Түркі әлеміне ортақ әліпби қандай болуы керек?
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы уақыт өткен сайын күшейіп келеді. Түркілердің экономикалық интеграциясына көңілі толмайтындар көп. Әйтсе де әлеуметтік, мәдени салаларда белгілі бір деңгейде алға жылжу байқалады. Өзара Парламенттік Ассамблея құрған түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесін де құрған болатын. Қазан айында Алматыда өткен Ынтымақтастық кеңесінің отырысында біраз мәселе қаралған еді. Ұйымның тұңғыш саммитінде ортақ тарих, мәдениет, төл ерекшелік және тіл негізінде өзара тиімді мүдделерді, қатынастарды және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті. Ал жақында түркі әлемінің құзырлы органы саналатын Парламенттік Ассамблеясы жалпытүркі тілі мен әліпбиі туралы заң жобасын жасауды жоспарлап отырғаны белгілі болды.
ТүркПА Бас хатшысы Рамиль Гасанов: «Түркітілдес елдер парламентшілерінің пікірлері ескеріле отырып, жалпытүркі тілі мен әліпбиін жасау заң жобасы ретінде жасалуы керек», – деп мәлімдеді. Оның айтуынша, ТүркПА комиссиялары келесі жылдың маусымына дейін ұсыныстарын біртұтас құжат ретінде бере алса, бұл мәселе 2012 жылы Бішкек қаласында өтетін Ассамблея сессиясының талқылауына шығарылады. Бұл туралы тіл маманы, белгілі саясаттанушы Дос Көшім былай дейді:
– Түбі бір түркі елдері екеніміз рас. Туысқандық жолмен бірігуді қолдаймын. Қазір бізде латын әліпбиіне көшу мәселесі жиі көтеріліп жүр ғой. Өз басым аяқастынан латын әліпбиіне көшуге қарсымын. Себебі Өзбекстандағы әртүрлі әліпби қолданудың қандай теріс әсер бергенін білеміз. Бірақ түбінде көшуіміз қажет, кириллицадан құтылу керек. Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының бұл ұсынысы болашақ үшін жасалып жатқан шығар. Себебі аз ғана түркітілдес мемлекеттердің ішінде латын әріптерін пайдаланатындардың өзі бір-бірінің әліпбиін оқи алмайды. Тіпті 12 әріпке дейін өзгешелік бар. ТүркПА-ның ұсынысы осыны біріздендіру үшін жасалған сияқты. Алайда әрбір мемлекет екі әліпби қолданады деген көңілімнен шықпады. Ресми түрде қолданыста болмағаннан кейін, бірыңғай әліпбидің пайдасы жоқ. Басы артық шығын деп есептеймін.
«Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының төрағасы айтып отырған екі әліпби мәселесінің мәнісі мынада: ТүркПА-ның бас хатшысы Рамиль Асанов аталған ұсынысты ортаға салғанда: «Мәселе қандай да бір түркітілдес елдің өзінің жеке әліпбиі мен тілінен бас тартуы туралы емес. Әрбір ел өзінің әліпбиімен қоса, барлық түркітілдес елдер әліпбилерінің ортақ әріптері негізінде құрылуы мүмкін ортақ әліпбиді де қолдана алады», – деген болатын.
Түркітілдес елдердің латын әліпбиіне көшу тәжірибесі
КСРО ыдырағаннан кейін түркілік идеяның қайта жаңғырғаны жасырын емес. Түркияның бастамасымен 1991 жылы Стамбул қаласында халықаралық ғылыми симпозиум өтіп, түркітілдес елдерге ортақ әліпбидің жобасы ұсынылған-ды. Бірақ аталған әліпби, негізінен, Түркияның қолданыстағы әріптерінен жасалды. Нәтижесінде 34 әріптен тұратын әліпбидің 29-ы түріктердің әріптерінен тұрды. Бұл жобаны бірінші болып 1991 жылдың желтоқсан айында Әзірбайжан қабылдады. 1993 жылдың сәуірінде Түрікменстан және сол жылдың қыркүйегінде Өзбекстан мақұлдады. Десе де, 1992 жылы Әзірбайжан өзінің әліпбиін реформалап, кириллицадан әріптер алып қосады. Ал 1995 жылдың мамыр айында Өзбекстан 1993 жылы қабылдаған әліпбиінен басы бүтін бас тартып, 26 латын әрпінен жасақталған жаңа әліпбиді қабылдайды. Әлбетте, бұл нұсқа Қарақалпақстанға да енгізіледі. 1995 жылы Түрікменстан да Түркия ұсынған бастапқы әліпбиге өзгерістер енгізіп, әріптік реформа жасады. Татар латын әліпбиі 1999 жылы қабылданып, 2005 жылы қолданыстан шығарылды. Яғни латын әріптерін қолданатын түркітілдес елдердің әліпбилерінің өзінде бірізділік жоқ. Бұл жерде асығыстық танытпаған Қазақстанның ұтқаны мол сияқты. Себебі қазір Өзбекстандағы кішкентай жарнаманың өзі өзбек тілінде екі рет (латын, кириллица) және орыс тілінде жазылады. Өзбекстанның жіберген ең басты кемшілігіне – жаңа әліпбиді әзірлеу жөніндегі комиссия құрамында лингвист ғалымдардың аз болуы салдарынан жаңа әліпбидің дұрыс жасалмауы, соған байланысты әліпби мен орфографиялық ереженің төрт рет өзгеруін атап өтуге болады.
«Түркітілдес мемлекеттердің латын графикасына көшудегі саяси-лингвистикалық ұстанымдары: генезисі және эволюциясы» атты тақырыпта зерттеу жасаған жас ғалым Айдос Сәдуақасов диссертациясында Түркітілдес елдердің латын графикасына көшу реформаларына зерттеу жүргізу арқылы Қазақстан үшін осы елдердің әліпби реформасының жағымды жақтарын алып, латын графикалы әліпбиге көшудің қазақстандық моделін жасаудың болашағы зор дегенді айтады. Оның зерттеулеріне қарағанда, іріктеп қолданатын тәжірибе ретінде Түркияның халықты жаңа жазуға үйрету әдістемесі мен тілді үйренудегі патриоттық сананы тәрбиелеу идеологиясын, Әзірбайжанның мемлекеттік тіл мен әліпбиді ұлттық рәміздер қатарына қосу саясатын, латын графикасын білім жүйесі мен баспа ісінде қолдану технологиясын, жаңа жазуда классикалық әдебиеттерді көп данамен шығару тәжірибесін, Өзбекстанның әліпби реформасы кезінде жүзеге асыратын іс-шараларды анықтауы мен қаржыландыру көлемін белгілеу тәжірибесін қолданған жөн. Ал Түрікменстанның латын графикасына көшу реформасынан «бір дыбысқа – бір әріп» қағидатын қатаң ұстану тәжірибесін алудың лингвистикалық маңызы зор. Сонымен қатар 1920-1940 жылдардағы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру тәжірибесінің оң жақтарын да ескерген абзал.
Ал түркітілдес елдердің ортақ әліпбиін жасаудың қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар?
Артықшылығы: 1) түркілердің ынтымақтастығы жаңа сатыға көтеріледі; 2) әлемдiк өркениет пен мәдениетке жақындата түсетiн әліпбидің ортақ нұсқасы түбі бір жұрттың арасындағы белгілі бір деңгейде қалыптасқан субординацияны жояды; 3) жас мемлекеттер үшін мәдени-тілдік экспансиядан қорған; 4) тек мәдени-рухани салада ғана емес, саяси деңгейдегі интеграцияға бастайды.
Кемшілігі: 1) ортақ әліпби жасалғанымен, нақты талап жоқ; 2) ресми статусы болмағандықтан, бір ел екі әліпбиді қолданбайтыны белгілі; 3) осы уақытқа дейін бірнеше мәрте әліпби өзгерткен көршілес елдердің ынта-ықыласы болмауы мүмкін.
Айдос СӘДУАҚАСОВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының доценті:
– Мен бұл бастаманы қолдаймын. Барлық жағынан ұқсас халықтарға бірлік, интеграция жетіспей келеді. 90-жылдары сол кездегі Түркия президенті Сүлеймен Демирел дәл осы жобаны ұсынған болатын. Алайда Орталық Азия елдері бұл ұсынысты жүзеге асыруға асықпады. Міне, содан бері 20 жыл өтті. Түркітілдес мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастық әлі де болса сын көтермейді. Мәдени деңгейден аса алмай келеміз. Егер ортақ әліпби қабылданатын болса, бауырлас елдердің саяси-экономикалық және гуманитарлық байланыстарын дамыта түсетін еді. Қазақстан мен Қырғызстаннан басқасы әртүрлі болса да, латын әліпбиін қолданып келеді. Латынға көшуге бізде барлық мүмкіндіктер бар. Тек қана саяси шешім жетіспей тұр. Егер саяси шешім қабылданатын болса, әлемдік күштердің ішінде әлеуеті жүзеге аспай тұрған түркі әлемін қайта күшейтер едік.