Вице-министрлердің төбесінен сөгіс жауған күн

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Ақордадағы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі өткелі бері бір айдың жүзі болып қалды. Осы уақыттың ішінде Елбасы сынынан нендей қорытынды шығып, нендей шаралар атқарылды? Н.Назарбаевтың берген тапсырмалары бойынша әрбір министрлік не істеді? Осыны білу үшін кеше Премьер-министр Серік Ахметов Министрлер Кабинетінің мәжілісін өткізіп, бір айда болған өзгерістерді сараптап шықты. Осылайша бұқаралық ақпарат құралдарында дүркін-дүркін көтеріле бастаған «Үкімет қайда қарап отыр» деген сұраққа Премьер Серік Ахметов жалғыз өзі емес, барлық министрлердің жауап беретіндігін білдірді. Отырыс бірнеше вице-министрге сөгіс жариялаумен аяқталып, Үкімет Елбасы сынын түзеуге шындап кірісетін іс-шаралар жоспарын қабылдады. Енді Елбасы тапсырмасын осы жолы орындаудан тайқығандар кресломен біржолата қоштасатын болады. Үкімет басшысы осыны қатаң ескертті.

Б.Жәмішев коммерциялық сатып алуларды ашық жүргізу тетігін тапты
Елбасы тапсырмаларының орындалуына арналған отырысты Серік Нығметұлы мем­ле­кеттік сатып алулар мәселесінен бастады. «Бұл – халық арасында ұдайы талқыланып, үнемі сыннан көз ашпай келе жатқан сала. Сонда Қаржы министрлігі сынға құлақ түріп, нақты сараптама жасамай ма? Сыбайлас жемқорлық пен бюрократия қалыпты жағ­дайға айналды. Осы орайда қандай шаралар атқа­рылды? Оның барлығы жаңа заң жоба­сында қаншалықты ескерілді?» – деп Пре­мьер-министр, ең алдымен, қаржы ми­нистрін жауапқа тартты.
Болат ЖӘМІШЕВ, ҚР қаржы министрі:
– Негізі, мемлекеттік сатып алуларды элек­­тронды жүйеге көшірудің нәтижесінде бұл жұмыс ашық жүргізіле бастады. Алайда оған барлығы бірдей қатысып жатқан жоқ. Оған қоса, бізде конкурстардың 63 пайы­зын­да тауар мен қызметтер бір жерден са­тып алын­ды. Ол да дұрыс емес. Ондайда мем­лекеттік ор­гандар сатып алу конкурс­тарын жоққа шы­ға­рып келеді де, ақырында бар­лық тауарларды бір жерден сатып алады. Сөй­тіп, электронды жү­йені өз пайдасына жа­ра­тып жатады. Сон­дық­тан мемлекеттік сатып алулар бойынша Бірыңғай ұйымдастырушы органды енгізудің нәтижесінде аталған мә­се­лелер шешілуі тиіс. Себебі оның тиімділігін бағалау барысында кон­курстардың санына басты басымдық бе­рілетін болады.

Алайда ел экономикасының һәм қа­зынаның қыруар қаражатын қанатының астына басып отырған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына кіретін компания­лар­дың сатып алулары өз ішінде өтетіндігі бел­гілі. Оның барлығы арнайы заңмен де бекі­тілген. Осыдан біршама уақыт бұрын Қар­жы полициясы қордың сатып алу­ла­рын мемлекеттік жүйеге қайтару бастама­сын да көтерген еді. Бұған «Самұрық-Қа­зы­на­ның» басшылығы ләм-мим деген жоқ бола­тын. Мемлекеттік органдар да орны­нан қозғалмады. Содан Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полиция­сы. – Авт.) бастамасы іске аспай қалған-ды. Дегенмен бүгінде «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қоры электронды сатып алулар жүйесіне көшуге кірісетінін мәлім­деген. Келесі жылдың басынан бастап қордың барлық сатып алулары электронды нұсқаға ауысуы тиіс. Осыған орай, қаржы министрі Болат Бидахметұлы тағы бір тың ұсынысты көлденең тартты. «Енді қазіргі заңнамаға сәйкес, бюджеттік кәсіпорын­дардың сатып алулары мемлекеттік жүйе аясында өткізілсе, акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер сияқты ұйымдар оған қатыспайды. Бұл жұмыс өз ішінде жүргізеді. Сондықтан олар­дың барлық сатып алуларын «Самұ­рық-Қазынаның» электронды жүйесі негізінде өткізуге міндеттеу керек деп санай­мын. Осының арқасында мемлекет­тік сектордағы мемлекеттік емес сатып алу­лардың тиімділігін арттыруға болады», – дей­ді ол. Бәлкім, бұл ұсыныс мемлекеттік сатып алуларға арналған жаңа заңға кіре­ді.
Ал алкоголь айналымына қатысты заң жобасын Жәмішев мырза желтоқсанның 10-ына дейін депутаттарға жолдауға уәде берді. Үкімет отырысында министр атал­ған құжаттың екі жыл бойы жатып қалу себебін де түсіндіруге тырысқан. «Аталған құжат 2011 жылы әзірленіп, Үкіметтің қара­уы­на енгізілген болатын. Алайда Кеден­дік одақ елдерінің нарықтарына алко­голь өнімдерін жеткізу туралы келісім­шартты рәсімдеуге қатысты бастама көтерілгеннен кейін ол заң жобасын талқылаудан алып тастапты. Басында үш елдің келісімшарты аясында жаңа заңға өзгеріс енгіземіз деген ой болған. Дегенмен қазіргі кезде жағдайға қарасақ, Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің нарықтарына алкоголь өнімдерін жеткізу мәселесінің шешілетін түрі жоқ. Соның салдарынан біз біраз уақытты жіберіп қойдық. Ол уақыттың ішінде еліміздегі алко­голь айналымын реттеп алуға бола­тын еді», – дейді бас қаржыгер.
Жаңа министрдің орынбасарлары өз еркімен жұмыстан кетті
Үкімет басшысы бюджет қаржысын игеру мәселесіне ерекше көңіл бөліп, оған жауапты лауазымды тұлғаларды жазалау мәселесін де көтерді. «Бүгінде біз бюджетті нақтылап, Парламенттің қарауына жібер­дік. Сосын бюджет қаражатын игермей қалған лауазымды тұлғаларды жазалау бойынша тиісті ұсыныстар жасалды. Осыған байланысты мен денсаулық сақтау вице-министрі Болат Такежановқа, ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаевқа және қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаевқа сөгіс жариялаймын. Бұдан басқа, бірқатар комитет басшылары мен басқа да лауазымды тұлғалар жазаға тартылды», – деді Серік Ахметов. Сондай-ақ Үкімет басшысы қаржы мәселесіне жауапты облыс әкімдерінің орынбасар­ларына сөгіс жариялауға тапсырма берді. Айта кетейік, вице-министрлерге сөгіс жариялаудың басты себебі – қаражаттың игерілмей қалуында. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі бойынша 9 млрд 678 млн теңге, Қаржы министрлігі – 8 млрд 538 млн теңге, Білім және ғы­лым министрлігі – 7 млрд 240 млн теңге, Ин­дустрия және жаңа технологиялар ми­нистр­лігі – 6 млрд 345 млн теңге, Денсау­лық сақтау министрлігі – 6 млрд 55 млн теңге, Қоршаған ортаны қорғау ми­нистрлігі – 2 млрд 285 млн теңге, Мем­ле­кет­тік қауіп­сіз­­дік комитеті – 1 млрд 411 млн теңге, Көлік және коммуникациялар ми­нистр­лігі – 1 млрд 388 млн теңге, ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 млрд 304 млн теңгені игермей қалған. Айта кеткен жөн, биылғы республикалық бюджетті нақтылау жұмысы аясында игеріл­меген қаражаттың барлығы қай­тары­лып алынған болатын. Енді бұл қара­жат бөліске түспейді. Дей тұрғанмен, бюд­жет қаражатын «асыра игеріп» тастауға тырысқан министрліктер­дің болғанын да жақсы білеміз. Мәселен, Білім және ғылым министрлігі электронды оқыту жүйесін сатып алған кезде құрал-жабдықтардың бағасын мүлдем ақылға қонымсыз көрсет­кен. Сөйтіп, бір жағынан, бюджет игерілме­се, екінші жағынан, қаражат қолды болған. Бұл мәселе бойын­ша Үкімет басшысы жа­ңа­дан тағайын­далған министрді тыңдап көрді.
Аслан СӘРІНЖІПОВ, ҚР білім және ғылым министрі:
– Бүгінде вице-министрлер жұмыстан өз еркімен кету жөніндегі арыздарын жазып тапсырды. Осыған орай біз Үкіметке тиісті ұсыныстарды енгізіп, оларды қыз­меттен босататын боламыз. Министрліктің жауапты хатшысына қатысты да тиісті шаралар қолға алынады. Қазіргі кезде ми­нистрліктің алдында маңызды міндеттер тұр. Соның барлығын іске асыру үшін ты­ным таппай жұмыс істеу керек. Сондықтан біз жұмыс істемейтін адамдармен қош айты­сатын боламыз. Ол мәселе ми­нистрлік­ке де, жоғары оқу орындарына да, жалпы, барлық білім беру мекемелері­не де қатысты.

Айта кетейік, білім министрі өз орын­басарлары туралы айтқанда олардың атын атап, түсін түстемеген еді. Алайда біздің білетініміз – білім және ғылым министрінің екі орынбасары бар, олар – Мұрат Орынханов және Мұрат Әбенов. Вице-министрдің екеуі де экс-басшы Бақытжан Жұмағұловтың кезінде тағайын­дал­ған. Қазіргі кезде қос Мұрат кезекті еңбек демалысына шығып кеткен көрінеді. Ендеше, ары қарай бір-ақ кетеді деген сөз емес пе?
Министрлер де қызметімен қош айтысуы мүмкін
Сосын Премьер-министр «көлеңкелі» экономикамен күрес мәселесін қозғады. Бұл жайында экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев ұзын-сонар жоспарды оқи жөнелді. Үкімет басшысы оны тоқтатып тастады. Нақты іс туралы баяндауды сұрап, сауалдың астына алды. «Сауданың айтарлықтай басым бө­лігі бізде ашық базарлардан келіп жатыр. Базарлардағы ретсіз сауда «көлеңкелі» экономиканы одан сайын әлдендіріп келеді. Ал одан кім байып жатыр? Ресми төлем жоқ, төлемнің бәрі «көлеңкеде» қа­лып жатыр, түбіртек беру үдерісі де жолға қойылмаған. Біз базарларға қашан тәртіп орнатамыз – осы. Әкімдермен бірле­сіп осыны қарайық, сосын кіріселік жұмысқа. Осы нақты 4-5 бағытты алайықшы, ал сіз экономика министрі ретінде Үкіметке, әкімдіктерге осы проблеманы алға тартыңыз, сосын ақылдасайық. Нақтылап, 2014-2017 жылдарға арнап тура осы іске кірісейік. Ал мына 150 пункттен тұратын жоспардан не шығады? Оның орнына ең басты 10-ын алайық, сосын барлық әкім­дермен бірігіп, соған жабылайық бәріміз», – деді Серік Ахметов. Үкімет басшысы сол сияқты басқа да мемлекеттік бағдарла­малар бойынша шашырамай, нақты бір­неше бағытта жұмыс жасау қажеттігін жет­кізді. Осы орайда ол тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығын жаңғырту бағдар­лама­сын іске асыру барысында болған көпте­ген кемшіліктер үшін өңірлік даму вице-министрі Серік Нокинге сөгіс жариялады. Серік Ахметов тұрғын үйлерді жаңғырту аясындағы шараларды бизнеске беруді ұсынып, ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдеу бойынша нақты бір салалық бағдарламаны әзірлеуді тапсырды.
Ал индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құрылған бірқатар арнайы экономикалық аймақтар бо­лашақ­та жабылуы әбден мүмкін. Премьер-министр атап көрсеткендей, бүгінде республика бойынша құрылған 10 арнайы экономикалық аймақтың тек екеуі ғана толыққанды іске қосылды. «Атырау­дағы мұнай-химия паркі туралы айтып келе жатқанымызға біраз болды. Алайда оны тосқауылмен қоршап, тек жерді бөлу­мен ғана шектелдік. Ол әлі іске қосылма­ған. Сол сияқты «Қорғас» та 2011 жылы құрылды, бірақ әлі күнге дейін оның техникалық-экономикалық негіздемесі жоқ. Қазір тек екі аймақ қана жұмыс істеп жатқан көрінеді. Олар: «Бурабай» және «Оңтүстік». Дегенмен «Оңтүстіктің» өзінде ғи­мараттар бос тұр. Әзірше құр сөзден басқа ештеңе жоқ. Онда нақты арнайы үш экономикалық аймақты таңдап алайық та, соларды көтермейінше, басқаларын тоқтата тұрайық», – деді С.Ахметов. Осы жұмысқа жауапты ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исеке­шевтің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде шетелдік сарапшылардың қатысуымен әрбір арнайы экономикалық аймаққа сарап­тама жасалып жатыр. «Сондықтан ағымдағы жылы желтоқсанның соңына қарай біз аталған сараптаманың қорытын­дысын шығарамыз. Сол кезде еліміздегі арнайы экономикалық аймақ­тарды дамыту я болмаса жабу бойынша нақты ұсыныс жасайтын боламыз», – деп атап көрсетті министр.
Жалпы, ел экономикасындағы тиімсіз жобаларға рұқсат беріп, осы саладағы жұмысты дұрыс жүргізбегені үшін ин­дустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рауға да сөгіс берілді.
Сосын мұның барлығын бұқаралық ақпарат құралдарында ашық көрсетпегені үшін мәдениет және ақпарат вице-министрі де сөгістен құр қалмады. Әлбетте, халық арасында осының барлығына министрлер неге жауап бермейді деген сауал да туындауы мүмкін. Айта кетейік, ондай үкімді тек Президент қана шығара алады. Сондықтан Серік Ахметов вице-министрлерге сөгіс жариялаумен шектелді. Алайда ол Мемлекет басшысына ұсыныс жасап, мемлекеттік орган басшылары мен облыс әкімдерін де жазалайтынын ескертті. «Қазіргі жағдай жылдың соңына дейін өзгермесе, мен Президенттің атына бірін­ші басшыларды, оның ішінде министрлер мен әкімдерді жазалау туралы ұсыныс­тарды енгізу мәселесін қарастырамын. Сондықтан Елбасының барлық тапсыр­маларын сапалы түрде орындау жұмысына баса назар аударуды қатаң жүктеймін», – деді Үкімет басшысы.
Шынын айту керек, Президент Н.Назарбаевтың тапсырмаларын орындау бойынша атқарушы билік әзірше нақты бір жетістіктермен мақтана алмайды. Әрине, Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі өткелі бері бір ай, нақты айтсақ, 17 жұмыс күнінің ішінде барлық мақсат-мін­деттерді іске асыру мүмкін емес. Себебі министр­ліктер арасындағы хат алмасулар­дың өзі бір айдан астам уақытқа созылып жата­ды. Ал соның барлығы аймақ басшы­ларына жеткенше, тағы біраз уақыт­тың кететіні белгілі. Дегенмен Министр­лер Кабинеті Мемлекет басшысы­ның тапсыр­маларын орындау бойынша іс-шаралар жоспарын бекітіп үлгерді. Онда нақты 70 шара бар. Соның 46-сы ағым­дағы жыл­дың аяғына дейін орындал­са, 24 шара келесі жылға қалып отыр. Қа­зір­гі кезде оның барлығы тиісті мемлекеттік органдар арасында таратылды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста