Соңғы бес жыл көлемінде республикамыздағы орманды алқаптардың аумағы күрт азайған. Мәселен, 2005-2007 жылдары орман өрттерінен 69 мың гектар алқап жанып кетіпті. Биылғы жазда да нулы жерлердің тілсіз жаудың шырмауынан шыға алмағаны белгілі. Кеше Алматыда өткен ТМД Орман өнеркәсібі кешені және орман шаруашылығы жөніндегі үкіметаралық кеңестің кезекті отырысында орман алқаптарын қорғауға бағытталған жұмыстар талқыға салынды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының мәліметінше, биыл көршілес Ресейде болған табиғат өрттері елімізбен шекаралас аймақтардағы ормандарға зиянын тигізбей қойған жоқ. Осыған байланысты өткен аптада ел Үкіметі 2011-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Ормандарды қорғау, оларды тиімді пайдалану мен санын көбейтуге бағытталған жоба барысында далалық жерлерде санитарлық-қорғаныш аймақтары құрылып, ормандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары атқарылмақ. Дәлірек айтқанда, еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарында ормандар жасақталып, Арал маңында сексеуілді алқап отырғызылады. Елорда маңындағы орманды алқап аумағын 85 мың гектарға дейін жеткізу жоспарда бар. Жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында орман авиацияларын күрделі жөндеуден өткізіп, өрт сөндіру техникаларын көбейту де қарастырылған.
Ерлан НЫСАНБАЕВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы:
– Еліміздің орман шаруашылығы өрт сөндіру машиналарымен бар болғаны 65 пайызға қамтылған. Арнайы техникалар саны одан да аз. Мұның орман алқаптарын тілсіз жаудан сақтауға қауқары жетпейді. Сол себепті осындай қажетті техникалар санын көбейтіп, өртке қарсы қызметті жыл бойы жұмыс кестесіне көшіру бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Тіпті орман өрттерін бақылау мұнараларын орнату да көзделген.
«Жасыл даму» орман өртіне жол бермеуі тиіс
Последние статьи автора