Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев банкроттық туралы өтініштердің 3 наурыздан бастап қабылданатынын мәлімдеді. Жеке азаматтардың банкроттығы 3 түрлі рәсім бойынша танылады. Azattyq Ruhy тілшісі мұндай өзгеріс азаматтардың экономикалық жағдайына және қаржы ұйымдарының жұмысына қалай ықпал етенінін экономист Мақсат Халықтан сұрап білді.
2022 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойылды. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды.
Заң жобасын әзірлеу барысында жеке тұлғалардың банкроттығы институты қалыптасқан елдердің тәжірибесі сараланып, тиісті нормалар алынды. Осылайша рәсімдердің 3 түрі енгізілді.
Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.
Нақты келесі шарттар сақталуы қажет:
1) борыш 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспайды;
2) кредит 12 ай бойы өтелмеген болса;
3) меншігінде тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмаған жағдайда;
4) банкпен реттеу жүргізілгеннен кейін.
Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 6 ай ішінде және берешегі 5 жылдан артық өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар көзделген.
Соттан тыс банкроттық «электрондық үкімет» порталында басталады.
Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің критерийлерге сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізілетін болады.
Екінші рәсім – сот банкроттығы.
Сот банкроттығының мақсаты банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру болып табылады.
Бұл рәсімді қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына жұмыс істеп тұрған әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері мен аудиторлар кіреді.
Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, онда сот арқылы борышты бөліп-бөліп төлеу (5 жылға дейін) мүмкіндігі көзделеді.
Оның артықшылығы – азамат «банкрот» деп саналмайды.
Демек, банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.
Айта кетерлігі, мұндай рәсімдерге борышкердің өзі ғана бастамашы бола алады.
Белгілі экономист, GSB UIB директорының орынбасары Мақсат Халық бұл заңның әсіресе қара халыққа тиімді тұсы көп дегенді алға тартты.
«Бұл орайда көп дүние түзеледі. Қазіргі уақытта ушығып тұрған жағдай – бізде бұған дейін жеке тұлғалардың құқығын қорғайтын арнайы банкроттық туралы заң болмағандықтан қиын жағдайға тап болған азаматтар өте көп. Әрине, несиені әдейі төлемей жүргендердің де саны бар. Бірақ оларға қарағанда тағдырдың тәлкегіне түсіп, табысынан айырылған немесе асыраушысынан айырылып қалған адамдар көбірек. Міне, сондай жандар үшін бұл заң үлкен көмек болатыны сөзсіз», - дейді ол.
Айта кетерлігі, азамат өзін банкрот деп жариялаудан бұрын ықтимал салдары мен шектеулер туралы ойлануы қажет. Себебі банкрот деп танылған тұлғаларға 5 жылға несиелер мен кредиттер алуға шектеу қойылады; азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады; банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделеді.
«5 жыл жеткілікті мерзім деген ойдамын. Әлемдік тәжірибеде көбіне сол 5 жыл қарастырылады. Шектеу мерзімін 10 жылға дейін созатын мемлекеттер де бар. Бірақ бастапқы ретінде осы мерзімді қарап көру керек. Әрине алдағы уақытта заңның да кем-кетігі болуы мүмкін. Сондықтан да оны орындалу барысында көреміз. Сол себепті өзгертулер мен толықтырулар да енгізілуі мүмкін. Десе де бұл заңның біздің елде пайда болуының өзі жетістік деп ойлаймын. Себебі кез келген зайырлы қоғамда мұндай заңның болуы маңызды», - дейді сарапшы.
Сондай-ақ, оның пікірінше елімізде банкроттыққа өтініш беру көрсеткіші алғашқыда жоғары болуы мүмкін.
«Өтініш берушілер саны көп болады деп ойлаймын. Өйткені бұл біздегі ушығып тұрған проблема. Банкроттық заң іске асырыла бастаған кезде біраз азаматтар «несиемізді төлемей-ақ қояйық» деген шешімге келуі мүмкін. Бірақ оның тәуекелдерін ескеру керек. Мәселен банкрот деп танылғандар 5 жыл бойына несие ала алмайды. Сондықтан да ол азаматтардың ар-ұят дәрежесіне байланысты болады», - дейді Мақсат Халық.
Экономист өз сөзінде Заңның орындалу жұмысында қиындықтар пайда болу мүмкіндігін атап өтті. Себебі бұған дейін біздің елде мұндай тәжірибе болған емес.
«Заңды орындау жағы да меніңше біраз қиындау болады. Себебі қаржылық әлеуетті жақсарту бойынша жұмыс істейтін мамандардың саны қаншалықты жеткілікті? Меніңше, бұл мәселеде осындай сұрақтың туындауы әбден мүмкін. Бұл ретте Қаржы министрлігі білікті мамандарды дайындап үлгере ме? Ертеңгі күні кредиттік проблемасы бар азаматтардың мәселесін шешу бойынша қаржылық басқарушы мамандардың саны қаншалықты жеткілікті болады? Бұл мәселе өз алдында күн тәртібінде қаралуы тиіс. Егер қағазбастылық көп болатын болса, ертеңгі күні азаматтар «сонда банкроттық деген осы ма?» деп ашулануы мүмкін.Сондықтан да бұл заң электронды түрде жүзеге асырылуға қаншалықты дайын? Ол платформада әдеттегідей ақаулар болмай ма? Осы мәселелердің бәрі ертеңгі күні алдымыздан шығуы мүмкін. Сондықтан да Үкімет осы мәселеге де көңіл бөлуі тиіс», - дейді Мақсат Халық.
Десе де Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкіметтегі өз баяндамасында бұл бағытта ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралардың тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Бұқаралық ақпарат құралдарында және қызмет көрсету орталықтарында ақпараттық сүйемелдеу ұйымдастырылуда. Тиісті ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Министрліктің және оның ведомстволарының сайттарында түсіндірмелер орналастырылуда, СМС-ескертулер таратылуда. Азаматтар қызмет көрсету орталықтары арқылы кеңес алады (оларға Заңның негізгі ережелері бар жадынамалар таратылады). «Азаматтарға арналған үкімет» байланыс орталықтары және Мемлекеттік кірістер комитеті арқылы түсіндірулер ұйымдастырылуда (4 және 5 қаңтарда 570 адам кеңес алды). Әкімдіктер де мемлекеттік органдардың өңірлік бөлімшелері, банктер, халыққа қызмет көрсету орталықтары және халықты жұмыспен қамту орталықтары басшыларының қатысуымен азаматтардың банкроттық рәсімдерін ұйымдастыру бойынша кеңестер өткізілуде. Екінші. Мемлекеттік кірістер басқармаларының қызметкерлерін оқыту жүргізілуде (1-кезең 23-28 желтоқсан (670 адам), 2-кезең 11-13 қаңтарға жоспарланған). Күн сайын «Азаматтарға арналған үкімет» және Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлерімен бірге онлайн-конференциялар өткізіледі, онда заң нормалары түсіндірілуде, сондай-ақ азаматтардан келіп түсетін проблемалық мәселелер талқылануда», - деп нақтылады ведомство басшысы.
Бұдан бөлек, министр ақпараттық жүйені әзірлеу жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Ведомсвто басшысының сөзінше, қазір ақпараттық жүйенің прототипі әзірленді, оны тестілеу және пысықтау жүргізілуде («Ақпараттық-есептеу орталығы» акционерлік қоғамымен жасалған меморандум шеңберінде ағымдағы жылы ақпанда аяқталады).
«Оны енгізу қорытындысы бойынша басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграция жүзеге асырылатын болады. Аталған шараларды сәтті жүзеге асыру үшін басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен (Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және жергілікті атқарушы органдар) үйлесімді жұмыс істеу қажет», - деп сендірді министр.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл заң жеке тұлғалардың оң жамбасына келгенімен, қаржы ұйымдарына соққы болуы мүмкін.
«Бұл жерде банктер ұтылуы әбден мүмкін. Егер де ертеңгі күні жеке тұлға банкрот деп танылып жатса, оның шығынын мемлекет көтермейді. Ол сол жеке қаржы ұйымының жеке есебі арқылы жүзеге асырылады. Былай қараған кезде банктерде де артық қаражат жоқ. Өйткені олар депозит салымшыларының ақшасын ұстап отыр. Банктер процентке қарыз беру арқылы пайда табады. Ал ол пайданы көбінесе қызметкерлердің жалақысы ретінде үйлестіреді. Сондықтан да бұл заң іске асырылуы кезінде банктер де бакнротқа ұшырауы мүмкін. Бұл жерде кешіктірілген несиелері көп банктердің банкротқа ұшырау қаупі басым болады», - дейді экономист Мақсат Халық.
Сондай-ақ, Заң аясында азаматтарды міндетті түрде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өткізу көзделген. Бұл шаралар азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және борыштық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Айжан Жанатқызы