«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік символдары. 25 жыл: тарих пен қолдану тәжірибесі» атты ғылыми-практикалық конференцияда ҚР ІІМ оқыту орталығының жетекшісі, полиция полковнигі Мұрат Есмағамбетов Қазақстанда мемлекеттік символдарды ресми емес қолданудың ережелерін бекітуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда мемлекеттік символдарды қайда және қалай қолдануға болатынын нақты көрсететін бірыңғай шешімдер мен жүйелі ұсыныстар жоқ екендігін атап өткім келеді», - деді ол жиын барысында.
Оның сөзінше, соның кесірінен спортшылар тудың суреті бар ішкиім киіп шыққаны сияқты түрлі ыңғайсыз оқиғалар орын алып жатыр.
«Олар бір жағынан қай елдің спортшылары екендіктерін, патриоттық сезімдерін көрсетсе, екінші жағынан өзгелері оны басқаша қабылдап жатыр. Сондықтан Ресей тәжірибесі негізінде ұсыныс енгізгім келеді. Оларда символдарды қолданудың нақты әдістемелік ұсыныстары мен ережелері бар. Бізге де сондай ережелер енгізілу керек», - деп атап өтті ол.
Айта кетейік, жиын барысында сарапшылар, символдарды ресми қолданудың ережелері бекітілгенімен, өкінішке орай, ресми емес жағдайларда мемлекеттік символдарды қай кездері қолдануға болмайтынын нақты көрсететін қағидалар жоқ екендігін атап өткен болатын.
Автор: Жасұлан Жолдыбаев