Қазақстанда техникалық регламентті бұзғандарға қатысты қылмыстық жаза қарастыру ұсынылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бүгін Парламент Мәжілісінде тұтыну тауарларын техникалық реттеу мәселесі талқыланды.
"Бүгінгі таңда сертификатталмаған тауар немесе жалған сертификатты тауар әкелу және оны растамай сату тиімді. Ондай жағдайда салынатын айыппұл мөлшері күлкілі. Ал кәсіпкерлердің сондай тауарларды сатудан табатын пайдасы мол. Сондықтан олар көлеңкелі саудамен айналысады", - дейді халық қалаулысы Азат Перуашев. Оның айтуынша бүгінгі таңда техникалық реттеуде тәртіп бұзушылықтарға жол беріліп отыр.
"Мұндай тауарды әкелу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болатындай ету қажет. Сонан соң айыппұл көлемін арттыру керек. Сондай-ақ сәйкестікті растайтын басшылардың жеке жауапкершілігін енгізіп, жалған қортынды берген сарапшыларды қылмыстық жауапқа тарту тетігін қарастырған жөн", - деп атап өтті Перуашев.
Депутаттың сөзіне қарағанда, егер сертификаты жоқ немесе жалған сертификаты бар тауарлар саудаға түскені анықталса, қадағалаушы органға ондай тауарды тәркілеу құқығын беру керек. Өзге елдерде осылай. Перуашев аса ірі автоконцерндердің ахауы табылған көліктерді кері қайтарып, жөндеу жүргізетінін мысал етті.
"Бізде ондай тетік жоқ. Адам уланып жатса да, ол тауар сатылымда жүре береді. 20-30 адам уланып жатса да солай. Бізде тауарды қалай тәркілеу керектігі және ол кімнің есебінен жүргізілуі керектігі еш жерде жазылмаған", - дейді депутат.
Бүгінгі талқылау барысында Мәжілістің экономикалық реформалар және аймақтық даму комитеті ел Үкіметтің атына техникалық регламенттердің сақталуын бақылау функциясын бірыңғай уәкілетті органға міндеттеу туралы ұсыныс әзірледі.
Техникалық реттеу және метрология комитеті департаменттерінің ресми деректері бойынша, биылғы жылы Астана және Алматы қалаларында 800-ден аса тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, азық-түлікті зерттеу қортындысы бойынша техникалық регламент талабына сәйкес болмаған тауарлардың сатылуы, таңбалануы қате тауарлардың сатылуы, алдын ала өлшеніп оралған тауарлардың көрсетілген мөлшерден аз болуы сияқты тәртіп бұзушылықтар көбірек анықталған.