Жүкті екенін білмеген әйел арқасының ауырғанына шағымданып, аяқ асты босанып қалды
Американың Бостон қаласында тұратын әйел өзінің жүкті екенін білмей, аяқ астынан босанып қалды. Ол арқасы ауырып, ауруханаға түскен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 7 News басылымына сілтеме жасап.
Кайла Фустаманте мейрамханада ауысым кезінде арқасының ауырғанын сезген. Ол жұмыстың арасында ауырудың себебін ғаламтордан іздеген. Өзін нашар сезінуіне бүйректегі тас себеп болуы мүмкін екенін білген.
Жұмысы аяқталған соң, әйел ауыруды басатын дәрі ішіп, жатпақ болады. Алайда құрбысы ауруханаға баруға көндіреді.
Бос палата болмағандықтан, Фустамантені дәлізге жатқызған. Алғашқыда дәрігерлер аналық безінің кистасы жарылып кетті деп ойлаған. УДЗ-ға түсіріп, әйелді қайта дәлізге жіберген.
"Сіз жүктіліктің 38-ші аптасындасыз, бүгін босанасыз", - деп мәлімдеді дәрігер.
Фустаманте бұл жаңалыққа қатты таңырқағанын, тіпті аузы байланып қалғанын жеткізді. Ол туыстарына хабарласып, жаңалықты хабарлады. Әкесі қызын қолдап, ештеңеге қарамастан, жанында болатынын айтты.
Ақырында ол қыз баланы өмірге әкелді. Фустаманте жүктілік кезінде достарымен барларға жиі барғанын, дұрыс тамақтанбағанын мойындады. Ол нәрестенің денсаулығы үшін алаңдады. Алайда қыздың дені сау болып дүниеге келді.
Әйелдің етеккір циклі бұрында да бұзылғандықтан, ол өзін екіқабатпын деп ойламаған. Ал артық салмағын көмірсуға бай рационымен байланыстырыпты.