Жалға берген жерімізден табылған мұнайдың қызығын көре аламыз ба?

Күні бүгін 749 582 гектар аумақты алып жатқан Тайсойған полигонына жақын маңда Шығыс Молдабек, Береген Жоламанов және Солтүстік Қоңыртас кеніштері игерілу үстінде, бұл жерлерден жылына 496 мың тонна мұнай өндіріледі. Полигон аумағынан тағы да Уаз және Қондыбай деген екі кеніш табылып отыр. Жалпы алғанда, Тайсойған блогында 22 мұнай кеніші бар және олардың геологиялық қоры 480 миллион тоннадан астам мұнайды құрайды. Бұл – ел экономикасы үшін елеулі табыс болары сөзсіз. Бір ғана бірақ, біздің бұл жерде мұнай өндіру жұмыстарын жүргізуімізге құқығымыз жоқ. Себебі: қазақ жерінің алыс бір қуысында жатқан қияндағы Қызылқоғаның құтты қонысын Тайсойған полигоны деп танып, Ресей еліндегі Валерий Чкалов атындағы әуе көліктерін сынақтан өткізетін Мемлекеттік ұшуды сынау орталығына жалға беріп қойғанбыз. Сәуір айында ғана, Парламент Сенатының мінберінде министр Сауат Мыңбаев осы мәселені көтеріп: «Тайсойған» сынақ алаңы орналасқан аумақта мұнайдың мол қоры бары анықталды, сондықтан біз бұл мәселені Ресеймен арадағы келіссөздер жүргізу арқылы шешеміз», – деген еді. Яғни полигон аумағын Қазақстанға кері қайтарып, ресейліктерге оның орнына басқа жер телімдерін бермекпіз. Ал Тайсойғаннан табылып отырған кен орындарын игеру жұмыстары «Қайнар» мұнай-газ өндіру басқармасы мен «Мәтен» қазақ-түрік бірлескен кәсіпорнына жүктелмек. Осы және өзге де мәселелерді таразы басына тең тартқан мәжіліс аудан орталығындағы Миялы селосында болып өтті. Оған аудан тұрғындары, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, атқарушы билік өкілдері, мемлекеттік құрылым қызметкерлері, Қазақстан мен Ресей елінің Қорғаныс министрлігінің өкілдері және сенатор Сәрсенбай Еңсегенов қатысты.

ТУҒАН ЖЕРІНДЕ ТІРКЕУІ ЖОҚ ТҰРҒЫНДАР
Шыны сол, Тайсойғанның төңірегінде топталып тұрған мәселе көп. Рет-ретімен баяндасақ, алдымен ойға оралатыны – полигон аумағындағы жерлерді мекен­де­ген тұрғындардың үйлері мен пайда­ла­нып отырған жер телімдерінің заңды құ­жаттарының жоқтығы. Қызылқоға ау­да­нының әкімі Берікқали Сәрсенғалиевтің ай­туынша, күні бүгін полигон аумағында 120 үй орналасқан. Оның ішінде 43 үйдің тиісті құжаттары заңды түрде рәсімделе алмай отыр. Себебі Тайсойған селолық ок­ругінің орталығының өзі полигон аума­ғы­на кіріп кеткен. Сондықтан да кейіннен салынған се­гіз тұрғын үй мемлекеттік ак­тіге қол жеткізе алмауда.
Төрт түлік мал өсіріп, күнін көріп отырған шаруа қожалықтарының да жағ­дайы мәз емес, Ресей еліне жалға берілген жерлерде мал өсіріп отырғандықтан да аудандағы 18 шаруа қожалығының ресми түрде құжаттары жоқ. Өйткені қол­даныстағы заң бойынша полигон аума­ғындағы жер телімдері заңды және жеке тұлғаларға берілмейді. Қорасындағы қо­йын көбейтіп, шаруасын дөңгелеткісі келген шаруаларға мемлекет тарапынан берілетін субсидия да алыс арманның бірі, жер телімдерінің ресми түрде тіркелген құжаттары болмағандықтан мемлекет еш­қандай қаржылық көмек бере алмайды екен. Туып-өскен, өркен жайған жерлеріне иелік ете алмай отырған қарапайым ауыл тұрғындарын ашындыратын жайт осы. Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Индер ауданының Сарымайшағыл елді мекенінде де осындай жағдай орын алға­нын айтады. Сарымайшағылдағы 24 тұрғын үй иелеріне жекеменшік құқы жө­нін­дегі құжаттар берілмеген. Ал шаруа қожалықтарын құрған тұрғындар құ­жат­тары болмағандықтан тарап кеткен. Мұндай жағдай Атырау қаласында орна­ласқан ресейлік әскери бөлімнің жеріне де байланысты болып отыр. Махамбет ауданындағы Тайсойған полигонының қызметіне қатысты РФ 85ИП әскери бөлімі орналасқан жердің бір бөлігі «Әсел» ЖШС тарапынан заңды және жеке тұлғаларға сатылып кеткен. Енді сол сатып алған жерлерін даулап барған қазақстандықтарға ресейлік әскери бөлім басшысы ол жер полигон аумағы болғандықтан, басқа адам­дарға пайдалануға берілмейтінін айтуда. Осы жайтты тексерген тиісті құры­лым­дар әскери бөлімшенің 1,7 км х 3 км жерді артық пайдаланып отырғанын ан­ықтаған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Дәукенов 2009 жылы Ресей елінің әскери бөлімдері басшыларының қатысуымен өткен мәжілісте осы мәселені оңтайлы шешу жолдары ұсынылған хаттаманы ҚР Қорғаныс министрлігіне жол­даған болатын. Алайда Қорғаныс министрлігі әзірге «тым-тырыс, тымпи-тымпи» ойынының озық үлгісін көрсетіп отыр.
Шұрайлы жердің пайдасын қашан көреміз?
Түгін тартсаң, майы шығатын, жері шүйгін, шұрайы мол, төрт түлік малға қо­лайлы Тайсойған полигоны ауыл шаруа­шылығы мақсатында пайдалануға бе­рілсе, аудан экономикасы қосымша мүм­кін­діктерге ие болар еді. Бұл – аудан әкімі­нің ор­ынбасары Бибоз Шаяхметовтің пікірі. Кеңшар кезінде малшы отары кең дала­ның төсін мыңғырған малға толтырса, 75 мың тоннадан астам мал азығы дайын­далыпты. Осы істі жандандырса, алдағы уақытта 50 мың гектар жерден 25 000 тонна мал азығын дайындауға болады, – дейді мамандар. Сынақ алаңына қосым­ша 50 шаруа қожалығы мен ауыл шаруа­шылығы құрылымдарын құру ар­қылы 30000 бас қой малын, 10000 бас сиыр және 10000 бас жылқы өсіруге болады. Азық-түлік қауіпсіздігін жою, облыс халқын мал өнімдерімен қамтамасыз ету бағытында 2000 тонна ет, 1000 тонна сүт өнімдерін өндіріп, арзан бағамен сатуға да мүмкіндік туар еді. Сондай-ақ «Нұр­лы көш» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасауға ниет білдірген қандастарымызды жұмыспен қамтуға да зор мүмкіндіктер ашыл­мақ. Статистикалық мәліметтер бо­йынша, қазіргі күні ауданда 160 мың қой, 50 мың сиыр, 4 мың түйе мен 15 мың­ға жуық жылқы бар. Егер полигон жері шаруа­ларға қайтарылып берілетін болса, Тай­сой­ғанның төсі мыңғырған малға тола­рына күмән жоқ. Әрі «қақпақты қара қазан» атанған Қызылқоға өңірі қазірдің өзінде облыстағы үш бірдей ауданды (Жылыой, Мақат, Махамбет) жем-шөп­пен қамтамасыз етіп отыр. 750 мың гектар жерді алып жатқан полигонның қара­пайым халыққа қызмет қылар күнін ауыл тұрғындары сондықтан да асыға күтеді.
БЕС АЯҚТЫ, ЖАЛҒЫЗ КӨЗДІ БҰЗАУ МЕН ТЫМ ЕРТЕ ҚАРТАЙҒАН БАЛА
Тайсойған жері 1949 жылы әскери аймаққа айналды. 1952 жылы онда тұңғыш рет ядролық сынақ жасалды. Полигон зардапсыз болды деп «жауырды жаба тоқи алмаймыз». Елдің үрейін тудырар жайттар аз болған жоқ. Осыдан он бес жыл бұрын «Аяпберген» қыстағындағы сиыр бес аяқты бұзау туып, елдің зәре-құтын қашырды. Одан жыл айнала бере тағы бір сиыр малы жалғыз көзді бұзауды дүниеге әкелді. Бес жасынан бастап қартайып, жиырмасында жетпістегі шалдай жүзін әжім басқан Нұржан Өркешбаев та осы өңірдің тумасы. Қарап отырып жаның ауырады, бір үйдегі төрт бірдей баланың ақыл-есінде кемістік бар немесе жиырмадан асқан бойжеткен қыздар бестегі бүлдіршіннің күйінде, ойы да, бойы да өспей қалған. Бар мен жоққа шыдамды халық сонда да көнбістік танытқан, ата-бабасының қасиеті дарыған өңірден өріле қоныс аударуды қаперлеріне де алмайды. «Тек мемлекет бізге де назар аударып, әлеуметтік жағдайымыздың оңа­луына қол ұшын созса» деген тілектерін айтады. Жергілікті жұрттың бұл тілегін аудан әкімінің орынбасары Бибоз Шаяхметов те қуаттайды: «1952 жылдан бері әскери сынақ алаңы ретінде қолданылып келе жатқан Тайсойған полигонында сол уақыттан бері қаншама улы инертті газдар, ауыр металдар, радиациялық заттар жер бетіне жайылды. Полигон орналасқан жер экологиялық аймаққа жатқызылып, аудан тұрғындарын сауықтыру үшін ар­найы орындарды көптеп ашу керек. Ұзақ жылғы полигон зардабын жою мақ­сатында аудан тұрғындарына өтем­ақы төленсе тіпті жақсы болар еді» дейді ол. Бірақ қызылқоғалықтардың алаң­да­уына негіз жоқ, – дейді сенатор Сәр­сен­бай Еңсегенов. Полигонның адам ден­сау­лы­ғына, қоршаған ортаға қан­ша­лық­ты залалы бар деген сауал төңірегінде Қор­шаған ортаны қорғау министрлігіне хат жолдадым. Министрліктің арнайы бұйрығымен тапсырма беріліп, «Қаз­гидромет» РМК Тайсойған әскери поли­го­нының радиа­циялық фонына зерттеу жүргізілді. Бұл зерт­теумен Қуыс, Ыс­қақ, Мұқыр, Сағыз, Миялы, Қарабау, Тайсойған ауылдары мен Қаракөл қыс­тауы қамтылды. Зерттеу нәтижесінде полигон аумағындағы жерлерде норма­лан­ған көрсеткіштердің шектен асып кетуі анық­талған жоқ. Бұл – ғылыми түр­дегі зерттеу. Қоршаған ортаны қорғау министр­лігінің ресми түрдегі ақпараты. Сондай-ақ осы жылдың аяғына дейін Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының 812 елді мекеніне Қоршаған ортаны қорғау министрлігі экологиялық төлқұжат жасау барысында зерттеу жүргізілетінінен хабардар етті. Осы бағдарламаның аясында Қызылқоға өңірінің тұрғындары да тексеруден өтетін болады.
ҚАРА АЛТЫНДЫ ҚЫЗЫЛҚОҒА
Тоқсаныншы жылдардың аяғында полигон аумағына барлау жұмыстарын жүргізген «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы «Уаз», «Қондыбай» кен орындарын ашып еді. «Солтүстік Барлыбай», «Батыс Барлыбай», «Шығыс Барлыбай» кен орындарынан да мұнай көздері табылып, бұрғылауға дайындалған. 2000 жылы Ресей елімен арадағы келісімшартты ратификациялау туралы заң қабылданғаннан кейін бұл жұмыстар тоқтатылды. Ол жерде қазір ешқандай өндіріс жоқ. Ендігі мәселені «Ембімұнайгаз» ӨБ бастығы Жұмабек Жамауов екі ел арасындағы шартқа сәйкес полигон аумағына мұнайшылар бұрғылау жұмыстарын жүргізе алмайды, – деп түсіндіреді. Тайсойған аумағындағы аталған кен орындарын игеру аймақтың экономикалық өрлеуіне үлкен серпін берері сөзсіз. Аудан басшылары осы кен орындарындағы көмірсутек шикізатын өндіру мен тасымалдау құрылыс, электр жүргізу, сервистік қызмет көрсету сынды салалардың дамуына жол ашады дейді. Қызылқоға ауданында қазір мұнай өндірумен «Қайнармұнайгаз» және «Матин» компаниялары айналысады. Олар «Уаз», «Қондыбай» кеніштерін игеруге сақадай-сай отыр. Мұндағы мұнай қорының көптігі тағы бір мұнай өңдеу мекемесін ашуға мүмкіндік береді. «Матин» мекемесі аудан бюджетіне жылына 6 млрд теңге салып, төлеп отырған үлкен кәсіпорын. Оларды қинап отырғаны кәсіпорынға бөлінген жердің 50 пайызы полигон аумағына кіріп кеткен, сондықтан да өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік болмай отыр. «Матин» ЖШС төрағасы Рашид Агюев биыл әскери полигон иелеріне полигон аумағындағы қорларды игеруге рұқсат сұраған хат жолдағанын айтады. Бұл өтініш Ресей тарапынан қолдау тауыпты да. Бірақ мұнай өңдеу кезінде немесе сынақ бола қалған жағдайда кен орындарында болуы ықтимал төтенше жағдайларды мойындарына алмайтындарын ашық айтқан. Мұнай қоры мол аумақты бұрғылауға «Матиннің» сондықтан да тәуекелі жетпей отыр. Әрине, Тайсойғанның статусы өзгерген жағ­дайда аудандағы жұмыссыздық мәсе­лесі де оң шешімін табар еді. Мысалы, «Қайнармұнайгаз» мекемесінде 800-ден астам жұмысшы болса, олардың жартысынан көбі қызылқоғалық тұрғындар. Бұған дейін Қызылқоға ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына қолайлы қоныс атанып келсе, жақын болашақта оның заманауи қазақстандық мұнайшылардың мекені атануы да әбден мүмкін.
РЕСЕЙ ЕЛІ ТАЙСОЙҒАНДЫ ТӘУІР КӨРІП ОТЫР
«Қазынаға толы қазақ жерін жалдаудан босатып, кері қайтарып алу қолайымызға жағып отырғанымен, бұған орыс достарымыз не дер екен?» – деген заңды сауал туындайды. Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінің 85-ші полигоны­ның басшысы, полковник Александр Зи­мин­нің сөзінен олардың Тайсойғанды тәуір көріп отырғандарын аңғару қиын емес: «Полигонда қазіргі уақытта сынақ жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Бізге жаңа әскери ұшақты сынау кезінде оның жолының бойында қауіпсіз аумақ болғаны керек. Май құятын кезде немесе төтенше жағдайлар бола қалған жағдайда, ұшақ елді мекеннен тысқары жерге қонуы тиіс, ол үшін осындай полигондар қажет. «Тайсойғанда», қуанышымызға қарай, ондай төтенше оқиғалар болып көрген жоқ», – дейді ол. Зиминнің және бір айтқаны, достық пен ынтымақтастық келісімшарты негізінде жұмыс жасап жатқан екі ел бұл мәселені оңтайлы шеше алады. «Жалға бергені үшін Қазақстан Үкіметі жылына 4 миллион доллар алып отырған Тайсойған полигонының шекарасын қайта қарап шығуға ресейлік әскерилер әзір. Біз пайдаланылмай отырған жерлерге де ақша төлеп отырмыз. Қазір жалдап отырған 750 мың гектар жердің шамамен 1300 гектары да бізге жетіп қалады. Бұл мәселе екі ел Үкіметтерінің деңгейінде ғана шешіле алады», – дейді А.Зимин.

Р.S.
Әрине, Александр мырза айтқандай, бұл мәселе ынтымақтастықпен шешілсе, ең алдымен қарапайым халық үшін үлкен қуаныш болар еді. Өйткені облыс орталығынан шалғайда орналасқан, табиғи ерекшеліктері де бар ауданның жергілікті атқарушы билік қанша жерден жұмыс жасаса да, экономикалық-әлеуметтік әлеуетін көтеруге қауқары жете қоюы неғайбіл. Сондықтан да бұл мәселені мемлекеттік деңгейде көтерудің мезгілі жеткен тәрізді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста