"Жап-жас баланың орнына тәжірибелі ұстазды неге жібермейді деп сынағандар көп болды": Әлемнің үздік 50 ұстазының қатарына кірген педагог бұл атақты қалай иеленгенін айтты

Мектеп бұлақтың бастауы болса, ұстаз білімнің қайнар көзі. Қазіргі уақытта елімізде білім саласына ерекше көңіл бөліп, мұғалімдерге артылған үміт пен сенім екі еселенгендей. Жақында Семейлік Асхат Жұмабеков есімді қарапайым оқытушының әлемнің үздік елу мұғалімінің қатарына қосылғаны туралы ақпарат тараған болатын. Қуанышты бөліссең көбейеді демекші, Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі дарынды ұстазбен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынады.


– Асхат, өзіңіз жайында оқырманға жақыннан таныстырып өтсеңіз.

– Мен 1989 жылы Семей қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін. Әкем түрме колониясында прапорщик болып қызмет атқарған және 36 жасында сол жерден зейнеттік демалысына шыққан. Ал анам үйде бала тәрбиесімен айналысқан. Бала кезімнен өзім оқу мен зейінге құмар болып өстім. Менің осы ынта мен жігерімді дер кезінде байқап, осы күнге жетуге себепші болған анам деп ойлаймын. Жеке пікірім бойынша, кез келген бала өмірге жеке дарыны мен қабілетімен келеді. Ал сол артықшылықтарды аңғарып, ары қарай жол сілтейтін ол – ата-ана мен мектептегі ұстазы болуы керек. Жылт еткен оттан жалын жасау да я болмаса оны сөндіріп алу да осы екі адамның қолында деп есептеймін. 

 
Өзім алғаш рет Семей қаласындағы №23 мектептің табалдырығын аттап, үлкен өмірге де сол жерден қадам бастым. Әрбір адам баласы үшін өзінің бірінші алтын ұя мектебі әрқашан ыстық болып тұрады. Ол жердегі алғашқы қолға қалам ұстағаның, алғашқы алған тәрбиең, алғашқы алған бағаң тіпті алғашқы бұзған тәртібің де айырбастауға келмейтін ыстық естеліктер болып қала береді.

"Бір айта кетерлігі, мен 6 жасымнан бастап өзімнің мұғалім болатынымды сезгендеймін. Себебі мен сол жасымнан бастап үйдегі кішкентай інілерімнің сабақ үлгерімдеріне көмектесетінмін. Оның үстіне, мектептегі ұстазымның сөйлеген сөзіне, бізге айтқан айтқан ақылына қатты қызығатынмын. Әлі күнге дейін есімде, мектеп қабырғасында жүргенімде ұстазымның жазу почеркісі қатты ұнап, соны өзіме айна қатесіз көшіріп алғаным бар"

– Мектепті бітірген соң қайда білім алдыңыз? 

– Мектепті тәмәмдаған соң, Семей педагогикалық институтына (қазіргі Шәкәрім университеті – автор) грантқа оқуға түстім. Жоғары оқу орнында мен физика мамандығы бойынша білім алдым.

2013 жылы студент болып жүргенімде алғаш рет қазір өзім қызмет атқаратын Назарбаев атындағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектебіне тәжірибе алмасу үшін келдім. Ол кезде 78 сабақ өткізіп, менің дәрістерім мектеп басшылығына ұнап, өздеріне жұмысқа шақырды. Бірақ мен бакалаврды аяқтаған соң бірден магистратураға түсуді дұрыс санап, тек содан кейін ғана осы мектепке жұмысқа келдім. Сонымен бірге, 2016 жылы "Болашақ" стипендиясы арқылы Финляндиға барып келдім. Ол жерде бір жылдық тәжірибе алмасу болды. Финляндияда көптеген елдерден келген ұстаздармен бірге университтерде доктор, профессорлармен қосылып, көптеген дәріс өту әдістерін талқылап, ғылыми жұмыстарымызды жасадық. Өзімнің ұстаздық әлеуетімнің маман ретінде артуына алдымен осы "Болашақ" стипендиясымен алған білімім әсер етті деп ойлаймын. Себебі осы тәжірибе маған үлкен көмегін тигізіп, балалармен қалай жұмыс істеуді, сабақ өтудің тиімді технологияларын меңгердім. Бұл тәжірибем, әсіресе, маған карантин кезіндегі онлайн оқу сәтінде үлкен септігін тигізді.
Мен үнемі ізденісте болуға тырысамын. Ғаламтордан өзге университеттердің ғалымдарының жасаған ғылыми жұмыстарын қарап, оны балалармен бірге талқылаймыз. Өзіміз де көптеген осындай ғылыми жұмыстарға қатысамыз.

"Бала кездегі мектепте біз сыныпта 38 оқушы болдық. Сол уақытта біздің ұстазымыз осынша балалардың барлығына бірдей уақыт тауып, көңіл бөлетін. Өздерінің аз ғана уақыттарының ішінде сабақ та үйретіп, ақылын да молынан айтып, қатемізді де түзеуге уақыт табатын. Мен оқуды бітірген соң мұғалімдерімнің осы асыл қасиеттерін бойыма сіңіруге тырыстым. "Ұстазы жақсынының ұстанымы жақсы" демекші, қазіргі уақытта мен де өзім білім шамын жағып, тәрбиелеп отырған оқушыларыма лайықты ұстаз болуға тырысып келемін"
– Асхат, мектеп қабырғасындағы ұстаздарыңыз туралы тереңірек айтып берсеңіз. 6 жасымнан бастап өзімнің мұғалім болатынымды түсіндім деп қалдыңыз, осы ретте бала Асхатқа әсер еткен ұстаздарының қай мінезі және сіз үшін нағыз ұстаз қандай болуы керек?

– Ұстаздарым жөнінде айтар болсам және олардан алған жақсы қасиеттерімді тізбектер болсам өте көп. Мен шәкірт ретінде өзімді бақытты балалардың қатарына қосамын. Себебі менің оқытушыларымнан алған асыл мінездерім мен тәрбием һәм білімім өте көп болды. Әлі кезге дейін алғанымнан аларым мол десем артық айтқаным емес. Осы ретте бірінші ұстаздарыма өз алғысымды білдіргім келеді.

Айтып өткенімдей, ұстаз әрбір баланың шамшырағы іспетті. Маған ұстаздарымның әрбір сабаққа тыңғылықты дайындалып, бізге үтір-нүктесіне дейін ерінбей үйрететіні қатты ұнайтын. Ұстаздарымыз әрбір баланың алдындағы өз жауапкершіліктерін терең ұғынатын. Сонымен қатар, балалардың әрқайсысына қалай сөйлейтінін, сабақты қалай үйрететінін білетін. Өйткені әр баланың ойлау жүйесі мен қабілеті әртүрлі деңгейде болады. Сол оқушыларды бір дәрежеде ұстау үшін де мықты психология қажет. Өзім де оқуымды аяқтап, осы мамандықпен жұмыс істеп жүргеніме қазір 8 жылдан асты. Осы уақыттың ішінде көп нәрсені өзім үйреніп те үйренгенім бойынша балаларды үйретіп те келемін.

Нағыз ұстаз деп жіктеп, мен үшін аяулы мамандық иелерін алаламай-ақ қойсам деймін. Оның да өзіндік себебі бар, бала тәрбиесінде еңбек етіп жүрген әрбір адамның өзіндік алар орны бар. Тек мен әрбір мұғалім нағыз ұстаз болуы үшін тынбай еңбек еткені дұрыс деп ойлаймын. Осы орайда нағыз ұстаз болуы үшін – ең бастысы жауапкершілікті сезінуі қажет. "Алдыңғы дөңгелек қалай жылжыса, артқы дөңгелек солай барады" демекші, барлығын өзінен бастауы қажет деп ойлаймын. Үнемі ізденісте болып, жаңа әдістерді қолданып соған балаларды баулуы қажет. Менің жеке тәжірибем бойынша, мұғалім әрбір сабақты ашық сабақ түрінде өтуі қажет. Яғни, бұл дегеніміз, әрбір дәріс бұрынғысынан өзгеше әрі ерекше болуы керек. Осы арқылы біз оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыра аламыз.

"Қазір біліктілігін арттырам деген мұғалімдер үшін мүмкіндік өте көп әрі соған сәйкес жағдай да жасалған. Мен 2018 жылы "Болашақтан" кейін Чехия мемлекетіне барып Халықаралық EERA конференциясына қатыстым. Мұны мұғалімдер арасындағы жазғы мектеп деп те атайды. Бұл жерде көптеген мемлекеттерден ұстаздар жиналып ақпараттармен алмасып, сабақ әдістерін талқылайды. Осы басқосудың негізінде елімізге оралған соң, өзіміздің ұстаздардың тобын құрдым. Топқа негізінен физика пәнінен сабақ беретін мұғалімдер жиналған. Біз бірге жоспар құрамыз, тапсырмалар беріп отырамыз. Осы арқылы бір-бірімізді шыңдап, біліктілігімізді арттыруға өзіміз жағдай жасаймыз"
– Әр баланың мінезі әртүрлі болады дедіңіз, осы орайда балалардың барлығына білім бірдей жетуі үшін қандай әдістерді қолданасыз? Осы жөнінде бөлісіп өтсеңіз.

– Қазір заманмен бірге балалар да, олардың ақпаратты қабылдауы да өзгеріп келеді. Сондықтан сабақ өту барысында түрлі тәсілдер мен жаңа ақпарат жеткізу жолдарын жасау – маңызды. Бізде 2017 жылы енгізілген жаңа бағдарламада осы жөнінде үлкен тарау бар. Онда дарынды балалармен сондай-ақ, ерекше қарауды талап ететін оқушылармен қалай жұмыс жасау керектігі жөнінде айтылған. Сонымен қатар, білім деңгейі көш ілгері дамып кеткен Сингапур, Финляндия секілді елдерді мысал ете отырып анық та айқын жазылған. 

Осы орайда, биылдан бастап біздің білім ордамыз көптеген мұғалімдердің басын қосып, тәжірибе алмасуды өз қағидасына айналдырды. Басқосу барысында біз жаңа технологияларды тексеріп, ұстаздардың оларды тезірек меңгеруіне көмектесеміз. Біздің мектепке осы жылы еліміздің түкпір-түкпірінен ұстаздар қауымы келіп, өз тәжірибелерімен бөлісуімен қатар жаңа ақпараттарды да игеріп қайтты. Бұл бастама жылдан жылға жалғасын табады.

Ұстаз әрбір өткен сабағынан соң өз-өзіне есеп беріп, іштей талқылау жасауы қажет. Бүгінгі сабақта қандай әдістерді қолдандым, балалардың барлығына сабақ түсінікті болды ма дегендей. Сонан соң келесі сабаққа арнап жоспар құрады. Осындай мықты қағидамен қаруланған мұғалімнің жұмысы да жемісті, шәкірттері де озат болып шығады деп ойлаймын.

Жоғарыда айтып өткенімдей, білімімді жетілдіремін деген мұғалімдер үшін қазір барлығы қолжетімді. Мен қазіргі тәжірибемнің барлығын шетел асып ғана жинадым деп айта алмаймын. Бүгінгі таңда ғаламтор желісі арқылы конференцияларға қатысып, тегін оқулықтарды оқып, тың мәліметтерге қанық болуға болады. Біздің елімізде де жаңа әдістерді ашып, сабақ өтудің өзіндік жолын қалыптастырған мұғалімдеріміз баршылық. Жоғарыда айтылған еліміздің оқытушыларының басқосуы өзімізді өзіміз дамытуға осылайша көмек қолын созады.

– Қазіргі заманауи оқушы мен мұғалімнің бір деңгейде болуының басты құралы неде?

– Бұл еліміздегі өте өзекті мәселелердің бірі деп есептеймін. Мысал үшін айтайын, мен Финляндияда оқуда болған кезде қызық жағдай орын алды. Бізге сабақ беретін ұстаздарымыз әрқашан студенттерді атымен атайтын. Сонымен қоса, өздерін де есімімен шақыруды бұйыратын. Бұл мен үшін үлкендерді жасымен сыйлап, "ағай, апай" деп атап қалған қазақ студенті үшін бірінші уақытта әлбетте ерсі көрінді. Біраз уақыт бойына үйрене алмай жүрдім. Осылайша, уақыт өте келе бұл да бір сабақ өтудің әдісі екенін ұқтым. Кейін түсінгенімдей, финьдік оқытушылар осылайша өздері мен студенттердің арасын бір тепе-теңдікте ұстап тұрады екен. Яғни, олардың ойынша мұғалім мен шәкірттің арасында шектеу болмауы шарт. Мұғалім өз ойын айтқанындай оқушы да пікірін білдіруден еш қысылмауы қажет. Әрине қызық әдіс.

– Қазір өзіңіз сабақ беретін мектепте оқушылар сізді атыңызбен атайды ма?

– Әрине жоқ (күліп), бұл біздің салт-санамызға тура келмейді деп ойлаймын. Әр елдің салты басқа дегендей, мұндай әдіс бізге жүрмейді. Оның орнына өзіміздің тәрбие болмысымыз арқылы қазақи әдістерді қолдануға болады.

Біздің қанымызға сіңіп қалған қасиеттеріміздің бірі бұл үлкендерді үлкен деп сыйлау, соған сәйкесінше сыйластық білдіру. Бұл біздің өзіндік құндылығымыз деп есептеймін. 2013 жылы алғаш мұғалім болып жұмысымды бастағанымда осылайша мен де оқушылармен бір деңгейде болуға ұмтылдым. Көп жерде оларды тартынбауға, ойын еркін жеткізуге үйреттім. Осы арқылы қазір сабақ өту барысында барлық оқушыларға бірдей сөйлей аламын. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі оқушылар өте жоғары дәрежеде дамып кеткен. Олар ғаламторды көріп өсуде, смартфондарды жақсы меңгерген сондықтан мұны да пайдалы жағынан қолдануға болады. Ең бастысы, оқушыларға еркіндік бере отырып, берік қарым-қатынас орнату қажет.

– Өткен жылда басталған пандемияның салдарынан еліміздегі мектептер карантинге жабылды. Оқушылар тиісінше онлайн түрде үйден білім алды. Осы орайда, жеке пікіріңіз бойынша карантин біздің білім жүйемізге қалай әсер етті деп ойлайсыз?

– Ия, былтырдан басталған карантин көп нәрсені өзгертіп жіберді. Еліміздің білім жүйесін де сәйкесінше айналып өтпеді. Мұғалімдер үйден білім беріп, оқушылар көгілдір экранның арғы жағынан оқуға мәжбүр болды. Менің ойымша, балалардың мектепте - мұғалімнің алдында отырып дәріс алуына ешнәрсе жетпейді. Әрине, бұл пандемия жағдайы бізде ғана емес бүкіл әлемде болды. Көп елдердің білім жүйесі мұндай тосыннан келген жәйтке дайын болмай шықты. Алайда біздің цифрлы технологиямыз осы қиын жағдайда үлкен көмегін тигізді деп айта аламын. Сонымен бірге, қажеттілік туындағандықтан көп цифрлы әдістерді өзіміз жасап та шығардық.

Біздер оқытушылар осы өткен сынақтан үлкен сабақ алдық. Енді ұстаздар жаңа әдістерді ашып, солар арқылы оқушыларға жағдай жасауға тырысады. Қазір қиын кезең артта қалғандай болып, оқушылармен бірге бір сыныпта сабақ өтіп жатырмыз. Байқауымша, көп оқушылар мектепте жүруді, сыныпта отырып өз сыныптастарымен ойнауды, әзілдесуді сағынып қалған. Бұл да бір болса сабақ өтуге, оқушылардың ақпаратты қабылдауына пайдасын тигізеді. Енді әрине, ондай уақыт қайта айналып келмесін деп тілейміз. Себебі сабақты оқушылармен жүзбе-жүз өту, балалармен оффлайн қатынас орнату барлығынан да артық.

– 8 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім ретінде айтатын болсаңыз, еліміздің білім жүйесінде нені өзгертер едіңіз? Не нәрсе жетіспейді деп ойлайсыз?

– 2018 жылдан бастап еліміздің білім жүйесінде үлкен өзгерістер болды. Соның ішінде мұғалімдердің жалақысын арттуы, шалғай ауылдардағы мектептерге ерекше жағдай жасау арқылы білім жолымыз дамудың даңғыл жолына түсіп келе жатыр деуімізге негіз бар. Менің өзім бастап құрған осы алыс елдімекендегі әрістестеріммен тобымыз туралы жоғарыда айтып өттім. Біз өз басқосуларымызда мектептерге келген жаңа технологиялар (физика пәніне арналған – автор) туралы айтып, оларды қолдану жолдарын талқылаймыз. Осындай сәттерде көп мектептерге жасалып жатқан жағдайлардың жақсы деңгейде екенін көре аламыз. Бірақ көптеген ауыл мектептері бұл жағынан келгенде көлеңкеде қалып қойып та жатады. Менің ойым, осы ауылдағы білім ошақтарына ерекше назар аударылса деймін. Себебі ауылдан өте көп дарынды балалар шығады. Алайда, өкінішке орай, олардың дарыны ашылмай, тиісті қолдау көрсетілмейтін кездер аз емес. Мемлекетіміз келесі кезекте осы олқылықтардың алдын алса дұрыс болады деп ойлаймын. 

– Еліміздің тарихындағы "Әлемнің үздік 50 мұғалімі" қатарына қосылған алғаш оқытушы болдыңыз. Тағы да құттықтаймыз! Осы жоба жөнінде толығырақ тоқталып өтсеңіз. Қашан басталды, қандай кезеңдерден тұрады, нәтижесі қай уақытта белгілі болады?

– Global Teacher Prize - Халықаралық мұғалімдер арасындағы сайыс. Бұл байқау 7 жыл қатарынан өткізіліп келе жатыр. Мен мұндай байқаудың бар екені туралы 2018 жылы Чехияда оқуда болған уақытымда білдім. Бізге ол кезде осы байқаудың жеңімпазы, әлемнің үздік мұғалімі болған оқытушы дәріс оқыған. Ол кісі сабақ өту барысында бізбен өз тәжірибелерімен бөлісіп, аталған байқау туралы ойымен бөліскен.


Елімізде Әлеуметтік маңызды бастамаларды дамыту қоры бар. Осы қордың "Қазақстанның ұлттық мұғалімі" деген премиясы 2019 жылы бастау алған. Бұл идеяны Қазақстанға Әлия Назарбаева алып келгенін де айта кеткеніміз дұрыс. Осы премияны жеңіп алған ұстаз тиісінше Global Teacher Prize байқауында өз елінің намысын қорғайды. 

"Менің осы "Әлемнің 50 үздік мұғалімінің" қатарына қосылғаным туралы ақпарат тарағанда, көп адамдар мені жас деп, неге орныма басқа тәжірибелі оқытушылар қатыспайды деген секілді ойларын көп жазып жатты. Мен өз кезегімде, бұл байқауға барлық мұғалімдер өтінім беріп, қатысуға мүмкіндіктері бар екенін айтып өткім келеді. Және мен көпшілігі ойлайтындай жас емеспін. 32 жастағы 8 жылдық еңбек өтілі бар ұстазбын"
Мен ең алғаш 2018 жылы біздің Назарбаев атындағы Семей зияткерлік мектебінде өткен үздік мұғалімді анықтайтын сайысқа қатысып, 20 мектептің арасында өткен жарыстан бірінші орынды алдым. Одан кейін 2018 жылдың аяғында республикалық дәрежеге шығып, ҚР Білім және ғылым министрлігі өткізген "Үздік педагог" байқауына қатысып, жеңіп шықтым. Содан соң, 2019 жылы "Қазақстанның ұлттық мұғалімі" номинациясын алдым. Бұл аталған номинацияны 11 мұғалім иелендік. Және осы жылдан бастап әлем ұстаздары арасында өтетін жарысқа дайындала бастадым. Дегенмен біздің 11 мұғалімнің арасынан олар тек біреумізді ғана таңдап алды. Осы ретте менің бағым жанды.

Байқау бірнеше кезеңдерден тұрды. Бірінші кезең сәуір айында мен үлкен мәліметтерді толтырып, сұрау жібердім. Ал жазға қарай маған ұйымнан жауап келді. Хатты оқып мен қатты қуандым. Өйткені менің жіберген сұрауым бойынша оқу өту әдісімді олар жоғары бағалаған. Байқауға 121 елден өтініш келіп түсіп, олар үздік 50 ұстазды іріктеп алған.

Келесі кезең қараша айында өтеді. Ол кезеңнен үздік ондықты саралап арғы кезеңде әлемнің үздік мұғалімін анықтайтын болады. Қазіргі уақыттан бастап байқаудың кезеңдері басталып жатыр. Бір қоса кетерлігі, байқауды ұйымдастырушы ұйым осы әлемнің 50 үздік мұғалімінің тізіміндегі оқытушыларға үлкен жағдай жасауда. Оқытушылар тиісінше дүниежүзінде өтіп жатқан ғылыми конференцияларға, басқосуларға қатысуға мүмкіндік алады. Мысалы, жақында Франция мен Палестинаның профессорларымен Instagram арқылы байланыс орнаттым. Ендігі кезекте біз, Қазақстандық мұғалімдердің қатысуымен жиын өткізуді жоспарлап отырмыз.

"Байқау барысында өзімнің жобамды дайындадым. Аталған жоба бойынша мен мектептердегі ерекше қадағалауды талап ететін балалардың білім алуына жағдай жасағым келеді. Осы ретте үлкен ғылыми монографиямды жазып, дамытуды жоспарлап отырмын. Еліміздегі инклюзивті білім беру ақсап тұрғанын аңғарып, осы идеяны Финляндиядан алып келдім"

– Байқаудан сүрінбей өтуіңізге тағы да тілек білдіреміз. Сұхбатымызды қорытындылай келе, алда келе жатқан ұстаз-әріптестеріңіздің мейрамына орай тілек жолдасаңыз.

– Әріптестерімді ең алдымен келе жатқан мейрамдарымен шын жүректен құттықтаймын! Айтады ғой, мұғалім барлық мамандықтың анасы деп. Осы ретте, барша ұстаздарға үлкен оптимизм тілеп, жұмыстарының тек алға басуын тілеймін. "Ұстаздан шәкірт озар" демекші, ұядан ұшырған балапандары тек биіктерден көрініп, қуантып жүре берсін. Біздің жемісіміз ол – біздің оқушыларымыз. Сондықтан, шәкірттеріміз өссе біс екі есе өсеміз. Барлығына жақсылық, жауапкершілік пен табандылық тілеймін!

– Әңгімеңізге үлкен рахмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста