Жүгері шаруашылығы Н.Хрущевтің есімімен тығыз байланысты. Н.Хрущевтің 1958 жылы АҚШ-қа жасаған сапарынан кейін елімізде ең алғаш жүгері егіле бастағаны белгілі. Әу баста ұраншылдықпен басталғанымен, кейіннен оның шаш етектен пайдасын да көрдік. Бүгінде жүгері әлемдегі ең көп егілетін дақыл ретінде тек бидайға ғана жол беріп тұр.
Хрущевтің «сүйкімді сопағын» бағып-қағып өсіру оңай болмағанымен, құс шаруашылығында да, мал бордақылауда да таптырмайтын дақыл екені баяғыда-ақ дәлелденіп қойған. Егуінен бастап, оны жақсылап өсірген жағдайда әр гектарынан 12-14 тоннаға дейін таза дән, 30-40 тонна төңірегінде сүрлем алуға болады. Кеңес кезеңінде бір ғана аудан көлемінде 200 мың тоннаға дейін жүгері өндірілетін. Бүгінде еліміздің әр аймағында өсіріледі. Бірақ там-тұм. Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институты жүргізген көпжылдық агротехникалық зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, әр гектарға 120 келі азот, 180 келі фосфор мен 60 келі калий сіңіргенде, дәндік жүгерінің әр гектарынан 92,8 центнерден өнім алуға болады екен. Дегенмен бүгінде жүгеріні өсіріп, өндіргенмен, өткізуде біршама қиындық туындауда. Баға да қырдың қызыл түлкісіндей мың құбылып тұрады. Кеңес заманында мемлекет барлық өнімді қабылдап алып, құс шаруашылықтарына таратып беретін.
Қазір мұндай көмек көзден бұл-бұл ұшқан. Жүгері өсірумен айналысатын аудандар өз күндерін өздері көріп, қамдарын өздері жасауға үйренген. Бұдан бөлек, мал мен құс шаруашылығына пайдаланып қана қоймай, оның тәтті нарығында да көрсетер көмегі көп. Мәселен, Жаркент крахмал және сірне зауыты жылына 10 мың тонна жүгері қабылдайды. Оны, негізінен, тамақ өнеркәсібіне пайдаланатыны белгілі. Бұдан бөлек, глютен, жүгері майы және мал азығына қажетті жем де шығарылады. Бүгінде зауыт өндіретін крахмал мен сірнені «Жамбылгипс», «Рахат», «Қазақстан қағазы», «Қазупак», «Хамле», «Алматыазық» сынды іргелі кәсіпорындар тұтынып отыр. Мал мен құс шаруашылығына қажетті глютенді «Қостанай құс» және Өскемендегі құс фабрикалары сатып алады. Сондай-ақ мұнда өндірілген өнім түрі Ресей, Қырғызстанға экспортталады. Жүгері крахмал және сірне зауытында алты түрлі затқа айналады. Осыған қарап, келешекте жүгеріден өнім өндіретін зауыт санын көбейтсек, ұтпасақ, ұтылмас едік деген ой қаузайды.
Жүгері шаруашылығының да шаршататын мәселелері шаш етектен. Биыл жүгерінің бір келісі 15 теңгеге бағаланды. Бұл, әрине, төмен баға. Жұмысы ауыр, рахаты кем жүгері өсіру оңай емес. Осыдан үш жыл бұрын бір келі жүгері 30-40 теңгеге дейін көтерілген болатын. Бидай, арпа сынды дәнді дақылдардың бітік шыққаны жүгері бағасының төмен құлдилауына әсер етеді. Құс жемінің 70-80 пайызын жүгері құрауы тиіс. Өйткені жүгері-жемді тұтынбаған тауықтар стандартқа сай емес жұмыртқалар туады. Және бір қап дегізері – біраз құс шығыны болады. Құстың негізгі жемі жүгері болуы тиіс, алайда оны жұмыртқа өндірушілердің көбісі ескере бермейді. Қай жылы қандай дәнді дақыл арзан болады, соны алуға тырысады. Бұл өз кезегінде жүгері шаруашылығының құлдырауына әкеп соқтырады. Жүгерінің суды аса көп мөлшерде қажет ететін дақыл екені белгілі. Оны неғұрлым көп суарған сайын өнімділігі арта түседі. «Тамшылатып суару технологиясын жүгеріге де жаратып, мол өнім алуды әзірден-ақ қолға алу қажет» дейді мамандар. Бүгінде осы технологияны Израильде қолданып, жүгеріден мол өнім алып отыр. Сүрлеммен бордақыланған мал ет пен сүтті көп береді. Еліміз Кедендік одаққа енгеннен кейін, малды бордақылап, Ресейге ет өткіземіз деп мақсат қойып отыр. Әрине, бұл кезекте малымыз семіз болуы үшін ең алдымен жүгері шаруашылығын дамыту қажет. Жүгері шаруашылығы тізбектелген, яғни кластерлі өндірісті дамытуға жол ашатыны белгілі. «Дала аруын» өсіретін аймақтар ет-сүт өндіруді және құс шаруашылығын дамытуды қоса алып жүріп, екі жеп биге шығуына болады... Бұл саладағы ең бір артықшылығымыз – елімізде сапалы тұқым дайындау жоғары деңгейде дамыған. Жүгері тұқымдарына Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Иран, Түркия сынды елдер қатты қызығушылық танытып, сатып алуда. Түрлі дақылдардың тұқымын дайындайтын Жаркенттегі «Будан» шаруашылығы қазір елімізде егілетін жүгері тұқымының 50 пайызын әзірлеп шығарады. Бір ғана ауданда жүгері өсіру үшін орта есеппен алғанда 525 тонна тұқым қажет екен. Бұл үшін тұқым дайындайтын шаруашылықтарға арнайы субсидия беріліп жатыр.
Сондай-ақ тамақ өнеркәсібінде пайдаланылатын консервіленген жүгерінің бәрі де шетелден тасымалданады. Бұл да – ойлантарлық мәселе. 2012 жылдан бастап Грузия жүгеріні экспорттауды қарқынды түрде қолға алмақ. Олар әзірден-ақ дайындықты бастап кетті. Грузияның ауыл шаруашылығы министрі Бакур Квезерели елге импортталатын жүгерінің 25 пайызын өздерінде өндірілетін жүгерімен алмастырмақ. Олар 2011-12 жылдары 260 мың гектарға жүгері егуді жоспарлап та қойды. Сөйтіп, 1 миллион тоннадан астам өнімді экспорттамақ. Алдына осындай мақсат қойған ел басты қарсыласы Украинаны жолда қалдырамыз деп отыр. Грузия ертерек есін жиып, жүгері шаруашылығын дамытуға арнайы бағдарлама қабылдап жатқанда, біздің қамсыз отыруымыз әттеген-ай дегізері анық. Оның үстіне, жүгері – экзотикалық өнім емес, өзімізге етене таныс дақыл. Өндіруде де көпжылдық тәжірибеміз бар. Ендеше...
Низамутдин Пірманов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:
– Бүгінде, расында, жүгері дақылына деген сұраныс артып отыр. Құс фабрикалары көбеюде. Соған орай сұраныс та арта түсуде. Сол үшін жүгері дақылдарын егетін алқаптарды көбейту міндеті тұр. Ауыл шаруашылығын дамытудың 2011-15 жылдарға арналған бағдарламасының ішіне жүгері дақылы да кіреді, дегенмен оған арналған арнайы бөлім жоқ.
Жүгері – тарих
Еуропалықтар Оңтүстік Американы ашқан кезде «манс» деп аталатын, осы күнгі жүгері дақылдарын тапқан. Оның алғашқысын Еуропаға Христофор Колумб әкелген. ТМД аумағында жүгерінің алғаш орныққан жері – Молдовия. Одан В,Е дәрумендері, техникалық май, линолеум, желім, жасанды жібек алынады. Жүгері өндіруші үздік 10 елдің қатарына АҚШ, Қытай, Бразилия, Мексика, Аргентина, Франция, Канада, Италия кіреді. Мәселен, АҚШ-та жылына 332 092 180 тонна жүгері өндіріледі.
Жүгері – дерек
Жүгерінің 65-70 пайызы көмірсутектен, 7-12 пайызы ақуыздан, 3-6 пайызы майдан тұрады. Бүгінде еліміздегі шаруашылықтарда белгілі селекционер Лазар Койич будандастырған жүгерінің 24 тұқымы бар. 12 тұқым түрі мемлекеттік реестрге тіркелген. Тұлпар-539, Алтын-739, Арман-689, ҚазЗП-200, Скиф-619, Сұңқар-779, Марко-419 деп аталатын тұқым түрі еліміздің климаттық жағдайына бейімделген.
Жүгері – дәру
Жүгері аналығының өт жүргізетін қасиеті бар екені дәлелденді. Оның әсерінен өт секрециясы артады да, билирубин саны азаяды, өт сұйылады, қандағы протромбин саны артады, диурез күшейе түседі. Жүгері аналығын басқа да дәрілік өсімдіктермен қосып, холецистит, гепатит кезінде өт жүргізетін және өт бөліп шығаратын дәрі ретінде, сондай-ақ қан кетуін тоқтататын препарат ретінде қолданады.
Жүгері – жаңалық
АҚШ ғалымдары сұлы мен жүгері өнімдерінің венерологиялық ауруларға қарсы емі бар екенін анықтады. Бұл жүгерінің құрамындағы аргинин аминқышқылында екен. Зерттеуші ғалымдардың мәліметінше, ағзаны мерез, соз сияқты тері-венерологиялық аурулардан қорғау үшін денедегі макрофаг жасушалардың қызметін күшейту керек. Бұл жасушалар ауру қоздырғыштары мен басқа да бөгде жасушаларды жоя алады. Ал макрофагтардың белсенді әрекет етуі үшін ағзада аргинин аминқышқылы көп болуы қажет.