Түркістан облысының полиция қызметкерлері ұрлық қылмысын азайту мақсатында бірқатар ауқымды, кең көлемді шараларды үздіксіз жүргізуде. Бұл бағыттағы негізгі іс-шаралар 2021-2023 жылдарға арналған «Мүлікті қорғау жөніндегі» ведомстволық бағдарлама жоспарының тармақтарын орындау шеңберінде іске асырылады. Жүргізілген жедел-профилактикалық шаралардың нәтижесінде облыс көлемінде ағымдағы жылдың 6 айында ұрлық қылмысы бойынша 445 іс тіркеліп, оның 329-ы ашылған.
Оның ішінде пәтер ұрлығы бойынша 236 жайт тіркеліп, 199-ы ашылды. Ауыр санаттағы пәтер ұрлығының ашылуы 55,3 пайыздан 80,2 пайызға жақсарды. Осы аралықта полиция қызметкерлері 96 пәтер ұрлығына қатысы бар 22 адамнан құрылған 9 қылмыстық топты ұстады. Орын алған пәтер ұрлықтары кезінде ұрылар, ақша және алтын бұйымдарды жымқырған. Себебі алтын мен ақша қалтаға немесе осыған ұқсас қолқаталарға жасырып, алып шыққанда ыңғайлы және көрінбейді.
Сондай-ақ жаз маусымы, тұрғындардың көпшілігі шалғай жерлерге, шетелдерге, демалыстарға кететіні белгілі. Ал, бөтеннің мүлкін жымқыруды ойлаған қылмыскерлер осы тұсты оңай пайдаланып, ұрлық жасайды. Сондықтан үйді қараусыз қалдырып, басқа жерлерге кетуге мәжбүр болсаңыздар есік, терезелерді жауып, құлыптап, мүліктерді ашық қалдырмай, көршілердің немесе жиі бақылап тұратын адамдардың тұрақты назарына қойып кету керек. Бұдан бөлек, үй-жайларға, мүмкіншілік болса, терезелерге темір торларды, күзеттік дабыл құрылғыларын, аулаға бейнебақылау орнату қажет.
Жалпы ұрлық қылмыстары туралы сөз қозғауымызға себеп, өңірімізде орын алатын қылмыстардың басым бөлігі осы санаттағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды құрайды. Десекте Түркістан облысында ұрлыққа, оның ішінде мал ұрлығына қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі жұмыстың нәтижелері жақсарған. Яғни мал ұрлығы бойынша 65 жайт тіркеліп, оның 42-сі ашылған. Ашылу пайызы 67,7-ні құрайды. Жалпы 400-ден астам мал ұрланса, оның 190-ы иелеріне қайтарылған. Тіркелген мал ұрлықтардың жартысынан көбі жайылымнан кеткен.
Осы орайда полицейлер тұрғындарға ескертеді: Әкімдік, мал егесі, бақташы тарапынан үш жақты келісімдер жүргізіп, малды қараусыз қалдырмау, сырғалау, үйірде жүрген айғырларға GPS чип орнату, малдары жоғалған жағдайда тез арада полицияға хабарлама беру қажет. Сондай-ақ жыл бойына мал базарларда ескерту парақтары таратылып, алдын алу шаралары жүргізіліп отырады.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысы ПД барлық аудандық, қалалық полиция бөлім, басқармаларында профилактикалық іс-шаралар жүргізу, оны жетілдіру жұмысы күн тәртібінен түспек емес.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі