Жемқорлық қайырымдылыққа дейін жеткен бе?
Қазақстан баспасөз клубында «Қазақстандағы қайырымдылық» IV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысына өтініштер қабылдаудың басталуына арналған баспасөз мәжілісі болып өтті.
Мемлекеттің едәуір қолдауына қарамастан, әлеуметтік мәселелердің басым бөлігі жалпы қайырымдылық мәдениетінің деңгейі жоғары болғанда ғана шешімін таба алады. Еліміздің әлеуметтік әл-ауқатының жақсаруына бизнес те өз үлесін қосуда. Ұжымдық әлеуметтік жауапкершілік дегеніміз не және қазақстандық бизнес қайырымдылық шараларына қаншалықты қызығушылық танытуда? Осы және басқа да сауалдар баспасөз мәжілісі барысында талқыланады. Айта кетейік, алда өтетін конференцияны «Бауыржан» қайырымдылық қоры және «Алтын қыран» халықаралық қоры ұйымдастырып отыр.
Жұлдыз ОМАРБЕКОВА, «Бауыржан» қайырымдылық қорының президенті:
– Қазір біздің кәсіпкерлер неге қайырымдылық шараларымен айналыспайды? Біз бұл туралы әлеуметтік сауалнама жүргізгенімізде көбі құпия түрде көмек беретіндерін айтуда. Мұны құпия ұстайтындай соншалықты мемлекеттік құпия ма? Оның үстіне, бүгінде барлық облыстық және қалалық әкімдіктердің ішінде түрлі қайырымдылық қорлары бар. Бірақ олардың миссиясы біреу-ақ, тек – қайырымдылық үшін кәсіпкерлерден ақша жинау. Олар әр компанияға кемінде 1 миллион теңге беруге үгіттейді. Оны сол аймақтың дамуы үшін жұмсайтындықтарын тілге тиек етеді. Дегенмен біз бұл қаражаттың қайда кеткенін білгіміз келеді. Өкінішке қарай, жергілікті әкімдіктер бізге есеп бермейді. Менің ойымша, сыбайлас жемқорлық қайырымдылық шарасын өткізуге дейін жеткен. Сонымен қатар бізде көптеген ірі ұлттық компаниялар бар. Өткенде бір кәсіпорынға барып демеушілік көрсетуін өтінгенімізде, олар «біздің қайырымдылық шарасын өткізуге арналған ұжымдық стратегиямыз жоқ, сондықтан сіздерге демеуші бола алмаймыз» дейді. Енді осындай ірі ұлттық компаниялардың қайырымдылыққа арналған стратегиялы жоспарлары жоқ болса, онда басқалары туралы не айтуға болады? Сондықтан халықаралық стандарт бойынша, әр компанияның қайырымдылық шарасына қатысты жоспарлы стратегиясы болуы қажет.