Бүгінгі таңда ІТ мамандығы бүкіл әлемде сұранысқа ие болып отыр. Халықаралық ұйымдарда еңбектенуге жол ашып, жұмысты қашықтан істеуге және жоғары жалақы алу мүмкіндігін беретін бұл сала расымен де жастардың қызығушылығын тудырады. Дегенмен оқу бір бөлек, диплом алған соң жұмыс табу мәселесі бөлек дүние. Бұл тұрғыда “Отбасы банк” білікті мамандарды дайындайтын Step IT академиясымен бірігіп, жастарды алаңдатқан мәселені шешіп отыр. Жас қазақстандық IT мамандары еліміздің ең ірі банктерінің біріне қалай жұмысқа орналаса алады? Материалымыздан оқи аласыздар.
Step академиясы – ақпараттық технологиялар саласындағы білім беру бойынша ең ірі халықаралық оқу орталығы. Қазақстанда академияның алғашқы филиалы 2013 жылы ашылған. Қазір IT мектебінің орталықтары Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Қарағанды мен Атырауда бар. Ал еліміздің басқа өңірлерінің тұрғындары курстарды онлайн оқи алады.
Академияның 22 мемлекетте орналасқан 166 орталығында оқыту жүйесі бірыңғай бағдарлама бойынша жүреді. Бұл – академияның әрбір студенті оқуды Алматыда бастап, Мәскеуде жалғастырып, Женевада аяқтай алады деген сөз.
Халықаралық IT орталығында мектеп түлектері бірден жаңа кәсіпті игерсе, студенттер екінші мамандықты қатар алып жүре алады. Ал өзінің жұмысына көңілі толмай жүрген азаматтар IT бағытында білімін кеңейтіп, осы салаға ауыса алады. Ал 2019 жылы Step академиясы мен “Отбасы банк” арасында жасалған келісім нәтижесінде қазақстандық жас бағдарламалаушылар өз мансаптарын еліміздің белді қаржы ұйымдарының бірінде бастай алады.
“Бүгінде студенттеріміз “Отбасы банкінде” тәжірибеден, тағылымдамадан өтіп тұрады. Бұдан бөлек, банктің тәжірибелі IT мамандарын мектебімізде дәріс оқуға шақырамыз. Осындай кездері тәлімгерлер алғыр оқушыларымызды байқап, “Отбасы банкіне” жұмысқа шақырып жатады”, – дейді Step академиясының жұмыспен қамту бөлімінің менеджері Алена Лобанова.
Халықарылық IT орталығы осы бағыттағы кәсіби және қолжетімді білімге басымдылық береді. Мұнда бағдарламалаушылар, компьютерлік дизайнерлер, киберқауіпсіздік мамандары, веб-әзірлеушілер мен интернет маркетологтарды даярлайды. Диплом иеленген түлектерінің нарықта өз орнын тауып кетуіне жағдай жасау – академияның басты мақсаты. Бәселестік белең алып тұрған шақта бұл студенттер үшін үлкен қолдау екені сөзсіз. Мәселен, тәлім алушыларды жұмыспен қамту мақсатында білім беру орталығы белсенді түрде бос жұмыс орындарын бақылап, серіктес ұйымдармен келісім орнатуда. Академияның осындай ең ірі серіктестерінің бірі – “Отбасы банк”, – дейді Алена Лобанова.
“Біз үшін тек теориялық жағынан емес, тәжірибе тұрғысынан да білікті мамандарды жұмысқа тарту маңызды болды. Осы орайда Step академиясымен жасалған келісімнің арқасында өзімізге қажет дағдыларды студенттерге үйретіп қана қоймай, кейіннен оларды жұмысқа шақыру мүмкіндігі туды. Оған қоса, бұл академия тек бір бағытпен шектелмей, тәлім алушыларды жан-жақты қырынан дамытып, олардың әмбебап бағдарламалаушы болуына септігін тигізеді. Ал нарықта кадрлар жетіспеушілігін ескерсек, бұл – біз үшін маңызды дүние. Себебі біз жұмысқа келген жастарды қайта оқытып жүрмей, дайын мамандарды жалдаймыз. Осылайша банктің жұмыс тиімділігі артуына сеп боламыз”, – дейді “Отбасы банкінің” цифрлық технологиялар департаменітінің директоры Евгений Герцен.
Step білім беру орталығында оқытудың үш түрі қарастырылған. Атап айтсақ: күндізгі, аралас және онлайн форматтар. Біріншісі оқудың дәстүрлі түріне үйренгендер үшін ыңғайлы болса, аралас формат университетте оқитын немесе жұмыс істейтін азаматтар үшін қолайлы. Ал онлайн түрі қашықтан оқуды жөн көретіндер үшін арналған.
“Сабақтың ауқымдылығы мен таңдалған курстарға қарай оқу бағдарламасы бір жылдан – екі жарым жылға дейін созылуы мүмкін. Ересектерге арналған курстарға 15 жастан бастап қабылдаймыз. Бұдан бөлек 8-14 жастағы балаларға арналған бағдарламалау бойынша сабақтар бар. Қазіргі күні ең жас студентіміз 15-те болса, ең үлкенінің жасы 50-ден асады. Оқимын, үйренемін дегендерге шектеу жоқ, оның үстіне тәлім алушылар өзіне ыңғайлы сабақ кестесін таңдай алады”, – деп қосты академия өкілі.
Сабақтың 80%-ы тәжірибеге бағытталған орталыққа оқытушы ретінде тәжірибелі, тұрақты жұмысы бар кәсіби мамандар шақырылады. Академия менеджерінің сөзінше, студенттер, әсіресе, сабақ өтуге келген “Отбасы банкінің” IT саласының қызметкерлерінің жылы шыраймен қарсы алады. Сонымен қатар ұстаздардың арасында халықаралық компанияларда, халықаралық жобалармен жұмыс істегендер де баршылық. Оқытушылардың мол тәжірибесін академияның түлегі, “Отбасы банкінің” веб-әзірлеушісі Исабек Омаров растап отыр.
“Академияда аз уақыттың ішінде IT-дегі аса маңызды түсініктер мен бағдарламалау негіздерін меңгере алдым. Жалпы мұнда сегіз айға жуық оқып, өзіме қажет тәжірибе жинадым. Бұл уақыт аралығында үш ұстаздан тәлім алдым. Мен ойлағаннан да жоғары нәтижелерге қол жеткіздім деуге болады. Қазір “Отбасы банкінде” цифрлық технологиялар департаментінің жүйелік әкімшілігінде жұмыс атқарамын. Оның ішінде Baspana сервисі мен “Отбасы банк” жүйесіндегі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры платформасының еш ақаусыз жұмысын қамтамасыз ету – менің негізгі міндетім”, – дейді жас маман.
“Отбасы банкінде” жұмыс істеу мүмкіндігі академияның әрбір студентіне беріле бермейтінін атап өткен жөн. Қазіргі күні үздіктердің арасынан суырылып шыққан 10-нан астам академия түлегі банкте жұмыс істеп үлгерген.