Қаржы нарықтарындағы геосаяси тәуекелдер мен құбылмалылықтың өсуі аясында қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету және теңгедегі депозиттердің тартымдылығын қолдау үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп бюджет қаражатының есебінен жеке тұлғалардың депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) есептеуді көздейтін Теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасын іске асыратын болады. Бұл туралы Azattyq Rýhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды
Бағдарламаға қатысуға 2022 жылғы 23 ақпан күнінің соңындағы жағдай бойынша салымдарға кепілдік беру жүйесіне қатысушы – бір немесе бірнеше екінші деңгейдегі банкте және «Отбасы банк» акционерлік қоғамында ашылған жеке тұлғалардың теңгедегі салымдары қатысады. Бағдарлама ағымдағы және карточкалық шоттарға, сондай-ақ талап етілгенге дейінгі депозиттерге және шартты депозиттерге қолданылмайды.
«10% мөлшеріндегі өтемақы (сыйлықақы) әрбір банкте 1 адамға 2022 жылғы 23 ақпан күнінің соңындағы қалдықтар шегіндегі жалпы сомада, бірақ Бағдарламаны іске асыру басталған кезден бастап 12 айдан кейін 20 млн теңгеден аспайтын сомадағы (салымның нақты сомасы 20 млн теңгеден аспайтын болса, сол сомадан астам емес) көрсетілген салымдарға 1 рет есептеледі. Өтемақыға (сыйлықақыға) жеке табыс салығы салынбайды.
Екінші деңгейдегі банктегі салым мерзімінің соңына дейін, бірақ тетік енгізілген сәттен бастап кемінде 12 ай, яғни 2023 жылғы 24 ақпанға дейін салымды сақтау сыйлықақыны есептеу үшін міндетті талап болып саналады. Егер салым мерзімі өтемақы (сыйлықақы) төленгенге дейінгі кезеңде аяқталса, депозит Бағдарламаның аяқталу мерзіміне дейін ұзартылуы тиіс. Салымды ішінара алу кезінде өтемақыны (сыйлықақыны) төлеу жоғарыда көрсетілген лимиттерді ескере отырып, ақша алынғаннан кейін салым қалдығының сомасына жүзеге асырылады», - делінген мәлімдемеде.
Жуырда Үкімет пен Ұлттық Банктің тиісті актілері қабылданатын болады. Бағдарламаға қатысу үшін салымшылар салым орналасқан екінші деңгейдегі банкке барып өтініш беруі қажет.