Жасөспірім бүлдіршінді ажалдан құтқарды
Оқушылардың қысқы демалысында Жамбыл облысы Меркі ауданында Нұр-Ибраһим Бестайбеков есімді 6-сынып оқушысы азаматтық, тіпті ерлік деп бағалауға болатын әрекет көрсетті. Ол көл бетіндегі сірескен мұздың шытынауынан суға кетіп бара жатқан Никита Малыч есімді баланы ажалдан құтқарып қалды. Кішкентай ғана мектеп оқушысының батылдығына тәнті болған аудан халқы енді оған лайықты құрмет көрсету керек деп санайды.
Қысқы демалыс күндері оқушылардың көл бетіндегі мұзға барып, сырғанақ тебетін әдеті. Әсіресе, ауыл балалары үшін мұнан артық қызық жоқ. Суық күнде сырғанақ тебу – әрі шынығу, әрі сейіл құрудың бір жолы. Әрине, кейде күннің күрт жылынып, сірескен мұздың жұқаратын сәттері де болады. Мұндай жағдай балалар үшін аса қауіпті. Ойын баласы емес пе, кейде бүлдіршіндер мұздың жұқарғанын байқамай да қалады. Никита көлге сырғанақ тебуге жалғыз өзі барған. Көлдің орта тұсына жеткенде, күнге шағылысып жатқан көк мұз жарылып кетеді. Кеудесіне дейін тастай суға батқан ол айналасынан көмек сұрап айқайлайды. Көмек сұраған дауыс талып жеткенде Нұр-ИбраҺим Бестайбеков есік алдында ойнап жүрген екен. Дауысты естігеннен кейін ол бірден көлге қарай жүгіреді. Дереу сырт киімін шешініп, Никитаны судан аман-есен алып шығады. «Үй маңында ойнап жүрген болатынмын. Бірде алыстан бір баланың айқайлап көмек сұраған дауысы жетті. Бастапқыда балалар жай ойнап жүрген шығар деп ойлағанмын, кейіннен шынымен де суға батып бара жатқан баланың дауысын таныдым. Мен Никитаға көмек көрсеткенім үшін қуаныштымын», – дейді Нұр-Ибраһим. И.Бестайбеков бүгінде Жамбыл облысы Меркі ауданы Т.Рысқұлов атындағы №20 орта мектебінің 6-сыныбында оқиды. Сабақ үлгерімі өте жақсы. Ол жуырда ғана Шу қаласында өткен таэквондодан қалааралық жарыстан 3-орынды иеленген. Ал Никита Малыч осы мектептің екінші сыныбында білім алады. Нұр-Ибраһимнің өзіне көрсеткен көмегіне дән риза болған ол, енді болашақта өзі де басқа адамдарға жәрдем беретінін айтады. Ауыл халқының айтуынша, «Грязный пруд» аталып кеткен көл осыған дейін бірнеше баланың өмірін жалмаған екен. Сол суық хабарлар да осындай қақаған қыста елді дүрліктірген. Мәселен, осыдан шамамен төрт-бес жыл бұрын бұл көлге 1-сыныптың екі бірдей баласы батып кеткен. «Егер сол балалар аман болғанда бүгін Нұр-Ибраһим сияқты басқаларға көмек көрсететін еді. Амал қанша, бұл балалардың ажалына көрінген көл болды», – дейді ауыл халқы. Нұр-Ибраһимнің ерлігін естіген ауыл азаматтары енді жергілікті билік немесе республика тарапынан оған лайықты құрмет көрсетілетініне сенімді. Олар батыр баланың ерлігі басқаларға үлгі болатынын айтады.
Нұр-Ибраһим БЕСТАЙБЕКОВ, оқушы:
– Адамдарға көмек көрсету – менің адамдық парызым. Никитаға көмек көрсеткеніме қуаныштымын. Менің үйімде ата-анам да, мектепте ұстаздарым да үнемі маған адамдарға жақсылық жасау қажеттігін айтып отырады. Мен үлкендердің айтқанын бұлжытпай орындаймын.
Бағдагүл ӘКІМОВА, Меркі ауданы Т.Рысқұлов атындағы №20 орта мектебінің ұстазы:
– Нұр-Ибраһимнің сабақ үлгерімі өте жақсы. Оның спорттағы жетістіктері де бізді үнемі қуантып жүреді. Менің ойымша, Нұр-Ибраһим мұндай батылдық әрекетке тәрбие, білім, батылдығы арқылы барды. Біз Нұр-Ибраһиммен мақтанамыз. Оған лайықты құрмет көрсетілуін сұраймыз.