгімізді дәріледі. Біз моншадан шыққаннан кейін көрдік.Пәкістан арқылы келген және 1954 жылдың басында Кәшмірден кеткен қазақтың бір бөлімі сол жерде тұрады екен. Басқа бөліктері Ыстанбұлдың ішіндегі Серкежи және Зейтінбұрнындағы, шеттен келген түрік тұқымды босқындарүшін даярланған лагерлерде тұрып жатыр.
Baq.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста