Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің полицейлері суға түсу маусымында болатын жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында, Шардара су қоймасында профилактикалық рейд жүргізді. Іс-шара барысында полицейлер демалушыларға шомылу кезіндегі қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын ескертті.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары тұрғындардың назарын кәмелетке толмағандармен болатын суға түсудегі оқыс оқиғалардың алдын алуға аударды. Полиция қызметкерлері ересектер мен ата-аналарды мұқият болуға, балаларын бақылауға және шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Балаларды су объектілерінің жанында қараусыз қалдырмауды, ттек арнайы бөлінген жерлерде шомылуды, ұсынылған тереңдіктен асып кетпеуге кеңес берді.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары Шардара ауданының жолдарында тұрғындар мен жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тақырыптық бағыттағы ақпараттық жаднамалар таратты.
Түркістан облысы ПД ЖПҚ бастығы полиция полковнигі Асылхан Төреханов: "Жазғы маусымда шомылғысы келетіндер саны артады. Осыған байланысты тұрғындардың барлығын судағы мінез-құлық ережелерін сақтауға шақырамыз. Балаларды назардан тыс қалдырмаңыздар. Сондай-ақ жол ережелерін бұзбаңыздар, әсіресе мас күйінде көлік жүргізбеңіздер"-деп атап өтті.
Полицейлер судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында, осындай рейдтік іс-шаралар облыстың барлық аудандарында жүргізілетінін жеткізді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі