Жемқорлықтың салдарымен емес, себебімен күресу керек
Кешегі Сенат отырысында Жоғары палата өкілдері шапшаң заң қабылдаудың ерекше үлгісін көрсетті. Күн тәртібі бойынша 18 құжатты қараған Сенат, оның бірсыпырасын Мәжіліске кері қайтарды, енді біразын екі оқылымда талқылап, қабылдады. Қабылданған құжаттың басым бөлігі елдегі құқық пен сот жүйесінің реформаларына қатысты болса, енді бір парасы Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі жүктеген тапсырмасын орындауға бағытталып отыр.
Әуелі сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңнан бастайық. Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің пәрменділігін арттыруға бағытталған заңды қабылдау негізінен еліміздің өзіне алған халықаралық міндетті орындауынан туындайды. Өйткені Қазақстан 2008 жылы БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына қосылған. Оған сәйкес, әрбір мемлекет мүдделер қарама-қайшылығының алдын алуы шарт. Бұл үшін лауазымды тұлғаларға, яғни қандай да бір шенеунікке қызметтен босатылғанынан кейін заңды шектеулер қарастырылады. Халықаралық конвенцияның мақсаты – бағытын көрсету ғана. Қалғаны біздің ұлттық заңнамамызда көрініс тапқан. Әйтсе де конвенцияны алға тартып, Елбасы тапсырмасын бағдарға алған Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік «мүдделер қақтығысын болғызбауға» барын салып баққанға ұқсайды. Мәселен, мемлекеттік қызметші қызметтен босатылғаннан кейін бір жыл ішінде бұрын өзінің міндеттерін атқару барысында тікелей бақылауында болған немесе құзыретіне сәйкес тікелей байланысты болған коммерциялық ұйымдарға ауысуына тыйым салу қарастырылады. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл – егер сіз Көлік министрлігінде қызметте істесеңіз, қызметтен босаған соң, көлік саласындағы компанияға жұмысқа тұра алмайсыз деген сөз, бір жыл бойы. Сондай-ақ мұндай шектеулерді мемлекеттік ұйымдарда және мемлекеттік үлесі бар ұйымдарда басқару функцияларын орындайтын адамдарға да қолдану қамтылып отыр. Негізгі жаңалық – осы.
«Командашылдыққа» тосқауыл
Дегенмен қоғам арасына сыналап енген «індетпен» күреске келгенде, сенаторларға бұл шараның салмағы аздау көрінген тәрізді. Бұдан бұрын Мәжілістегі талқыда Төменгі палата депутаттары «командалық жемқорлық» деген құбылысқа қатты шүйліккен еді. «Бармақ басты, көз қысты» дертінің мұндай түрінен сенаторлар да айналып өте алмады. «Министрлікте, облыста басшы ауысса, әкімшілік қызметкерлері де бірге «қотарылады». Ал заң бойынша, оларға басшылық өзгерісі еш әсер етпеуі керек. Бұл – нағыз жемқорлық көрінісі. Алайда Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік бұған қатысты пікірін білдірмей келеді ғой», – дейді сенатор Болат Жылқышиев аталған агенттік төрағасының орынбасары Әли Көмекбаевқа қаратып тастаған сауалында. Расында, сенатордың көтерген «құбылысы» қанға сіңгелі қашан! Саяси басшы ауысса, әкімшілік қызметкер өзі-ақ кетеді. Бірі бұрынғы басшының «шашбауымен» кетсе, енді бірі лажсыз «орын суытады». Қоғам арасында дәстүрге айналған осы құбылысқа агенттік енді ғана көңіл бөліп жатқанға ұқсайды. Сөйте тұра, «әлгіндей қызметтен кетуге мәжбүр болғандар арыз жазса, оларды қорғауға әзірміз» дегеннен аспады агенттік өкілі.
Десе де, халықаралық конвенцияға сүйеніп заң қабылдаған сенаторлар сол халықаралық тәжірибеге де көбірек көңіл аудару қажеттігін алға тартады. Оның ішінде де жаңағы «командалық жемқорлықты» жоюға қатысты тәуір тәжірибелер тарта берсе жеткілікті екен. Мәселен, сенатор Әділ Ахметов Ұлыбританияның мемлекеттік қызмет туралы үрдісін Қазақстанға енгізсе деген тілегін білдірді. «Британия парламентінің жоғарғы палатасындағы лорд сэр Джон Кэр дейтін азамат сол елдің сыртқы істер министрінің орынбасары болып 17 жыл жұмыс істеді. Оны ешкім тағайындаған жоқ, бұл заң жүзінде бекітілген. Өйткені министрлер – саяси фигуралар, келіп-кетеді, бірақ мұндай министрдің тұрақты орынбасарына ешкім тиісе алмайды. Бірізділік бар, ал біздің тәжірибемізге салсақ, басқасын айтпағанда, орталық билік арасында жөңкіліп жатқан кейбір хат-хабарды жаңа орныққан «командаластардың» бірі де біле бермейді», – деген сенатор осындай игі үрдісті сіңіру қажеттігін айтты.
Жемқорлық сенаторлардың да қабырғасына батты
Ал сенатор Қуаныш Айтаханов жемқорлық «індетімен» күресте оның салдарымен емес, себебіне үңілу қажеттігіне назар аударады. «Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысында былтыр мектептердегі бухгалтерияны жауып, оны орталықтандырып еді, – дейді депутат мысалды алға тартып. – Сыбайлас жемқорлық саны еселеп азайды. Ал қызметкерлерді «командалық» қағидат бойынша іріктеу – мемлекеттік қызметкердің «өз болашағына өзі сенбеу синдромын» тудырады. Оның бойында өзін уақытша қызметкер ретінде сезіну түйсігі қалыптасады. Бұл оны сыбайластыққа итермелейді». Мемлекеттік қызметтегі жемқорлыққа қарсы тағы бір тәжірибе Қытайдан шықты. Депутат Серік Ақылбай Қытайдың үлгісіне көз жүгіртеді. «Сыбайластықты жою үшін ең алдымен мемлекеттік қызметкердің мәртебесін арттыру керек. Біріншіден, олар «командалық жемқорлыққа» жұтылып кетпей, тұрақты болуы шарт. Уақытша келген адам «істеген жерден тістеп қалу» психологиясына шалдығады. Екіншіден, бізде қызметінен ауысқан адам ештеңе жоғалтпайды. Бір орыннан кетсе, басқаға барады. Қытай тәжірибесіне салсақ, мемлекеттік қызметте адал еңбек сіңіргендер «кіршіксіз» жұмысымен зейнетке шықса, сол кездегі жалақысы сақталады әрі одан кейін бұрынғы баспанасы бірден жекешеленеді», – дейді С.Ақылбай мырза. Оның айтуынша, қытайлық қызметкер мемлекет алдындағы адал жұмысы үшін келешекте иеленетін дүниесін де, «абайсыз» әрекетке барса, жоғалтатын дүниесін де біледі. «Ал біздің қызметкерлер ештеңеден айырылмайды, сондықтан жұмысында «құн» да жоқ», – деді ол.
Әрине, әлемнің озық үлгілері мұнымен бітпесі анық. Тіпті кешегі «бір шекпеннен шыққан» Грузияны мысалға тартқандар да болды. Алайда ондай тәжірибені жүргізу енді басқа заңға қатысты болатыны анық.
Дегенмен соқпай кетуге болмас тағы бір мәселе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жарияланғалы біршама уақыт өткен секілді. Осы үрдіс барысында керемет заңдар қабылданды. Сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін жазалар да қатайтылды. Алайда сең қозғалып, мұз жібігенін қоғам соншалықты сезініп отырған жоқ. Баз біреулер үшін «баяғы жартас – бір жартас». Қазір қарапайым жұрттың өзі «бармақ басты, көз қысты» құбылысында ауға түскендерден «кімнің шортан, кімнің шабақ» екендігін айырып бере алатын дәрежеде. Ендеше қоғам көптеген пікірді емес, күрделі өзгерістерді күтуде. Бұл тұрғыдан кеше қабылданған заң да соның бір қадамы болса игі.
Мансұр ХАМИТ (фото)
Шетелдік БАҚ қызметін реттеу қолға алынады...
Парламент екі оқылымда талқылап, қабылдаған, қоғам үшін маңызы зор және бір заң елдегі байланыс мәселелеріне қатысты болып отыр. Құжатқа Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған. Мұндағы басты ескерілген мәселе, депутаттар Қазақстандағы телерадио бағдарламаларын таратудың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, ондай олқылықты заң шеңберінде жүзеге асыруға ұмтылып отыр. «Қазір «Хабар» мен «Қазақстан» арналары ғана халықтың 95 пайызын қамтиды. Халықтың басым бөлігі шетелдік хабарларды қабылдайтын жерсеріктік жүйелерге ұмтылып отыр. Бұл ретте шетелдік 452 телерадио арналары 152 кабельдік және алты жерсеріктік операторды пайдаланып, жұрт арасында өз саясатын насихаттап келеді. Соның салдарынан еліміздің солтүстігі – ресейлік, оңтүстігі – өзбек, батысы – түрікмен, шығысы қытай телеарналарын көруге мәжбүр. Сондықтан бұл заң ел халқының телеарналардың ұқсас форматында тегін сапалы теледабылды алу бойынша конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге және отандық ақпараттық кеңістікті қорғауға ықпал етеді», – дейді Сенат алдында баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Майра Айсина. Әйтсе де депутаттар ұсынған заң ақпараттық кеңістікті қорғау мәселесін толық шеше алмасы айқын. Тіпті бұл шетелдің «ақпараттық басқыншылығының» бетін қайтармақ түгіл, оған қарсы әсер ете алмасы анық. Мұны байланыс және ақпарат министрінің өзі де мойындайтын тәрізді. «Қазақстанның ұлттық ақпараттық кеңістігі туралы айтатын болсақ, онда біздің отандық телеарналарымыздың саны ондай кеңістікті қалыптастыру үшін мүлдем жеткіліксіз, бар-жоғы – 52 ғана. Ал керісінше, шетелдік арналар саны 220-дан асып түседі. Бұдан бөлек шалғайдағы ауылдар қазіргі таңда хабар-ошарды негізінен отандық БАҚ-тан емес, шекара маңы мемлекеттерінен алып отыр. Шындығын айту керек, ондай түкпірдегі ауыл азаматтары бүгінгі мемлекеттің тыныс-тіршілігінен, ұстанған бағытынан, стратегиялық дамуынан мүлдем бейхабар», – деді А.Жұмағалиев. Ал жаңағы мәжілісмендер бастама жасаған заң сондай олқылықтың орнын жоюға бағытталады. Бірақ әлгіндей сырттан ағылған ақпараттық «нөпірді» ауыздықтауды бұл заң да шешпейтіні анық. Есесіне Байланыс және ақпарат министрлігі шетелдік БАҚ қызметін реттеуді қолға алып жатқанын алға тартады. «Біз жақында «Телерадиохабар тарату туралы» заң жобасын Парламентке ұсынбақшымыз. Онда елімізде таралатын шетелдік һәм отандық БАҚ қызметі реттелетін болады. Жалпы айтсақ, қазіргі таңда қазақстандық БАҚ-қа қатысты олардың қызметі заң шеңберінде толық қамтылып отырса, шетелдіктер үшін ешқандай ереже де, тәртіп те жоқ. Осыны ескеретін боламыз», – деді министр. Баяғыдан ескерілетін дүниенің енді шынымен қолға алынатынына депутаттар да дән ризалық білдірді. Әйтсе де жас министрліктің жаңа басшысына жиынға жетекшілік етіп отырған Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бәр нәрсені есте сақтауды ескертті. «Жалғыз тілек. Министрлік жас қой, дегенмен біз әлгі хабарлардың «контентімен», яғни мазмұнымен көбірек жұмыс істегеніміз ләзім. Жасыратыны жоқ, көпшілік көрермен ресейлік телеарнаға ауысып жатады. Ал біздікілер көп жағдайда «көшіргенге» әуес. «Көшіріндінің» қашанда түпнұсқадан әлдеқайд-а-а нашар болатынын ескеру керек», – деді Қ.Тоқаев.