«Жәннат – аналардың табанының астында»

Мансұр ХАМИТ (фото)

Қазақта гендерлiк саясат бағзы замандардан берi бар. Бүгiнгi күннiң жаңалығы емес. Арғы бабаларымыз жүргiзген, тамыры тереңде жатқан гендерлiк саясатты Еуропаның өзiне сабақ етуге әбден болар едi. Кеше Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қазақстан әйелдерiнiң V форумынан осындай ой түйiп қайттық. Мемлекет басшысы өз сөзiн ұлық пайғамбар айтқан «Жәннат – аналардың табанының астында» деген хадисiнен бастады. «Өмiрге ұрпақ әкелiп, тәрбиелеп-өсiрiп, тiршiлiкке тiрек болған асыл мұраттары мен қажыр-қайраттары үшiн бiз ардақты ана мен асыл жарға, аяулы қарындасқа әрдайым құрметпен қараймыз», – дедi Нұрсұлтан Әбiшұлы. Рас, қазақ баласының Анадан биiк қояр кiмi бар едi?!
Қазiргi қазақ әйелiн үй шаруасынан, ошақ басынан шыға алмай отыр десеңiз, қатты қателесер едiңiз. Елбасы Н.Назарбаев сөзiн былай деп сабақтады: «Бүгiндерi Қазақстанда әйелдер саясатта болсын, бизнесте болсын және экономиканың барлық секторында, шаруашылықтың әртүрлi салаларында болсын ер-азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, өздерiнiң бiлiктiлiгiн, қабiлет-дарынын, iскерлiктерiн көрсетiп келедi. Мемлекетiмiздiң өсiп-өркендеуiне еразаматтармен қатар сүбелi үлес қосып жүр. Көптеген қыз-келiншектер мемлекеттiк басқару жүйесiн, мәдениет, денсаулық саласын, бiлiм мен ғылымды, медицинаны дамытуға атсалысып жүргенiн атап өтуге тиiспiз. Сонымен қатар олар бұл күнде әр аймақта iрiлi-ұсақты үкiметтiк емес ұйымдарды құрып, бiрқатар әлеуметтiк жобалар бойынша белсендi жұмыс жүргiзуде».
ЖЕТIМДЕРIМIЗДI ЖЫЛАТПАЙТЫН БОЛАМЫЗ
Әуелден жетiмiн жылатпаған елмiз. Алайда кейiнгi жылдары тастанды жетiмдердiң көбейiп, балалар үйiнде емес, отбасы ошақ қасында тәрбиеленiп жатқан балалардың азайып келе жатқаны белгiлi. Талай тұлдыр қара домалақты шетелдiктердiң бауырына салып бердiк. Ал өзiмiздегi асырап алғысы келетiндерге жағдай жасалмаған едi. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осынау өткiр мәселенiң қыбын тапқан секiлдi: «Бiз тууды қолдаумен қатар жетiм балаларды асырап алушы отбасыларын да ынталандыруымыз керек. Балалар үйiне тапсырылған, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың тағдырына селқос, немқұрайды қарауға тиiс емеспiз. Бiзге бала асырап алуды жөн көрген отбасыларын ынталандыратын жүйе керек. Өзiмiз тыйым салғанға дейiн қанша баланың шетел асып кеткенi естерiңiзде болар. Мұндайды өзiмiзде де қолға алуға болады емес пе?» – дедi ол форумға жиналған кiлең аналар мен қыз-келiншектердi бiр шолып өтiп.
ҰЛТТЫҚ ҚОР БОЛМАСА, ЗЕЙНЕТАҚЫ ДА ТӨЛЕЙ АЛМАЙ ҚАЛАР ЕДIК
Президенттiң сөзiнiң жаны бар. Рас, егер бiз ел басына күн туған шақта пайдаланбаққа Ұлттық қорды құрмаған болсақ, қазiргiдей бюджеттiң шығыс бөлiгiн 26 пайызға қысқартқан жағдайда, тiптi зейнетақыны да төлей алмай қалатын едiк. Қазiргi дағдарысқа қарсы шаралардың бәрiне де осы Ұлттық қордан бөлiнген қаражаттың ғана күшiмен төтеп тұрғанымыз даусыз. Осы Ұлттық қордағы қаражаттың арқасында ғана мемлекет әлеуметтiк төлемдердi түгел төлеп қана қоймай, көлемiн ары қарай өсiре түсу жөнiнде берiлген уәделердi де орындап келедi. Форумда Мемлекет басшысы күллi дүниенi теңселткен дағдарысқа қарамастан, елiмiздегi әлеуметтiк бағдарламаның толығымен орындалатынын қайталап айтты. «Бұл тақырыпқа тереңдеп бармай-ақ қояйын. Ертең Парламентте елдi бұл жағдайдан шығаруды және дағдарыстан кейiнгi дамуды қамтамасыз етуге қатысты бiрқатар жаңа бағыттарды айқындайтын халыққа дәстүрлi Жолдауымды жария етемiн», – дедi Нұрсұлтан Әбiшұлы қолында күштi әрi сенiмдi бiр «көзiрiнiң» барын аңғартып.
АУЫЛДАҒЫ ӘЙЕЛ КӘСIПКЕРЛЕРДIҢ КҮНI ТУАДЫ
Президент Үкiмет пен «Самұрық - Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына кәсiпкер әйелдердi қаржылай қолдайтын арнайы бағдарлама жасауды тапсырғанын айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының пiкiрiнше, дағдарыс кезiнде әйелдердiң экономикалық белсендiлiгiн қолдау ауадай қажет. «Мұндағы ең бастысы – олардың еңбекке орналасуына жағдайлар жасау. Осыған орай, мен Үкiмет пен жергiлiктi атқарушы органдарға әйелдердiң еңбек нарығындағы бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдауды тапсырамын», – дейдi мемлекет басшысы.
КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА КӨМЕК КӨБЕЙЕДI
Президент форумға сүйiншi сұрайтындай үлкен жаңалықтарымен келiптi. Президенттiң тапсырмасымен 2010 жылдан бастап төртiншi немесе одан да кейiнгi балаларын дүниеге әкелген анаға берiлетiн бiр реттiк жәрдемақының өзi қазiргi 30 айлық есептiк көрсеткiштен (АЕК) 50 АЕК-ке көтерiлетiн болады. Яғни 67 пайызға өседi деген сөз. Президент мұны 68 мың теңге болады деп шамалап отыр. Ал бала бағымына ай сайын төленетiн (1 жасқа толғанша) жәрдемақы келесi жылдан бастап 20 пайызға өседi. «Бiз бүгiнгiдей қиын шақта мүмкiндiгi шектеулi балаларды бағып отырған отбасыларға ерекше көңiл бөлуiмiз керек. Осы орайда, 2010 жылдан бастап 16 жасқа дейiнгi мүгедек балаларға мемлекеттiк жәрдемақы тағайындайтын боламыз», – дедi Президент.
Келесi жылдан бастап көпбалалы аналарды марапаттау тәртiбi де өзгередi. Елбасының мәлiмдеуiнше, 2010 жылдан бастап «Алтын алқа» белгiсiн қазiргiдей 10 бала өсiргендерге емес, жетi балалы аналарға, ал «Күмiс алқаны» алты баласы бар аналарға беру жайын қарастыру Үкiметке тапсырылыпты. Президент мұндай тәуекелдiң «Көп балалы аналарды қолдау мақсатында» қолға алынып жатқанын атап өттi. Батыр аналарды мемлекет тарапынан қолдау мұнымен шектелмейдi. Президенттiң тағы бiр тамаша сыйлығы бар екен: «Осы марапаттауларға лайықты көпбалалы аналар ай сайын сегiз мың теңгеден асатын арнайы жәрдемақы алып отыратын болады», – деп форумға қатысушыларды тағы қуантты.
«СУ ЖАҢА» МЕРЕКЕ
Кешегi форумға қатысқан әйелдер 15 мамырды «Отбасы күнi» ретiнде мерекелеудi ұсынады. Мiнберге көтерiлген сенатор Светлана Жалмағамбетова осындай ұсыныстың бар екенiн, оның қабылдауға ұсынылып отырған резолюцияға да енгiзiлгенiн мәлiмдедi. Форум меймандары резолюцияны бiрауыздан қолдады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста