«Қымыз өндіру үшін рұқсатты немістерден сұрау керек екен» десе, бойыңызды қандай сезім билер еді? Көзіңіз шарасынан шықпаса да, қаныңыз басыңызға шапшып, талағыңыз тарс айырылуға шақ қалары анық. Әйтпесе «бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық сусынымызды дайындау үшін қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын немістен рұқсат сұрау деген не сұмдық?» деп ежірейе қарауыңыз да мүмкін. Қандай күйге түссеңіз де, расын айтайық, болашақта қымыз өндіру үшін немістен рұқсат сұрап жатуымыз да ғажап емес. Себебі бүгінде қымызымызды Ганс Цольман деген немістің патенттеп алғанын бәріміз білеміз. Ет-нанымызды да (бір жерлерде қамыр ауқат деп те жүр) басқа ұлттар патенттеп алғысы келетінін де естіген едік. Тіпті Гиннесстің рекордтар кітабына кірген қазыны да қытайлықтар «Қытайдың ұлттық тағамы ретінде тіркейік» деп, сол жақтағы қазақтарымызды айналшықтап біраз әуре-сарсаңға түсіпті. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ». Ал біз әлі күнге дейін ұлттық құндылықтарымызды меншіктей алмай келеміз.
Осы мәселеге қатысты Парламент Мәжілісінің депутаты Динар Нөкетаева Әділет министрлігіне хат жолдаған екен. Сол хатында депутат қазы-қарта, жал-жая, шұбат, қымыз, құрт, ірімшік секілді ұлттық тағамдарымызды дайындау тәсіліне патент беру турасында сұрапты. Министрлік халық қалаулысының хатына: «Халқымыздың ұлттық тағамдары болып табылатын қазы-қарта, жал-жая, шұбат, қымыз, құрт, ірімшікке, сонымен қатар оларды дайындау тәсіліне қатысты кез келген жекеменшік немесе заңды тұлғаға айрықша құқық беру, тіпті мемлекетке меншіктеп беру басқа тұлғалардың оларды күнделікті тұрмыста тұтыну мүмкіншілігін шектеу болып табылады. Мұндай жағдайда кез келген мереке, мейрамдарда дастарханға қою үшін патент иеленушінің рұқсатын алу қажеттігі туындайды», – деп жауап беріпті. Сонда қалай, күбі тола қымызды пісу үшін, сары қымыз сапырып, тамсана отырып ішу үшін немістен рұқсат сұрау керек пе екен?
«Бәйбішеге жарасар, еміздіктеген сабасы» дейді Бұқар жырау. Егер немістен қымыз үшін рұқсат сұрасақ, жағдай жараспайын деп тұр. Сол үшін Динар Нөкетаева Парламент Мәжілісінің кешегі пленарлық отырысында зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстыра келген әділет министрінің орынбасары Әмірхан Аманбаевтан: «Қымыз жасауға немістің азаматы авторлық құқық алып жатқанда, біз неге өзіміздің елдегі азаматтарымызға патент бере алмаймыз?» – деп сұрады. Вице-министрдің айтуынша, мәселенің осы уақытқа дейін шешім таппау себебі – «Қазақтың дәстүрлі білімдері» туралы заңының әлі күнге дейін дайын еместігінде. Бұған Әділет пен Білім және ғылым министрліктері жауапты екен. «Бірақ заңның жобасын заң шығару институтына бердік. Қазақтың ұлттық тағамдары, салт-дәстүрлері, ер-тоқым, жүген секілді ат-әбзелдерін жасау өнері, бәрі қорғауға алынуда. Немістің қымызды патенттегені қазақ қымызсыз қалады деген сөз емес», – деді Әмірхан Тапашұлы. Бірақ мұнысы Динар Нөкетаева ханымның көтеріп отырған мәселесіне, қойған сұрағына оңды жауап болмады.
Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл да ұлттың зияткерлік құқығы деген мәселені сұрады. Депутаттың жоқтап отырған мәселесі қазақ халық ауыз әдебиетінің төңірегінде. «Мәселен, «Алпамыс батыр» жыры, Ер Тарғын, Қамбар, тіпті Қорқыт бабаларымызға дейін «мынау біздікі, қазақтікі емес» деген дау-дамайлар әлі күнге дейін жүріп келеді және бірқатар түркітектес елдер соларды өздеріне меншіктеп алып кетті. Дәл қазіргі кезде осындай дау туа қалса, Әділет министрлігінің қолында соларды қорғайтын қандай құқық бар?» – деді Алдан Смайыл. Әмірхан Тапашұлының айтуынша, бұл мәселе де сол «Қазақтың дәстүрлі білімдері» туралы заң жобасында қарастырылған екен. Ол заң қашан дайын болады? Парламент қабырғасына қашан жеткізіледі, ол Аллаға ғана мәлім. Оған дейін өзге елдер қазақтың қанша ұлттық құндылығын меншіктеп алар екен, ол да белгісіз. Сондықтан да бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Оны депутат Рамазан Сәрпеков те айтты. «Заң шығады деп күтіп отырған дұрыс емес. Осы мәселенің төңірегінде жүйелі түрде дөңгелек үстел немесе конференция өткізесіздер ме? Қысқасы, мүдделі мемлекеттік органдармен жұмыс жасайтын уақыт келген сияқты деп ойлаймын», – деді ол.
Мұны ұсақ-түйек дүние деп қарауға болмайтынын Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов та ескертеді. Себебі әлемде ондай да оқиғалар болған. «Мысал үшін өзімнің көрген-естігендерімді айтайын. Швейцарияда фангю деген тағам бар. Ол – ірімшіктің астына от жағып қойып, нан батырып жейтін тағам. Соған қазір бірнеше мемлекет таласып жатыр. Ал сол фангюің біздің қазақтың балқаймағынан артық емес. Дәл сондай дәмді емес. Ал енді Шығыс Еуропада паленка деген ішімдік бар. Соған да бірнеше мемлекет таласады. Ол ішімдікке венгрлер, болгарлар, югославтар таласуда. Осы сияқты будвайзер деген сыраға Чехия мен Америка таласты. Америкада бұл сыра нөмірі бірінші саналады. Алайда бұл дауда Чехия жеңіп шықты. Қазіргі күні будвайзер сырасы Чехияның зияткерлік меншігіне жатады. Ал сол паленка мен будвайзерің қазақтың балқаймағы мен шұбатынан артық емес. Сондықтан да бұл ұсақ-түйек мәселе емес, осының бәрін ертерек қолға алуымыз қажет», – деді Орал Мұхамеджанов.
Ұлттық құндылықтарға қатысты заң неге маңызды құжаттардың қатарында жоқ?
Последние статьи автора