Гималай асқан көш Түркияға қалай келді?
Сонау Еренқабырға тауының бөктерінде дүниеге келіп, ат жалын тартып мінген жастан ел ісіне араласқан Хасан Оралтай 1946 жылы әкесі Қалибек Хакім бастаған көшпен Гоминдан өкіметінен қашып, Гималай асып, Үндістанның Кашмир өлкесін мекендеп, 1954 жылы Түркияға келген еді. 1968 жылдан 1995 жылға дейін «Азаттық» радиосында жұмыс істейді. Халықаралық радиода қызметте жүріп, солақай саясатты әшкерелейтін көптеген бағдарламалар жасады. Хасан Оралтай Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» сыйлығының және Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын самұрық» сыйлығының иегері. Өткен өмірі мен күрес жолы өзінің «Елімай-лап өткен өмір» атты ғұмырнамалық кітабында баяндалған. Ендеше Хасан Оралтайдың өмірінен бір үзік сыр ұсынамыз.
Әкем Қалибек Райымбекұлы Хакімнің Түркияның Салихлы қаласының орталық мазарлығындағы қабыры басындағы құлпытасында ата-тегіміз былай түсіндірілген: Түрік > қазақ > Орта Жүз > Байлау > Керей > Жәнтекей > Сүйінбай > Сәмембет > Есентай > Барқы > Бөгенбай > Қаташ > Шөті > Қожалақ > Райымбек > Қалибек Райымбекұлы Хакім.
Әкемнің құлпытасында, сондай-ақ менің еңбектерімде ерекше көрсетілгеніндей, біз Шығыс Түркістан қазақтарымыз. Яғни байырғы ұлы Түркістан өлкесіндегі түрік тектес. Түрік тілдес туысқан халықтардың біртұтас атамекені Үлкен Түрік елінің шығыс жағындағы. Қазіргі Қытай Халық Республикасы құрамындағы, 1860 жылы Пекинде басталып, 1881 жылы Петербургта жалғасып, 1884 жылы Шәуешек қаласында келісілген, тарихи әдебиетте «Шәуешек Келісімі» деп аталатын, орыс-қытай бөлісуінен бері «Шыңжаң-Xinjiang жаңа өлке» делініп аталып келе жатқан өңірдің тұрғынымыз. Тарихшылардың, әсіресе сол Шығыс Түркістан қазақтарынан шыққан тарихшылардың анықтауынша, ҚХР құрамындағы Шығыс Түркістанның Алтай, Тарбағатай, Іле-Құлжа, Тәңіртауы (Тянь-Шань) өңірі ежелден бері қазақ халқының ата қонысы болғаны даусыз. Біздің бабаларымыз алғашында Алтай жақты мекендеп, кейін 1870 жылдар шамасында Тарбағатайға қоныс аударған. Арғы аталарымыздан (төртінші атамыз) Хаташтың Ертіс өзені бойында өмір сүрген кезінде істеген кей істері «шарапатты кісі екен» делініп аңызға айналдырылған, қариялар әлі де «үлкендер айтушы еді» деп әңгіме қылатын ел арасындағы деректерден саналады. Ал атамыз Райымбек пен әкем Қалибек [Alibeg Hakim] Тарбағатай тауының Майлы-Жайыр, барлық өңірлерінде дүниеге келген. Әкем Қалибек Райымбекұлының құлпытасында жазылғанындай, біз Орта Жүздің Абақ Керейінің Жәнтекей, Барқы Бөгенбай руынан тараймыз. Шешем Ханымша (Hanimsha) Орта Жүздің Найманының Мұрын руынан. Шешемнің шешесі Айшабы, әкемнің әкесі Райымбектің қарындасы. Сол үшін де шешем Ханымшаны ауылдың үлкендері (шешемнің қайнағалары) жиен деп еркелеткен. Шешем де сол еркелікпен кейде қайнағаларының атын тергемей тура атайтын-ды. Шешемнің әкесінің аты Смағұл. «Мұрын Смағұл» деп танылған, Тарбағатайдың тұрғыны. Әкем мен шешемнің біз Түркияға келіп ес жиып орныққан кезде айтуына қарағанда, мен 1933 жылы «Дүңген төңкерісі» кезінде жайлауға шығып бара жатқанда, Майлы-Жайырда дүниеге келіппін (Шет елдерден алған документтерімде туған жылым 1930 деп көрсетілген). Біз бір шешеден сегіз туыс едік. Ігім Біләл (Bilal Hakim) 1989 жылы Германияда қайтыс болып, Түркияда қойылды. Ең кенжеміз Гүлжауһар 1946 жылы ата қоныста шетінеді. Қалғандарының трагедиялы өлімі жөнінде кезегімен алда айтылады. 1935 жылы атамыз Райымбектің ауылы яғни арғы атамыз Қожалақтың алты ұлының бесіншісі Райымбектің үш ұлы Әділбек пен Қалибек, Ілиястар Тарбағатайдан Еренқабырғаға көшеді. Қазір Манас-Сауан аталатын ол кездегі Манас ауданындағы, Манас өзенінің батыс жағындағы Қызылөзенге, оның батыс жақ қабағынажақын, кейін «Қалибектің дөңжайлауы» немесе «Қалибектің дөңжұрты» деп аталған жерге барып қоныстанған. Міне сол дөңжайлау немесе дөңжұрт кейін талай оқиғалардың бастау алған бұлағы, басқарылған орталық пәтері болды.
Дөңжайлаудың батысы Бабахан сайы, оның батыс жағы Меркіт Баймолла-Қалмақтың қыстауы (кейін солардың баласы мұғалім Сәбиттің атымен Сәбитсайы деп аталатын болды). Оның батыс жағында Күжір-Барқы Смайыл молла мен Ителі Бектұр ұстаның қыстауы. Дөңжайлау Тасбұлақтан өтіп, Бөгенбай-Барқы Кітапбай молла мен Жанабілдің жотасынан асып, Қорқыс өзенінің батысына, Майтау, Қарамай жақпен Тарбағатай және Қазақстанға қарай біртұтас Қазақелі болып ұласа береді. Оның шығыс жағы Бұлақбастау,Төсбастау, Жіңішкесай, Қадиша өткен жұрт, Біләл туған жұрт деп аталатын қыраттардан кейін Қызылөзеннің батыс жақ қабағына тіреледі.Ал Қызылөзеннің шығысы қытайша Датаң деп аталады. Жергілікті халық оны Жүніс қажының Саршоқысы немесе Жантас-Барқылардың жайлауы деп атайды. Ол Шишаңның басынан Дазмыяу жайлауына, одан Манас өзенінің алқымына, сонау Үрімжі маңындағы Қаратау, Боғда тауына қарай қалың қазақтың мекені болып жалғасады.
Дөңжайлаудың оңтүстік жағы Меркіт Уәлидің Қайқысайына ұштасып, содан Қызылөзеннің басындағы тауларға қарай өрлей береді. Ал оның солтүстік жағы Райымбек аулының келіндері мен балалары Ортаншы ағаның ауылы деп атайтын. Қожалықтың алты ұлының бірі Райыстың қыстауымен Омарбайдың үйіне, одан Тасшапқанға және Шұбарайғыр Нұрсапаның қыстауына, Есдәулет Байқонақтың Қызылшоқысы мен 1946 жылы аты Төңкеріс Алаңы деп өзгертілген. Қазір қайтадан қытайша Нужаңзы деп аталып отырған елді мекеннен ойға қарай ылдилайды. 1984 жылы арада 37 жыл өткеннен кейін Германиядан сол ата қонысқа тұңғыш рет қайта барғанымда Дөңжайлау немесе Дөңжұрттың, Қалибектің атымен аталмайтындығын, коммунистік зұлым-зомбылықтың қысым-зардабынан халықтың Қалибектің атын атаудан қорқатынын көрдім.
Менің өмірімнің алғашқы он төрт жылы аталған жерлерде өтті. Есбілгеннен бері көргенім – жазда әкем Қалибектің сол Дөңжайлауындағы үйінде, қыста оның оңтүстік жағындағы қыстау үйінде, күн сайын дерлік қонақтар болушы еді. Олар – шығысы Манас өзені, батысы Қорқыс өзені арасындағы елдің атқа мінерлері, ақсақалдары мен молдаларынан және талапты жігіттерінен тұратын. Олардың қонып жатып ұзақ әңгіме өткізетіндері де аз болмайтын. Ол кезде біздің өңірде радио деген мүлдем жоқ-ты. Тіпті оның атын да естімегенбіз. Айда-жылда әкімшілік басындағы үкіметтің үгіт-насихаты жарияланған газет-журнал ел арасына таратылатын. Тұрақты алып оқитын газет-журнал мүлдем табылмайтын. Мен үйдегі қонақтардың әңгімелеріне құнт қойып тыңдаушы едім. Бірақ сол айтылғандардың байыбына барып, толық түсінбейтінім де болатын.Арада жылдар өтіп, Түркияға, Германияға келіп мақалалар мен кітап жаза бастаған кезімде сол айтылғандар есіме түскенде оған таңырқап: «Демек сол ақсақалдар мен ағалар бастан өткізген тәжірбиелерімен біліп айтқан екен ғой» деген кездерім болды.
Мысалы 1941 жылдың басында қыстаудағы үйімізде, кешкі тамақтан кейінгі әңгіме кезінде Найманның Терістаңбалы руынан Мұқаметбай ағай неміс пен орыстың сол кезде ұласып жатқан айқасына меңзеп: «Орыстар жеңіліп Кеңес Одағы деген жауыз күйресе екен. Әлемдегі бар бәленің басы сол ғой...» дегені және 1946 жылы жазда, Дөңжайлаудағы үйде, сол жылы болып өткен Түркістан Тойына сілтеме жасай отырып: «Әй, мына орыс пен қытай отаршылары, біздің Шығыс Түркістан жүмхүриетін ұзақ өмірлі қылмас-ау» деген сөзі, сондай-ақ. Шұбарайғыр Серғазының 1945 жылы жазда елге шабуылдаған қытай әскерлерін тілге тиек ете келіп: «Қазақты ең көп қырғындағандар орыс бәтшағарлар ғой. Енді мына жаман маңқа қытай да құтырды» дегені сияқты әңгімелердің мәнісін кейін ғана түсіндім.
Ол кезде, оқу-ағарту ісінің алға баспағандығы, радио тыңдап газет-журнал оқу мүмкіншілігінің де жоқтығы ескерілетін болса, сол бір қарапайым кісілердің сөздері көз көрген. Құлақ естіген нақтылы өмір шындығынан туындаған дәлдік екендігі аңғарылады. Қытай қол асытндағы Шығыс Түркістан қазақтары жиі қоныстанып және 1950 жылға дейін тұрғындарының көпшілігін қазақтар құрап келген Алтай Тарбағатай, Іле-Құлжа және Баркөл-Құмыл мен Еренқабырға бөктерінде сол елуінші жылдарға дейін оқу-ағарту ісі дамымады. Жоқтың қасы болды. Тарбағатай мен Алтай және Іле-Құлжа жақта 1944 жылы құрылған Шығыс Түркістан жүмхүриетінен кейінгі кезеңде ғана оқу-ағарту сәл қолға алынды. Бастауыш мектептер ашылып, бірнеше гимназиялар да пайда болды. Ал біз тұратын Еренқабырғаның бөктерінде маңдымды мектеп болған емес. Манас пен Қорқыс өзендері арасындағы елде 1940 жылдардың басында қазіргі Нужаңзыда бір бастауыш мектеп ашылған-ды. Алғашында оған Іле жақтың жігіті руы қызай Раушан деген кісі мұғалім болды. Кейін отызыншы жылдардың басында Қазақстан жақтан қашып келген, орыс тілін бәлетін Байбала, одан кейін Абақ Керейдің Көнсадақ руынан Тәкіман молла мұғалім болды. Он екі жасыма дейін мен сол бастауыш мектепте оқыдым. Ал 1945 жылы жазда Қызылөзен өңірінде басталған қарулы көтерілістен кейін ол мектеп жабылып қалды. Ол кезде де сол мектеп салынған Нужаңзының тұрғындарының көбі қытай болатын. Қызылөзен төңкерісі басталған күні көтерісшілердің Тәкіман бастаған тобы Нужаңзыдағы қытайларға шабуылдап, олардың үйін өртегенде, әлгі жалғыз мектеп те өртеніп кеткен. 1945 жылдың көктемінде болған сол қарулы көтерілістен кейін Шығыс Түркістанның Манас-Сауан өңірінде тұрақты тыныштық болмады. «Байтал түгіл бас қайғы» дейтін ылғи аумалы-төкпелі заман болды. Оқу-ағарту ісі былай тұрсын, бас амандығын сақтап, тірі қалудың өзі мұң болатын... Жағдайдың сондай ауыр болуына қарамастан, ылғи қашу үркуде болған ауылымызда әкем мүмкіндігінше бала оқыту ісін ескеретін. Ауыл балалары ел сәл тынышталып, бір жерде бірнеше ай тұрақты отыра қалғанда, алғашында атамнан (Әділбек Райымбекұлы) және Серғазы молдадан, кейін Атамбайұлы Нұрмұхаммет молдадан (Нұрпай Батырдың інісі) оқып жүрдік. Бірақ ондай жағдай ешқашанда екі-үш айдан ұзамайтын. Өйткені тағы үрку, тағы қашу, жан сауғалауға тиіс болатынбыз.
Baq.kz
(жалғасы бар)