22 500 шақырым азапты жол
Тағдырдың талай сұрапыл талқысына түссе де сынбаған, құрыштан құйылған шарболаттай майдангердің бірі – Әнуарбек Сүйіндіков.
Ол соғысқа басынан бастап қатысып, 1942 жылдың 4 маусымында немістерге тұтқынға түскенге дейін ерлігі үшін орден де алып үлгерген. Барлау барысында немістермен шайқасып, Әнуарбек 4-рет жараланады. Ал көзін ашқанда Найхамер соғыс тұтқындары лагерінен бір-ақ шыққанын біледі. Ол Польша, Чехословакия, Германия, Италия концлагерлерінде болады.Ақырында оларды 1945 жылы 29 сәуір күні Италия түрмесінен америкалықтар босатады. Бірақ ол тұтқындармен бірге Италия, Австрия, Венгрия, Румыния, Молдова жерлерін басып өтіп, КСРО-ның батысынан шығысына дейінгі аралықты артқа тастап, Находка мүйісіне келіп жетеді. Одан әрмен Жапон теңізі арқылы, Татар бұғазы мен Охот теңізінен өтіп, Магаданға апарылады. Находкада №5 совхоздың 306-лагерінде, Магаданда кен барлау мекемесінде жұмысшы болады.Екі жыл қан майданда, үш жыл немістің тұтқынында, үш жыл кеңестің лагерінде болған ол Аякөзге, үйіне жеткенше шамамен алғанда 22 500 шақырым азапты жолды артқа тастайды.
Майдангер ит арқасы ит қорлықты көріп жүріп, қойын кітапшасын латын қарпімен күнделік етіп жазады. Бұл күнделікті оның ұлы, «Қазақстан теміржолы» АҚ-та жұмыс істейтін Қанат Сүйіндіков 2010 жылы Нұр Астана газетіне табыс етіпті. Кітапшаның бір шетіне оқ тиіп, қиылған. Сыртында «Южная Австрия. Село ГАФЕНДОРФ, начато 12.7.45» деп орысша жазылған.
Әнуарбек Сүйіндіков күнделігінен бір үзінді:
- Кеше түнде сағат 12.30-да Гафендорф селосынан 106 адам айдаумен жаяу Вена қаласына қарай бет алдық. Арқада жүк, алды-артымыз қарауыл. Қараңғы түн. Жүріп келеміз. Сол жүріспен мол жүріп, таңғы сағат 8.30-ға шейін жүріп, Гунесберг деген селоның қасында, үлкен жолдың сол жағынан орын алып демалдық. Сағат 2-ге дейінұйықтап тұрсам ст. Л-т Аскеров горох, фасоль, макарон, мясо, күріш салып, ауқат жасаған екен.
Капитан Бек, Федор, Аскеров төртеуіміз отырып ауқаттандық. Жақсы тамақтан соң сағат 8.30-ға дейін демалып, сағат 8.45-те тағы жүрдік. Бүгін жүріп келген жеріміз – 30-35 км.
Түнгі сағат 1-ден 8-ге шейін демалдық. Тұрып тағы жүріп келеміз. Баратын жерге 16 км қалды.
Ол 1941 жылы 18 наурызда Семей қаласынан әскер қатарына алынып, табандатқан сегіз жыл «тар жол, тайғақ кешулерді» басынан өткізіпті. Батыс әскери округының 1056-батальонында қызмет еткен Әнуарбек күшейтілген қорғаныс шебін нығайтуға, ДОТ, ДЗОТ сияқты шекаралық бекіністерді салуға белсене қатысады. Немістер шекараны бұзып өткенде, 1941 жылы 22 маусымда бұл қызмет ететін бөлім алғашқы соққыға төтеп береді. Бірақ күші басым жау тықсырып, қоршауға түсетін қауіп туғанда шегінуге мәжбүр болады. 24 маусымда Белосток қаласы маңында немістер тағы қоршауға ала бастайды. Жаумен өліспей беріспейтін қанды шайқаста Әнуарбектің әскерге бірге алынған семейлік жолдастары Рахматуллин, Сәрсенов, Тасболатов, Жұмақанов сияқты жігіттер қыршын кетеді. 25 маусымда Волковыск тас жолында тобығынан жеңіл жараланады, алайда майдан даласын тас-тап кетуге болмайды. Бұлар қоршауда қалған.
Бұл туралы Маршал Жуков «Накануне войны 10-ая армия и ряд других частей Западного округа были расположены в белостокском выступе, выгнутым в сторону противника. 10-ая армия занимала самое невыгодные положение. Такая оперативная конфигурация войск создавала угрозу глубокого охвата и окружения их со стороны Гродно и Бреста путем удара по флангам. Это ошибочное расположение войск, допущенное в 1940 году не было устранено вплоть до самой войны» деп жазған еді. Маусымның 26-сы күні немістер Минскіні алды.
Шегініп, тоз-тозы шыққан батальонның жұрнағы партизандардың көмегімен Рогачев қаласына келіп, құрастырмалы көпір арқылы Днепрден өтеді. Атылған оқ, жарылған снарядтан құлақ тұнатын азапты сәттердің бірінде жағалауға жақын қалғанда, бұлардың дәл жанына бомба түсіп, Әнуарбекті бір-ақ атып жіберген еді. Есін жиғанда жағалауда жатыр екен. Тағы да жараланған. Қоршаудан шығысымен ерекше бөлімнің тексеруінен өткізіліп, ол Гомельдің Новый Велес далалық госпиталіне жіберіледі. Жарасы жазылар-жазылмастан қайтадан сапқа тұрып, 1942 жылы Харьков облысындағы Ахтырка, Белгород түбіндегі Прохоровка, Лески, Старый Оскол, Новый Оскол елді мекендері үшін болған кескілескен ұрыстарға тағы кіреді. Сол шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін иеленеді.
1942 жылы 5 қаңтар күні майдангер үшінші рет жарақат алып, Воронеж қаласындағы госпитальда емделеді. Сол жерде Черниговтағы кіші командирлер даярлайтын қысқа курсқа жіберіліп, кіші лейтенант шенімен оралады. Ал маусым айында кеңес әскерлері Оскол өзені маңынан Воронежге қарай шегінеді. Жаудың беті қатты. Мұздай қаруланған техникалық жағынан қуатты әскер алға екілене ұмтылып тұрған кез. Сондай бір шақта кіші лейтенант Сүйіндіковке жау тылына барлау жасап қайту тапсырылады. Бір топ жауынгермен түнделетіп, жаудың сыртына шығып, қажетті мәліметтерді жиып қайтар кезде, таңға жақын бұлар жау әскерімен бетпе-бет келіп қалады. Үсті-үстіне тың күш қосылған немістер екі жақтан қыспаққа алып, барлаушы топты ормандағы батпаққа әкеліп тығады. Үш күндей аңдысып, ақыры жау көтеріліп шабуылға шығады. Сол күнгі шайқаста, 1942 жылы 4 маусым күні Әнуарбек төртінші рет жараланып, құлап түскен еді. Көзін ашқанда бұйыра сөйлеген неміс офицерінің дауысын естиді. Сөйтіп, Найхамер соғыс тұтқындары лагерінен бір-ақ шығады.
Фашистердің әскери тұтқындарға қандай ит қорлық көрсеткені белгілі. Қасқыр иттермен айнала қоршаған жау солдаттары қансыраған, әлсіреп жұмысқа жарамай қалғандарды атып тастайды. Мезгіл-мезгіл комиссарлар мен еврейлерді тауып алып, оққа байлап жатады. Ерік-жігері мұқалмағандар шыдас берді. Әнуарбек тастүйін қайсарлығынан айныған жоқ. Көңілінде азаттыққа, бостандыққа шығамын деген үміт сәулесі қоса жүрді. Ол Польша, Чехословакия, Германия, Италия концлагерьлерінде болды. Ақырында 1945 жылы 29 сәуір күні АҚШ әскері бұларды Италия түрмесінен босатты.
Бірақ Әнуарбек үшін бостандықтың ауылы алыс еді. Ол депортацияланған тұтқындармен бірге Италия, Австрия, Венгрия, Румыния, Молдавия жерлерін басып өтіп, КСРО-ның батысынан шығысына дейінгі аралықты артқа тастап, Находка мүйісіне жетеді. Одан әрі кемемен Жапон теңізі арқылы, Татар бұғазы мен Охот теңізінен өтіп, Магаданға апарылады. Находкада №5 совхоздың 306-ншы лагерінде, Магаданда кен барлау мекемесінде жұмысшы болады. Екі жыл қан майданда, үш жыл немістің тұтқынында, үш жыл кеңестің лагерінде болған ол Аякөзге, үйіне жеткенше шамамен алғанда 22 500 шақырым азапты жолды артқа тастаған екен.
Қайтпас қайсарлықтың белгісіндей, майдангер ит арқасы қиянда ит қорлықты көріп жүріп қойын кітапшасына латын қаріпімен күнделік жазыпты. Түрме жағдайында оны көзінің қарашығындай сақтап, тексерушілерге байқатпай толтырып отырған. Оны бізге Әнуарбектің ұлы, «Қазақстан Теміржолы» АҚ- нда қызмет істейтін Қанат Сүйіндіков табыс етті.
«Соғыстың сұрапыл дауылында аспанда найзағай шатынап, жасын ойнатып, ысқырығымен-ақ үрей тудыратын минометтердің дауысына да, жан-жағыңнан зуылдап ұшқан автомат пен пулемет оқтарына да етіміз үйреніп, ашығып, сақылдаған аязда «қар төсеніп, мұз жастанған» күндерді бастан өткіздік» деп жазыпты Әнуарбек «Өмір көшіне еріп аралаған жерлер» деп ат қойып, айдар таққан түрме кітапшасына.
– Мені шетте жүрген әке өмірінің жұмбақ сәттері өзінің тылсымына тарта берді. Біздер оқысын деп күнделік жазып, көрегендік жасағаны менің де бойыма қайрат берді. Сөйтіп, алдымен лупамен оқыдым, кейін сканерге түсіріп, компьютермен жазуларын үлкейтіп оқи бастадым. Оқыған сайын сол кезде сүрген өмір-тұрмысымен танысып, қасындағы жолдастарымен араласып, бірге жүргендей болдым. Әрбір жазылған екі ауыз сөздің артында елге деген ерекше сағыныш тұрады. Ол сағыныш –жабыққан жалғыздың сағынышы, – дейді Қанат Әнуарбекұлы.
– Бұл қиын-қыстау кезеңде, қыспақта, тар қапаста отырып жазылғандықтан күнделіктегі кейбір мәліметтер емеурінмен, ишарамен білдіреді. Жасырын жазылған жазба болғандықтан да, қысқа сөйлем, үзік-үзік ойлар мен емеурін білдіре жазылған сөздер бар. Өз басын бәйгеге тігіп жазған мәтінді (текст) сол күйінде ұсынып отырмын. Мәселен: «карта» деген жазба бар. Оның мағынасы: туз, король – жоқ – ел , мемлекет жоқ дегені, «36 картадан 28 карта қалды, ешбір көзір жоқ» дегені – «еркіміз жоқ, тұтқындамыз» дегенді білдіреді. Мұндай емеурін әр мәтінде бар. Менің ойымша күнделіктің құндылығы да сонда. Оның бәрінде түсініп болу мүмкін емес. Сондықтанда бұл мәселені дұрыс қабылдауларыңызды сұраймын, - дейді 22 500 азапты жолды артқа тастаған ҰОС ардагерінің баласы.
Нұр Астана газеті, 2010 жыл, 8 сәуір