Хиджаб кисең, тізімде тұрасың
Облыста болып жатқан соңғы жағдайлардың салқыны білім беру мекемелеріне жеткен сыңайлы. Жаңа оқу жылы басталысымен, Ақтөбе облысының білім басқармасы хиджаб киетін оқушы қыз балалардың тізімін жасауда. Бұл туралы басқарма бастығының орынбасары Жолдас Нұршин Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы жанынан құрылған қоғамдық-саяси кеңестің кезекті отырысында мәлімдеді.
Балалар дұрыс дін мен бұрыс ағымның ара-жігін ажырата білуі тиіс. Ал облыс мектептерінде мамандар жетіспейді. Дінтану негіздерін арнайы курстарда оқып келген тарих пәнінің мұғалімдері жүргізуде.
Сондай-ақ дәстүрлі емес діни ағымның арты неге соқтыратынын жастарға түсіндіру мақсатында орта арнаулы оқу орындары мен ЖОО студенттеріне «Адасқандар» деректі фильмі көрсетілуде. Фильмде «Терроризм» бабы бойынша істі болған ақтөбелік Еркін Досқалиев туралы баяндалады.