Зайсанда белгісіз аурудан мал жаппай қырылып жатыр
Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданында белгісіз індеттен уақ мал мен ірі қара баудай түсіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Аудан тұрғындарының айтуынша, бұл жағдай сәуірдің аяғында басталған. Содан бері Шілікті, Жалши, Қарасай ауылдары мен жеке шаруашылықтарда шығын көп. Шілікті ауылындағы шаруа қожалықтарының бірінде 100 бастан астам қозы қырылып қалған.
Алдымен малдың ауыз және мұрын қуысындағы шырышты қабатына жара шығып, кейін аяғын баса алмай қалатын көрінеді. Ақыры шөп жеуден де қалады. Ветеринарлар бірнеше рет келіп, сараптама алған. Алайда нәтижесі дайын емес.
«Біздің таңғы жұмысымыз сол, мал өлексесін тазалау, ауырғанын емдеу. Ахуал қиындап барады, қайдан, кімнен көмек сұрарымызды білмей, журналистерге шығып отырған жайымыз бар. Ауыл карантинге жабылған жоқ, ешқандай шара атқарылып жатқан жоқ. Бұл дерттің адам өміріне қаншалықты қаупі бар, оны да білмейміз, бала-шағамызбен мал ішінде жүрміз», - дейді шаруа қожалығының өкілі Айбол Лекеров.
Бұл мәселе бойынша біздің тілшілеріміз салалық басқармаға хабарласты. Ондағы мамандардың айтуынша, ешқандай індет жоқ. Бар болғаны мал қыстан көтерем шыққан. Сондықтан оның төлі де көпке шыдамайды. Мамандардың сөзі осы.
«Жаңадан өлген бұзаулар мен қозылардан сынама алынып, материалдар облыстық зертханаға жеткізіледі, сонымен қорытынды шығарылады, әзірге алдын ала қорытынды бойынша ешқандай қауіпті жұқпалы ауру жоқ, алайда күтімсіздіктен, арықтықтан шығын бар. Мал өте арық, сол себепті көкке жаңадан мал ауызы тисе сала, организмде зат алмау процесі бұзылу негізінде осыған әкеп соғады», - деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин.