Қазіргі уақытта аутстафферлердің әлеуметтік пакеттері жоқ, сондықтан өндірістегі жарақат немесе өлім үшін ешқандай төлем қарастырылмаған
Парламент мәжілісінің депутаттары қарыздық еңбекті реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс енгізу туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленген болатын. Негізгі мақсат &ndash қарыздық еңбекті реттеу. Себебі бүгінде аутстаффинг негізінде адамдарды жұмысқа алу жағдайлары көбейген. Ал ондай қарыздық еңбек шартында көп жағдайда әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер көрсетілмейді. Өйткені жұмыс беруші тікелей емес, заңды тұлғалар арқылы жұмысшыларды жалдап отырады.
"Қазақстанда жұмыс берушілер 2000 жылдан бері қарыздық еңбекті пайдаланып келеді. Алайда әлі күнге дейін осы сала құқықтық жағынан реттелмеген. Соның салдарынан қарыздық жұмысшылар штатта жүрген қызметкерлермен бірдей жұмыс атқарса да, әлдеқайда төмен жалақы алады. Аутстафферлерді, көбінесе, қауіпті және денсаулыққа зиянды өндірістерге тартады. Бірақ олар салалық келісімдермен қорғалмаған. Содан зиянды еңбек жағдайы үшін ақша төлемеуге де болады", - дейді депутат Қанат Мусин.   
Оның айтуынша, аутстафферлердің әлеуметтік пакеттері де жоқ. Сондықтан өндірістегі жарақат немесе өлім үшін ешқандай төлем қарастырылмаған. Ал жаңа заң жобасында осы санаттағы жұмысшылардың құқықтарын барынша қорғау мәселелері жазылған. Сондай-ақ, қарыздық жұмысшының жалақысын штаттағы қызметкердің негізгі еңбекақысымен теңестіру ұсынылып отыр. Сыйақы жағы да ескерілген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасовтың сөзіне қарағанда, заң жобасы бойынша қарыздық еңбек тек төрт түрлі жұмыста қолданылады. Тұрақты көтермелеу төлемдері негізгі жалақының ішіне кіреді.  
"Ал тұрақты емес төлемдер жалақының 25 процентінен аспауы керек. Ол - мерекелік сыйақылар. Тәжірибеге сәйкес, әрбір жұмыс беруші осы сыйақыны төлеп отырады. Бұның барлығын мемлекеттік еңбек инспекциясы бақылайды. Заң жобасы қабылданғаннан кейін біз министрдің бақылауды реттейтін бұйрығына өзгерістер енгіземіз", - деп атап көрсетті Сарбасов.