Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Ақордада өткен екеуара кездесу кезінде ынтымақтастықтың сан саласы талқыланып, бірқатар құжаттарға қол қойылды. Сондай-ақ финдер Қазақ елінің «жасыл экономика» бастамасын да толығымен қолдап, қызығушылық танытты.
Осыған орай «жасыл экономика» саласында әріптестік байланыстар туралы ортақ декларация қабылданды. Осыдан бастап Қоршаған ортаны қорғау министрлігі финдермен бірге таза технологияларды дамытудың іс-шаралар жоспарын іске асырмақ. Әлбетте, бұл жұмысқа кәсіби мамандар атсалысуы тиіс. Сол себепті екі елдің Білім және ғылым министрліктері де өзара ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды. Ал Астана мен Оулу бауырлас қалалар деп танылды. «Негізі, біз бір-бірімізге көрші болып келеміз ғой. Себебі арамызда бір-ақ мемлекет (Ресей – авт.) жатыр», – дейді Финляндияның Президенті Саули Ниинистё.
Соңғы 1,5 жылдың ішінде Қазақстан мен Финляндия президенттері үш рет кездесіп үлгерді. Осының нәтижесінде екі мемлекеттің ынтымақтастық байланыстары күшейіп келеді. Астанада Финляндияның елшілігі ашылса, өткен жылы Хельсинки қаласында Қазақстанның елшілігі жұмыс істей бастады. Еуропада болып жатқан қаржы дағдарысына қарамастан, қазақ-фин сауда-саттығы ұлғайып отыр. Былтыр екіжақты сауданың айналымы 800 млн АҚШ долларына жетті. Бұл – Қазақстанның Солтүстік Еуропаның барлық мемлекеттерінен 70 пайызға артық. Бүгінде біздің көлік, құрылыс және туризм салаларында ортақ ынтымақтастығымыз зор. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, жалпы, аграрлық кешен бойынша бірлесіп жұмыс істеуге әбден болады. Сол себепті Н.Назарбаев фин бизнесмендерін ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін өңдеудің бірлескен тауарлық өндірісін құруға шақырды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз екіжақты келісім барысында елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың барлық тараптарын қозғадық. Даму әлеуетіміз әлі де болса толық пайдаланылмай отыр деген ортақ пікірге келдік. Қазақстан Финляндияны Еуропадағы ең маңызды сауда-экономикалық әріптестерінің бірі ретінде қарастырады. Сол себепті біз екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін барынша пайдалануға ниеттіміз. Мен Қазақстанда фин тарапының қызығушылығын тудыратын салалардың көп екендігіне сенімдімін және Финляндия да біздің қызығушылығымызды оятады деп білемін. Келіссөздер барысында мен фин бизнесмендерін ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін өңдеудің бірлескен тауарлық өндірісін құруға шақырдым.
Саули НИИНИСТЁ, Финляндия Республикасының Президенті:
– Қазақстан экономикасы барынша екпінді қарқынмен өсіп келе жатқан әлем елдерінің бірі әрі экономикалық өсім рейтингінде қазіргі уақытта үшінші орында тұр. Ал экономикалық өсімнің халықтың әл-ауқатының арта түсуіне, денсаулық сақтау және білім беру салаларының жақсаруына себеп болатындығы белгілі. Біз Қазақстанды халықаралық саясаттағы, әсіресе осы өңірдегі тұрақтылықтың басты факторы ретінде қарастырып отырмыз. Бұл – өте қиын жұмыс. Соның арқасында біздің ортақ байланыстарымыз тұрақты түрде дамып келеді. Бүгінде біз «жасыл» экономика бойынша бірлесіп жұмыс істеуге мүдделіміз. Өйткені ол жұмыс экологияға келетін зиянды барынша азайтады.
Ақордада өткен баспасөз мәслихаты барысында екі елдің президенттеріне сұрақтар да қойылды. Финляндияның бір тілшісі Қазақстандағы демократияны дамыту мәселесін қозғап: «Сіздер Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуды көздеп отырсыздар. Бірақ оған кіру үшін адам құқықтарын қорғау бойынша тиісті талаптарды орындау қажет. Осы орайда Қазақстан қандай жетістіктерге жетті?», – деп сұрады. Оған Н.Назарбаев: «Әлбетте, Қазақстан әлемдегі өркениетті мемлекеттердің отбасына қосылуды қалайды. Финляндия Президенті атап көрсеткендей, бұл ел демократияға 100 жылдың ішінде жетті. Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет болғанына небәрі 20 жыл болды. Біз Финляндияға қарағанда, анағұрлым шапшаң қозғалып келеміз деп ойлаймыз. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ұзақ жылдар бойы өздігімен күн көруге үйрендік. Әрине, қиын болды. Қазір болса, Қазақстан 130 ұлт пен ұлыстардың құқықтарын қорғай алатын мемлекетке айналды. Әлбетте, Еуропа, оның ішінде Финляндиядағы демократия мен еркіндік – біздің негізгі әрі соңғы мақсатымыз. Біз соған қарай беттеп келеміз. Философиялық тілмен айтсақ, біздің ыдысымыз жартылай немесе оның үштен бір бөлігіне толы. Енді оны барынша толтыру қажет», – деп атап көрсетті.
Кездесуден кейін Нұрсұлат Назарбаев пен Саули Ниинистё Қазақстан-Финляндия экономикалық форумына қатысты. Онда «жасыл экономика» саласындағы әріптестік туралы декларация рәсімделді. «Біз үшін «жасыл экономиканы» дамыту туралы ортақ декларацияның маңызы зор. Себебі бұл мәселе ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінің болашақ энергетиканы дамыту тақырыбымен үндес болып келеді», – дейді Мемлекет басшысы.