Экологиялық ұйым өкілдері Каспий қайраңындағы кен орнын игеру
– Каспий теңізіндегі өнеркәсіптік бұрғылау жұмыстарына қатысты берілген «Қоршаған ортаға әсер ету бағамы» жобасы бойынша ұсыныстарымызды енгіздік. Онда қауіпсіз басқару жағы кемшін, жоқтың қасы. Газды жер асты қабатына кері айдау жағы қарастырылмаған. Күкірт затымен не істеу керектігі де жобада айтылмаған. Оның үстіне Каспий қайраңына жасанды аралдар жасау керектігі сөз болуда. Мұның солтүстік-шығыс Каспий бөлігінің гидродинамикасына қаншалықты әсер ететіні мүлдем зерделенбеген. Егер теңіз қойнауының гидродинамикасы ауытқитын болса, ондағы тіршілік иелеріне, соның ішінде бекіре тұқымдастарға да кері әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені бекіре тұқымдастар да бірқатар балық түрлері секілді ағынға қарсы жүзеді, – дейді «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Галина Чернова.
– Менің білуімше, алдағы уақытта 37 жасанды арал салынбақ. Оған дайын тұрған тағы бес жасанды аралды қосыңыз. Осы аталған 42 жасанды арал судың табиғи қозғалысын бұзады. Каспий, негізінен, Еділ мен Жайық суынан толығып отырады. Ал осы өзендерден теңізге су құйылғанда өзен сулары теңіз суларына қарсы бағытта аға отырып, 15 күннің шамасында өзіндік тазару процесінен өтеді. Бұл ретте су құрамының да өзгеріске ұшырайтыны анық. Су химиясы өзгеріске ұшырап қана қоймай, оның физикалық құрамында да ауытқулар байқала бастайды. Ең қорқыныштысы, ғасырлар бойғы қалыптасқан ағынның табиғи бағыты өзгереді. Ал мұндай процестерді балықтар мен өзге де су асты тіршілік иелері қалай қабылдайды дерсің?!
Галина Чернованың айтуынша, «Қоршаған ортаға әсер ету бағамы» жобасындағы есеп-қисаптар ағылшын және еуропалық әдістер бойынша жүргізілген. Алайда шетелдік әдістемелер біздің заңнамаларға сәйкес келмейді. Қазақстанның табиғатты қорғау заңнамалар жиынтығының талаптары ескерілмей жасалған.
– Осыған орай біз Үкімет жетекшісімен де хат жазысып келеміз. Қауіпсіздік кеңесін де құлағдар еттік. Ал Бас прокуратура жолдаған хатымызды Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне бағыттайды. Алайда министрлік тарапынан еш хабар болмады.
Галина Чернованың есебінше, аталған жоба қолданыстағы құқықтық актілердің талаптарына қайшы келгеніне қарамастан, мемлекеттік сараптамадан өтіп тұр.
– «Оған түзетулер енгізу керек еді. Мүдделі тараптар өз пікірлерін ортаға салулары шарт. Еліміздің Қоршаған ортаны қорғау министрлігі облысымызға келгенде де, осы сауалды төтесінен қойдық. «Сіздер заң талаптарын өрескел бұзып тұрсыздар», – деп те ескертік. Алайда біз де райымыздан қайтпайтынымызды білдірдік», – дейді «Глобус» бірлестігінің жетекшісі.
Жасанды аралдарды салу жұмыстары алғашқы барлау-бұрғылау шараларынан соң қолға алына бастады. «Ақтоты» және А, D жасанды аралдары «төгілді». Оларда шағын зауыттар салу көзделген.
– Бұл жерде ескере кететін бір жайт, Өнімді бөлу туралы келісімшартқа (СРП) тараптар 1997 жылы қол қойған. 2001 жылы жасанды аралдар салына бастады. «Қашаған» кен орны өте күрделі. Шетелдіктер де соңғы 40 жылда мұндай ауқымды кен орнының барланбағанын біледі. Осыған ұқсас кен орны әлемде ашылмады. Каспий сияқты айналасында ұсақ сулар ағыны бар кен орындарында жасанды аралдар мүлдем салынбаған.
Азаматтық қоғам өкілдері арнайы мониторинг те жүргізген. Сонда көз жеткізгендері – жобада тәуекелді басқару жағы мүлдем ескерілмепті.
Бұл ретте, Галина Чернова Аляска тәжірибесін күрсініспен еске алады. 1989 жылы Принц Уэльский бұғазында ғаламдық деңгейдегі апат болған. Онда алып танкерден мұнай суға ақты. Тек шығындарды қалпына келтіруге 4 миллиард доллардан астам қаражат жұмсалған болатын.
Жалпы, жаңа кен орнына қатысты зерттеу жұмыстарын атыраулық ғалымдардың бірі қолға алғанға ұқсайды. Ол да кен орнын барлауға мораторий жариялауға, тіпті мүлдем тоқтатуға да шақырған.
– «Бұл кен орнын болашақ ұрпаққа қалдыруымыз керек. Солар ұқсатсын. Біз тіпті ондағы биомассаны да анықтай алмаймыз. Тіпті тәуекел еткеннің өзінде нақты келетін шығын мөлшерін есептеп көрдік пе?! Принц Уэльский бұғазы, мысалы, Атлант мұхитымен шектесіп жатты. Ал Каспий теңізі сыртқы сулармен жанаспайды да. Апат бола қалған күнде оның зардабы, әрине, аз болмайды», – дейді ғалым.
Галина ЧЕРНОВА, «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Каспийдің құқықтық мәртебесі де бұлыңғыр. Саяси тұрғыда да мәртебесі айқындала қоймаса керек. Бұл теңіз бе, көл ме?! Құдай бетін әрі етсін, дегенмен апат болған күнде теңіз айналасындағы мемлекеттер алдымен бар айыпты Қазақстанға тағады. Алдымен Ресей айыппұл белгілейді. Тіпті ең аз дегенде, Түрікменстанның да қарап қалмасы анық. Ал Өнімді бөлу туралы келісімшарт талабы бойынша, барша тәуекел мен барлық өсімді Қазақстан ғана өтеуі тиіс болады. Қайталап айтамын, тәуекел мен өсімді инвестор емес, Қазақстан ғана өтеуі керек болады.
– Жалпы, осы және өзге келіспеген тұстарымызды біз хатта көрсетіп, құзырлы орындарға жолдадық. Біздің талабымыз «Қоршаған ортаға әсер ету бағамы» жобасына өзгертулер мен түзетулер енгізсе екен. Тек қана сұлбасын өзгертуді қаламаймыз. Толықтай өзгертуін талап етеміз. Тіпті өңдеу зауыттарын да елсіз өңірлерге орналастырулары керек. Ал инвесторлар мұнай зауыттарын теңіз қайраңына жақындатқысы келеді. Бүйте берсек, болашақта тіпті балық атаулыны ұмытатын боламыз.