Түркі әлеміне ортақ әліпби қандай болуы керек?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы уақыт өткен сайын күшейіп келеді. Түркілердің экономикалық интеграциясына көңілі толмайтындар көп. Әйтсе де әлеуметтік, мәдени салаларда белгілі бір деңгейде алға жылжу байқалады. Өзара Парламенттік Ассамблея құрған түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесін де құрған болатын. Қазан айында Алматыда өткен Ынтымақтастық кеңесінің отырысында біраз мәселе қаралған еді. Ұйымның тұңғыш саммитінде ортақ тарих, мәдениет, төл ерек­шелік және тіл негізінде өзара тиімді мүдделерді, қатынастарды және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті. Ал жақында түркі әлемінің құзырлы органы саналатын Парламенттік Ассамблеясы жалпытүркі тілі мен әліпбиі туралы заң жобасын жасауды жоспарлап отырғаны белгілі болды.
ТүркПА Бас хатшысы Рамиль Гасанов: «Түркітілдес елдер парламентшілерінің пі­кір­лері ескеріле отырып, жалпытүркі тілі мен әліпбиін жасау заң жобасы ретінде жа­салуы керек», – деп мәлімдеді. Оның ай­туынша, ТүркПА комиссиялары келесі жыл­дың маусымына дейін ұсыныстарын бір­тұтас құжат ретінде бере алса, бұл мәселе 2012 жылы Бішкек қаласында өте­тін Ассамблея сессиясының талқылауына шығарылады. Бұл туралы тіл маманы, бел­гілі саясаттанушы Дос Көшім былай дейді:
– Түбі бір түркі елдері екеніміз рас. Туысқандық жолмен бірігуді қолдаймын. Қазір бізде латын әліпбиіне көшу мәселесі жиі көтеріліп жүр ғой. Өз басым аяқасты­нан латын әліпбиіне көшуге қарсымын. Се­бе­бі Өзбекстандағы әртүрлі әліпби қолда­ну­дың қандай теріс әсер бергенін білеміз. Бі­рақ түбінде көшуіміз қажет, кириллицадан құ­ты­лу керек. Түркітілдес елдердің Пар­ла­мент­тік Ассамблеясының бұл ұсынысы бо­ла­шақ үшін жасалып жатқан шығар. Себебі аз ғана түркітілдес мемлекеттердің ішінде латын әріптерін пайдаланатын­дар­дың өзі бір-бірінің әліпбиін оқи алмайды. Тіпті 12 әріпке дейін өзгешелік бар. ТүркПА-ның ұсы­нысы осыны біріздендіру үшін жасалған сияқты. Алайда әрбір мемлекет екі әліпби қол­­данады деген көңілімнен шық­пады. Рес­ми түрде қолданыста бол­мағаннан ке­йін, бірыңғай әліпбидің пай­дасы жоқ. Басы артық шығын деп есеп­теймін.
«Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының төрағасы айтып отырған екі әліпби мәсе­лесінің мәнісі мынада: ТүркПА-ның бас хатшысы Рамиль Асанов аталған ұсы­ныс­ты ортаға салғанда: «Мәселе қандай да бір түркітілдес елдің өзінің жеке әліпбиі мен тілінен бас тартуы туралы емес. Әрбір ел өзінің әліпбиімен қоса, барлық түркітілдес елдер әліпбилерінің ортақ әріптері негізінде құрылуы мүмкін ортақ әліпбиді де қолдана алады», – деген болатын.
Түркітілдес елдердің латын әліпбиіне көшу тәжірибесі
КСРО ыдырағаннан кейін түркілік идея­ның қайта жаңғырғаны жасырын емес. Түр­кияның бастамасымен 1991 жылы Стам­бул қаласында халықаралық ғылыми симпозиум өтіп, түркітілдес елдерге ортақ әліпбидің жобасы ұсынылған-ды. Бірақ атал­ған әліпби, негізінен, Түркияның қол­да­ныстағы әріптерінен жасалды. Нәтиже­сінде 34 әріптен тұратын әліпбидің 29-ы түріктердің әріптерінен тұрды. Бұл жобаны бірінші болып 1991 жылдың желтоқсан айын­да Әзірбайжан қабылдады. 1993 жыл­дың сәуірінде Түрікменстан және сол жылдың қыркүйегінде Өзбекстан мақұл­дады. Десе де, 1992 жылы Әзірбайжан өзі­нің әліпбиін реформалап, кириллицадан әріптер алып қосады. Ал 1995 жылдың ма­мыр айында Өзбекстан 1993 жылы қа­был­даған әліпбиінен басы бүтін бас тартып, 26 латын әрпінен жасақталған жаңа әліпбиді қабылдайды. Әлбетте, бұл нұсқа Қара­қалпақстанға да енгізіледі. 1995 жы­лы Түрікменстан да Түркия ұсынған бастап­қы әліпбиге өзгерістер енгізіп, әріп­тік реформа жасады. Татар латын әліпбиі 1999 жылы қабылданып, 2005 жылы қолданыс­тан шығарылды. Яғни латын әріптерін қол­да­натын түркітіл­дес елдердің әліпбилерінің өзінде бірізділік жоқ. Бұл жерде асығыстық танытпаған Қазақстанның ұтқаны мол сияқты. Себебі қазір Өзбекстан­дағы кішкентай жарна­маның өзі өзбек тілінде екі рет (латын, кириллица) және орыс тілінде жазылады. Өзбекстанның жіберген ең басты кемшілі­гіне – жаңа әліп­биді әзірлеу жө­ніндегі комиссия құрамын­да лингвист ға­лым­дар­дың аз болуы салдарынан жаңа әліпбидің дұрыс жасалмауы, соған байланысты әліпби мен орфогра­фиялық ере­женің төрт рет өзгеруін атап өтуге болады.
«Түркітілдес мемлекеттердің латын гра­фи­касына көшудегі саяси-лингвисти­калық ұстанымдары: генезисі және эволю­ция­сы» атты тақырыпта зерттеу жасаған жас ғалым Айдос Сәдуақасов диссертация­сында Түркітілдес елдердің латын графика­сына көшу реформаларына зерттеу жүргізу арқылы Қазақстан үшін осы елдердің әліпби реформасының жағымды жақтарын алып, латын графикалы әліпбиге көшудің қазақстандық моделін жасаудың болашағы зор дегенді айтады. Оның зерттеулеріне қарағанда, іріктеп қолданатын тәжірибе ретінде Түркияның халықты жаңа жазуға үйрету әдістемесі мен тілді үйренудегі патриоттық сананы тәрбиелеу идеология­сын, Әзірбайжанның мемлекеттік тіл мен әліпбиді ұлттық рәміздер қатарына қосу саясатын, латын графикасын білім жүйесі мен баспа ісінде қолдану технологиясын, жаңа жазуда классикалық әдебиеттерді көп данамен шығару тәжірибесін, Өзбекс­танның әліпби реформасы кезінде жүзеге асыратын іс-шараларды анықтауы мен қаржыландыру көлемін белгілеу тәжірибе­сін қолданған жөн. Ал Түрікменстанның ла­тын графикасына көшу реформасынан «бір дыбысқа – бір әріп» қағидатын қатаң ұстану тәжірибесін алудың лингвистикалық маңызы зор. Сонымен қатар 1920-1940 жылдардағы қазақ әліпбиін латын графи­касына көшіру тәжірибесінің оң жақтарын да ескерген абзал.
Ал түркітілдес елдердің ортақ әліп­биін жасаудың қандай артықшы­лық­тары мен кемшіліктері бар?
Артықшылығы: 1) түркілердің ынты­мақтастығы жаңа сатыға көтеріледі; 2) әлемдiк өркениет пен мәдениетке жақын­дата түсетiн әліпбидің ортақ нұсқасы түбі бір жұрттың арасындағы белгілі бір дең­гейде қалыптасқан субординацияны жоя­ды; 3) жас мемлекеттер үшін мәдени-тіл­дік экспансиядан қорған; 4) тек мәдени-ру­хани салада ғана емес, саяси деңгейдегі интеграцияға бастайды.
Кемшілігі: 1) ортақ әліпби жасалғаны­мен, нақты талап жоқ; 2) ресми статусы бол­ма­ғандықтан, бір ел екі әліпбиді қол­дан­байтыны белгілі; 3) осы уақытқа дейін бірнеше мәрте әліпби өзгерткен көршілес елдердің ынта-ықыласы болмауы мүмкін.
Айдос СӘДУАҚАСОВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының доценті:
– Мен бұл бастаманы қолдаймын. Барлық жағынан ұқсас халықтарға бірлік, интеграция жетіспей келеді. 90-жылдары сол кездегі Түркия президенті Сүлеймен Демирел дәл осы жобаны ұсынған болатын. Алай­да Орталық Азия елдері бұл ұсы­ныс­ты жүзеге асыруға асықпады. Міне, содан бері 20 жыл өтті. Түркітіл­дес мемлекеттердің арасындағы ынтымақ­тас­тық әлі де болса сын көтермейді. Мәдени деңгейден аса алмай келеміз. Егер ортақ әліпби қабылданатын болса, бауырлас елдердің саяси-экономика­лық және гуманитарлық байланыстарын дамыта түсетін еді. Қазақстан мен Қырғыз­стан­­нан басқасы әртүрлі болса да, латын әліпбиін қолданып келеді. Латынға көшуге бізде барлық мүмкін­дік­­тер бар. Тек қана саяси шешім жетіс­пей тұр. Егер саяси шешім қа­был­данатын болса, әлемдік күш­тер­дің ішінде әлеуеті жүзеге аспай тұрған түркі әлемін қайта күшейтер едік.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста