Маусымның 28-і биыл тұңғыш рет байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің күні деген атаумен тойланды. Атауы ғана өзгерген, ауызекі тілде баяғыдан журналистер күні делінетін кәсіби мерекені «Алаш айнасы» газетінің ұжымы да арқа-жарқа атап өтті.
«Алаш айнасы» газетінің ұжымы тау бөктерінде орналасқан «Сарбаз» мейрамханалық кешенінде дүркіреген кеште бас қосты. Журналистер қауымы әріптестеріне жүректен шыққан жылы лебіздерін білдіріп, өнерлерін көрсетті. Күнделікті газеттің күйбең тірлігінен бір сәтке еркінсіген «алаштықтар» таудың салқын суына шомылып, күнге қыздырынды. Бұл күні ән айтылып, би биленді. «Алаш айнасы» ұжымының «көзірі» болған ұжымдық «Қаражорға» биіне мейрамханаға келген өзге де қонақтар таң-тамаша қалып, қол соғып жатты. Тау самалы есіп, суы сылдыраған демалыс орнында мерекелік кештен бөлек жаңа отау тіккен жастардың қуанышына да куә болдық. Жас жұбайлар некелесу салтанатының журналистер күнімен сәйкес келгенін айрықша қуанышқа балап жатты.
Әнуар Әріпжан, күйеу жігіт:
– Сіздерді баспасөз қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыстар тілеймін. Журналистер қауымын әрқашан жүрегі елім деп соғатын, әділет үшін күресетін жанашыр жандар деп есептеймін. Біз журналистердің ең алдымен мемлекет мүддесі үшін еңбек етіп, қызмет қылуын қадірлейміз.
Мөлдір Солтыбаева, қалыңдық:
– Бүгінгі қуанышымызға журналистер ортақтасып жатқаны – біз үшін бақыт. Мерекелеріңіз құтты болсын. «Сарбаз» кешені де қаламыздағы ең ғажап көңіл көтеру орындарының бірі ғой. Табиғатқа көз тоймайды. Мейрамхана тағамдары да өте дәмді, тіл үйіреді. Оның үстіне, сіздермен бір шаңырақ астында думандатып жатқанымыз үшін қатты қуаныштымын.
Заура Байжұманова, «Сарбаз» кешенінің қызметкері:
– Кешеннің ашылғанына төрт жыл болды. Көп уақыт болмаса да көпке танылып, елдің алғысына бөленіп жүрміз. Келген қонақтарымызды біздің мейрамханадан бөлек көптеген тосынсыйлар күтеді. Саябақтар, балаларға арналған ойын алаңдары мен субұрқақтар, қонақүй мен шығыс стиліндегі шайханалар мен тағы басқалар. Тіптен суға шомылып, балық аулауға да болады. Әрине, бүгінгі журналистердің кәсіби мерекесін біздің кешенде тойлап жатқан «Алаш айнасы» газетінің ұжымына мың алғыс білдіріп, қуаныштарыңызға ортақтасамыз. Газеттеріңізді үзбей оқып отырамыз, сіздерге осы бағыттан таймай, қанаттарыңыз талмай биіктерден көріне беріңіздер дегіміз келеді.