Халық қамын кейінге ысырып қойған құқық қорғаушыларға деген ел сенімін қайтсек көтереміз?
Қазақстан халқының басым бөлігі құқық қорғау органдарына сенбейді. Себебі олар жеке бастың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің орнына азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіріп, заңсыз әрекеттерге барып жатады. Ал адам өлтірген кейбір қылмыскерлер ақталып, бостандыққа шығып жүр. Осының бәрі - еліміздегі құқық қорғау органдары арасындағы жүйесіз жұмыстың нәтижесі. Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте бас прокурор Асхат Дауылбаев осы шикі жұмыстың кейбір тұстарын ашып берді.
Кеңес жұмысы Алматыдағы ұшақ апатынан қаза болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Осыған байланысты Президент қаңтардың 31-ін Жалпы ұлттық аза тұту күні ретінде жариялағанын жеткізді. «Бүгінде арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол қайтыс болғандардың туған-туыстарына тиісті көмек көрсететін болады», – деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қазіргі кезде мемлекеттің барлық бастамасын іске асыру үшін құқық қорғау және қауіпсіздік мәселелерін жіті бақылауда ұстау қажет. «Сондықтан біз құқық қорғау саласының барлық басшысын жинап отырмыз. Олардың барлығы – аттестациядан өткен кәсіби мамандар. Мен тағы бір мәрте еске саламын, тұрақтылық және ұлттық қауіпсіздік барлық жоспарды іске асырудың негізі болып саналады. Сондықтан бүгінде біз құқық қорғау саласы бойынша атқарылған жұмысқа сындарлы көзқараспен қарап, оның проблемалары мен даму жолдарын анықтап алуымыз қажет», – деп атап өтті Елбасы. Президенттің осы сөзінен кейін бас прокурор Асхат Дауылбаев ішкі істер, кеден, қаржы полициясы, тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысына қатысты кейбір «сыни» фактілерді жария етті.
Халықтың 60 пайызы құқық қорғаушыларға сенбейді
Бас прокурордың хабарлауынша, бүгінде қазақстандықтардың басым бөлігі құқық қорғау органдарына сенбей отыр. Оның бірнеше себебі бар. «Біріншіден, бүгінде қазақстандықтар құқық қорғаушылардың қызметін жеке бастың қауіпсіздік деңгейімен бағалайды. Ал полицейлер өз еңбектерін жоғары жаққа беретін есеппен еселеп, халықтың қамын кейінге ысырып отырады. Қылмыстан зардап шеккен азаматтар өтемақы аламын десе, қағазбасты жұмысқа, содан соң сот атқару саласының сапасыз қызметіне тап болып жатады. Әлеуметтік сауалнама көрсетіп отырғандай, алматылықтардың 60 пайызы құқық қорғау органдарының қаладағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатындығына сенбейді. Алматы қаласында тіркелген 52 мың қылмыстың 34,5 мыңы немесе 66 пайызы ұрлыққа тиесілі. Ал ол қылмыстардың ашылуы небәрі 10 пайызды құрайды. Демек, 31 мыңнан астам алматылық полиция жұмысына қанағаттанбай қалды. Ондай азаматтардың саны әлдеқайда көп. Себебі бүгінде зардап шеккендердің жартысынан көбі полицияның қызметіне жүгінбей, құқық қорғау органдарымен мүлдем байланысқа түспеуді қалайды. Өйткені сенім жоқ. Ондай жағдай республиканың басқа да аймақтарында тіркеліп отыр», – дейді А.Дауылбаев. Осыған байланысты бас прокурор құқық қорғау органдарының қызметін есеп-қисаппен емес, халықтың сенім деңгейімен бағалау қажет деп отыр.
Адам өлтірген қылмыскерлер бостандықта жүр
Ел сенімін бұзған тағы бір себеп бар. Бүгінде халық әділ сотқа сенбейді. Өйткені сот актілерінің басым бөлігі орындалмай жатады. Ал сот даулары бірнеше жылға созылып кетеді. Соңғы бес жылдың ішінде ондай істердің саны 30 пайызға өсіп, 1 миллионнан астам қазақстандықтардың басын қатырып жүр. «Соттар қылмыскерлерді негізсіз ақтап отырады. Үш жылдың ішінде прокурорлардың наразылығы бойынша 71 азаматқа қатысты заңсыз негізсіз ақтау үкімдеріне тыйым салынды. 2011 жылы Астана қаласының соты кісі өлтіру фактісі бойынша айыпталған Ботабаевты ақтап шықты. Прокурорлардың барлық наразылықтары кері қайтарылды. Ал бір жыл өтпей, Ботабаев Іле Алатауы ұлттық паркінде адамдарды жаппай өлтірген экстремистік топтың құрамынан бір-ақ шықты. Қазіргі кезде оған іздеу жарияланды. Сонда судьялардың ешқайсысы жауапкершілікке тартылған жоқ», – дейді Бас прокурор. «Сонда ол кісі өлтіріп сотталмаған ба?», – деп Н.Назарбаев та өз таңданысын жасыра алмады. «Иә, оның қылмысы дәленденсе де, ол тиісті жазаға тартылған жоқ», – деп жауап берді бас прокурор. Президент Жоғарғы соттың төрағасы Бектас Бекназаровты тұрғызып: «Бектас, осындай жағдайлар бойынша өз араларыңда ашық тексерулер жүргізулерің керек. Соған қатысқан адамдардың барлығын анықтау қажет. Енді кісі өлтірген адамды (Ботабаевты – авт.) жайдан-жай босатқан жоқ қой?! Ақшаға босатты немесе басқа бір таныстары арқылы шықты ма? Басыннан-аяғына дейін барлығын жұмыстан неге қуып шықпадыңдар? Бұл мәселені халыққа неге айтпадыңдар?», – деп сұрағанда, Б.Бекназаров оның барлығын алқабилер сотына жапқандай болды. Оған Президент: «Ондай алқабилердің қажеті қанша?», – деп өз өкпе-назын білдірді.
Сот орындаушылардың қызметі де сын көтермейді. Бүгінде олар 500 мыңға жуық сот құжаттарын аяғына дейін жеткізе алмай, 2 трлн теңге көлеміндегі айыппұлдың тек 5 пайызын ғана өндіріп алды.
Заңды белден басқан полицейлер көпшіліктің алдында жазалануы тиіс
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өздері заңсыз әрекеттерге барып, осы саланың мәртебесіне нұқсан келтіріп отыр. Ондай полицейлер қызметтік этика нормаларын сақтамай, қарапайым мәдениеттен де аттап жатады. Мәселен, Шымкент қаласында жол полициясының қызметкері Мамедов ешбір себепсіз бір көлік жүргізушісін тоқтатты. Ал оның заңсыз әрекетін ұялы телефонға түсіріп жатқанын көрген кезде, Мамедов және әріптестері көліктің артқы нөмірін шешіп алып, мемлекеттік тіркеу нөмірсіз көлік мінгені үшін хаттама толтырды. Онымен қоймай, өз погондарын жыртып, полиция қызметкеріне шабуыл жасады деген айып тағуға әрекет жасаған. Дегенмен сол жерде орналасқан бейнебақылаудың арқасында құқық қорғаушылардың заңсыз қызметі әшкереленіп, қылмыстық іс қозғалды. Мұны естіген Н.Назарбаев шыдай алмай: «Осыдан кейін қандай сенім туралы айтуға болады? Полиция ел азаматтарына қызмет етіп, көмек көрсету үшін жұмысқа алынады. Меніңше, жас қызметкерлерді дұрыстап тұрып тәрбиелеу керек. Қазір жастар қалтасына «қызыл корочка» салып алып, тайраңдап жүреді. Оларға жалақыны кім төлеп отыр? Халық қой! Неге тиісті тәрбиелік жұмыстар жүргізілмейді? Неге ондай адамдарды көпшілік алдында жазаламайсыздар?! Олар халықтың құқықтарын қорғау үшін қызметке алынды. Полицияға 4 мың адам қосып бердік. Енді не жетіспейді?», – деді Президент үндемей тұрған ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовқа.
Қамауға түскен азаматтарға зорлық-зомбылық көрсету деңгейі де жоғары болып тұр. Өткен жылы ондай 602 арыз-шағым түсті. Алайда тек 27 қылмыстық іс қана қозғалды.
Қылмыстарды ашу көрсеткіші төмен
Құқық қорғау саласында сыбайлас жемқорлықтың өршіп тұрғанын халық жақсы біледі. Егер 2010 жылы 356 жемқорлық оқиғасы тіркелсе, ағымдағы жылы ондай қылмыстардың саны 450-ге дейін жетті. «Ондай істерге Жоғарғы сот, Кеден комитеті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі мен прокуратураның жоғары шенді тұлғаларының қатысы бар екені анықталып, халық арасында үлкен резонанс туғызды», – дейді А.Дауылбаев.
Құқық қорғау саласының тағы бір шикі тұсы – бүгінгі лаңкестік пен экстремистік қауіп-қатерлерге қарсы тұруға дайын емес болуы. Оның да өзіндік себептері бар. Біріншіден, тиісті болжам-талдамалы жұмыстың жоқтығы. Екіншіден, құқық қорғаушылардың кәсіби дайындығы төмен. Үшіншіден, материалдық-техникалық база халықаралық стандарттарға сай келмейді.
Бұдан басқа, қылмыстарды ашу жағы таяз болып тұр. Мәселен, адам өлтіру бойынша 4 мың қылмыстың 52-сі – 2010 жылы, 41-і – 2011 жылы ашылса, ал 2012 жылы оның саны 38-ге түсіп кетті. Ал тергеушілер тек жұмыстың көлемін ұлғайтып, есеп берумен отыр. Мәселен, Астанадағы құқық қорғаушылардың бірі есірткі затын алты рет өзі сатып алып, алты қылмыстық іс қозғады. Қаржы полициясы да осы әдісті ұстанып, бірнеше адамға пара беру арқылы қылмыстық істерді көбейтіп жатыр. «Ал Кеден комитетінің бұрынғы және қазіргі басшылығы жедел іздестіру жұмыстарын сәтсіздікке ұшыратты. Осыдан сегіз жыл бұрын кеденге заңнамамен жедел іздестіру өкілеттігі берілген. Комитеттің бұрынғы және қазіргі басшылығы бұл жұмыстарды сәтсіздікке ұшыратқанын уақыт көрсетті. Өткен жылы тек 20 ғана арнайы іс-шара жүргізілген. Дәл осымен кеден қызметкерлерін ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелерімен біте қайнасып кеткендігін түсіндіруге болады. Оған «Қорғас» кедені де айқын дәлел», – дейді А. Дауылбаев.
Мекемеаралық текетірес жойылды. Бұл – басты жетістік
Бас прокурордың хабарлауынша, соңғы екі жарым жылдың ішінде құқық қорғау органдарының «ішкі қақтығыстары» тоқтатылды. Бұл негізгі жетістіктердің бірі болып саналады. «Себебі ұзақ жылдар бойы күш-қуат органдарының мекемеаралық текетіресі мен бәсекесі біздің ортақ ісімізге үлкен зиян келтірген. Заңнама аясында қызметтік міндеттемелерді реттеп, үйлестіру кеңесінің рөлін күшейтудің арқасында құқық қорғау жүйесі қалыпты жұмыс істей бастады. Қылмыстарды есепке алып, тіркеу мәселесі бір жолға қойылды», – дейді А.Дауылбаев. Осының нәтижесінде өткен жылы республика бойынша тіркелген қылмыстың саны 39 пайызға өсіп, бүгінде 288 мыңға дейін жетті. Бас прокурордың айтуынша, қылмыстарды дер кезінде тіркеп, нақты статистика жүргізудің арқасында осы саладағы ашық «картинаны» қалыптастыруға болады. Аттестация 100 мың қызметкердің 16 мыңын қысқартып, кәсіби мамандарды қалдыруға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысы құқық тәртібін сақтайтын барлық органдарға жұмыстың әрбір бағыты бойынша ауқымды міндеттерді анықтап, бір ай ішінде кеңейтілген алқа өткізуді тапсырды. Онда ұлттық қауіпсіздіктің бейіндік саласын жаңғыртудың нақты жоспары бекітілуі шарт. Қылмыстық істер жөніндегі сот өндірісін реформалау да аса маңызды. Негізгі міндеттердің бірі – сот жүйесі мен құқық қорғау органдары қызметінің мүлде жаңа құқықтық кеңістігін қалыптастыру. «Қазақстан–2050» стратегиясында биыл Парламентке төрт жаңа базалық кодексті – Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық, Қылмыстық-атқарушылық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті әзірлеп, енгізу міндеті қойылған. Оларда сот өндірісінің жаңа конфигурациясын, құқық қорғау жүйесінің азаматтар құқықтары мен мүдделеріне тікелей қатысты барлық тармағының өкілеттігі мен құрылымын анықтаған жөн.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаһандық және өңірлік ахуалдың трендтерін ескере отырып, Қазақстанның сыртқы шебін қорғау жөніндегі кешенді шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталып, шекара қызметін дамытудың және мемлекеттік шекараны орнықтырудың 2020 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы сын-қатерлерді ескере келе, мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қарулы Күштердің рөлін күшейту маңызды екендігін жеткізді. Осыған орай Қорғаныс министрлігіне Қазақстандағы ішкі ахуал тұрақтылығын бұзу әрекеттеріне қарсы күреске пайдалануға болатын Қарулы Күштердің барлық мүмкіндіктерін тағы да талдаудан өткізу міндеті жүктелді.
«Менің тапсырмам бойынша қазір Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатыр. Оны тек діни экстремизм мен терроризммен байланысты қауіпке ғана бағыттау дұрыс болмас деп санаймын. Ол бес-алты жылға есептелген барынша кең қолданылатын құжат болуға тиіс. Терроризмге қарсы күрестің тиімділігінің басты өлшемі – террорлық оқиғалардың мүлдем болмауы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңесті қорытындылай келе, Н.Назарбаев құқық қорғау саласындағы кадр саясатының тұжырымдамасын әлемдік стандарттарға сай етіп, Президент Әкімшілігі жанынан Құқық қорғау органдарының кадр саясаты жөніндегі комиссия құруды, аттестаттау жүйесін жетілдіру және оның жыл сайын өткізілуін ескеруді тапсырды. «Бұл міндеттерді іске асыру үшін құқық қорғау органдарының ресурстары мен тәжірибесі жеткілікті. Менің әрбір тапсырмамды қойылған міндеттердің стратегиялық маңыздылығына сәйкес орындау қатаң талап етіледі, – деді Мемлекет басшысы.