ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Масс-медиа туралы» заң жобасын жария талқылауға берді. Жаңа заң жобасы қоғамда, оның ішінде белгілі қоғам қайраткерлері, ақпарат саласында ұзақ жыл жұмыс істеп келе жатқан журналистер, бас редакторлар тарапынан қызу талқыға түсіп жатыр. БАҚ өкілдері Алматы мен Астана қалаларында арнайы баспасөз жиындарын да өткізіп, өздерінің ұсыныстарын білдіріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың сөзінше, жаңа заң жобасында жақсы өзгерістер де бар. Жақсы өзгерістердің қатарына балаларға қатысты интернет-ресурстардағы кибербуллинг фактілерін реттеу туралы бапты қосқан.
Сонымен қатар, «Масс-медиа туралы» заң жобасының тұжырымдамасында: «негізгі реформалар журналистердің құқықтық мәртебесін арттыруға және олар үшін құқықтық кепілдіктерді күшейтуге бағытталатын болады» делінген.
Алайда мамандар заң жобасының өзінде құқықтық кепілдіктер әлсірей түскен деп санайды. Жаңа заң жобасында «сөз бостандығы» ұғымы тек 2 рет, ал «бақылау» сөзі 14 рет айтылады. Журналистер редакцияның тапсырмаларын ерекше жағдайларда орындау барысында лауазымды тұлғалардың нұсқауларын сақтауға және ақпараттық хабарламаларды БАҚ-та жарияламас бұрын оларға көрсетіп, тексертуге міндеттелді. Бұл Конституция мен заң жобасының өзі жариялаған цензураға тыйым салу нормасын бұзу болып саналады.
Бұдан бөлек, бұл әдіс БАҚ жұмысының объективтілікті қамтамасыз ету деген негізгі қағидасын бұзады, өйткені ақпарат келісілгеннен кейін биліктік ұстанымға ие болады. Сарапшының пікірінше, журналистердің құқықтарын қорғауға ерекше назар аудару қажет.
Қазіргі заңнамада журналистерді қорғайтын бір ғана бап бар, ол – ҚР Қылмыстық кодексінің 158-бабы «Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау». Осы баппен сот тек бір рет, 2005 жылы ғана өткен. Сондай-ақ соңғы алты айда журналистерге жасалған зұлымдықтың 17 фактісі болды, соның ішінде мүлікті тонау, DDoS шабуылдары және тағы басқалары бар. Басқаша айтқанда қазіргі заңдарда жаңа өзгерістер реттелмеген.
«Журналистердің өміріне қауіп төндіруге тағайындалатын жазаны бөлек бап арқылы күшейту қажет. Қатаң жазасы бар жаңа бап енгізілуі керек: «Журналистке немесе оның жақындарына зорлық-зомбылық көрсетумен, мүлкін бүлдіріп, оны жоюмен байланысты іс-әрекеттер зорлық-зомбылық көрсетумен, өміріне қауіп төндірумен бірдей саналады. Әрі мұндай қылмысқа барғандар 5 жылға дейін мәжбүрлі жұмыстар істеу немесе 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын өтейді», - деп ұсынды KazTAG халықаралық ақпараттық агенттігінің басшысы Әсет Матаев.
Ұсыныстарды «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры мен Қазақстан Журналистер Одағы да қолдап отыр. Бұдан басқа, тиісті заңнамалық актілерге мынадай нормаларды енгізу ұсынылады:
- полицияның сот ордерінсіз редакциялық орындарды тінтуге немесе журналистік материалдарды алып қоюға құқығы жоқ;
- сот ауыр қылмысты тергеу кезінде немесе қылмыс жасады деп айыпталған адамды қорғау үшін абсолютті қажеттілік болған жағдайда, сондай-ақ дәлел бола алатын ұқсас, құнды материалдарды өзге жолмен алу мүмкін болмаса ғана журналистік материалдарды тінту немесе алып қоюға ордер бере алады.
«Масс-медиа туралы» заң жобасындағы «Журналистің құқықтары мен міндеттері» бөлімін мынадай тармақпен толықтыру ұсынылды.
«Журналист автор екенін жасыруға және ақпарат дереккөздерін жасыруға құқылы. Дегенмен бұл деректер ауыр қылмысты тексеру кезінде немесе қылмыстық сот ісін жүргізу барысында адамды қорғау үшін қажет болса, аталған құпиялар соттың талабымен жарияланады», - дейді мамандар.
Сондай-ақ журналистік тергеу жүргізу кезінде журналист қоғамның мүддесі үшін адал жұмыс істегенін сот тәртібімен дәлелдеген болса, оны жауапкершіліктен босатуды заң жүзінде бекіту қажет.
«Жалпы журналистерге қарсы қылмыстардың алдын алу, оларды қорғау, сондай-ақ жазадан құтылу мәселелерін шешу үшін кешенді жұмыс қажет. Ақпарат министрлігінің қолдауымен «Журналистердің қауіпсіздігі туралы ұлттық жоспар» әзірлеп, қолданысқа қосу қажет», - деді мамандар.
Спикердің пікірінше, «Ұлттық жоспардың» көмегімен жұмыс істеу процесі басқа да құқықтық және ведомствоішілік актілерді жетілдіру бойынша жұмысты үйлестіруге болады. Мұндай құжаттар әлемнің көптеген елдерінде әзірленіп, пайдаланылып жатқаны атап өтілді.
Сонымен қатар ұсынылған заң жобасы Интернет пен әлеуметтік желілердің, мессенджерлердің өмірге жаппай енуінің арқасында пайда болған жаңа шындықты ескермейтініне мән берілді.
Жаңа заң жобасында БАҚ редакцияларына ғана қатысты шектеулер бар. Негізінде заң жобасы халықты түбегейлі қамтуы тиіс. Себебі қазір әлеуметтік желілердегі сөз бостандығы көбінесе «зиян келтірме» шекарасынан өтіп кетіп жатыр. Ал заң «Сөз бостандығының кепілдігі» деп аталуы тиіс еді, дейді мамандар.
«Әлеуметтік медианың қарқынды дамуы блогерлер немесе азаматтық журналистер деп ат қойып алған үлкен массаның пайда болуына түрткі болды, олардың аккаунттары әлеуметтік маңызды тақырыптарды қалай көтереді, көбінесе жалған немесе зиян келтіретін, заңсыз мәліметтерді шығарады және таратады. Мысалы олардың қатарына жүздеген, мыңдаған қазақстандық зардап шеккен қаржы пирамидаларының пропагандасы кірген», - деді Ә.Матаев.