Еліміздегі ауруханалардың 26 пайызында өрт бола қалған
Кеше Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Астанада, Үкімет үйінде өткен кезекті отырыста Төтенше жағдайлар жөніндегі министр осындай төтенше деректерді жария етті. Министр Владимир Божко бұл сандарды «катастрофические цифры» деп бекер атаған жоқ. Алайда төтенше жағдайлар жөніндегі министр бұл деректерді бұған дейін неге осылай батырып айтпаған, неге жеріне жеткізе алмаған? Егер «катастрофические цифры» деп білсе, бұған дейін де шырылдап айта беруі керек еді ғой. Оның пікірінше, Талдықорғандағы трагедия құрбандарының осынша көп болуына адамдардың қатты ұйқыдағы тәтті сәттері себеп болуы мүмкін екен. Яғни айналадағылар өртті кеш білген, өртке қарсы күрес қызметіне де кеш хабарланған. Министр өрт сөндірушілердің хабар алған соң 9 минуттың ішінде оқиға орнына жеткенін айтады. Сол кездің өзінде наркологиялық диспансер ғимараты қызыл жалынға оранып үлгерген.
Егер сигнализациясы сақылдап істеп тұрғанда адамдар өрт тұтана бастағанда-ақ біліп, құтқарушыларға хабарлап үлгеретін еді ғой. Бәлкім, онда адам шығыны да біршама аз болар ма еді?! Министрдің айтуынша, наркодиспансер ғимараты күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты өртке қарсы белгі беру жүйесін жөндеп үлгермеген екен. Айтпақшы, өрт туралы ақпарат наркодиспансерден емес, медбикелер қызмет ететін көрші ғимараттан жеткен. «Біз денсаулық сақтау нысандарының қызметін тоқтата тұру жөнінде сотқа 72 талап арыз бердік. Білім беру нысандарына қатысты да осындай қиындықтар туындап жатады. 6352 білім беру мекемелерін тексердік. Бес мыңнан астам адамды жауапкершілікке тарттық. Бұл жерде де назар аудартқым келетін мәселе – білім мекемелерінің 38 пайызы автоматтандырылған өртке қарсы белгі беру жүйесімен жарақталмаған. Ал 23 пайызында автоматика жұмыс істемейді. Әкім мырзалар, Премьер-министрдің нұсқауын орындауларыңызды сұраймын! Біз сот арқылы мектептердің де жұмысын тоқтатып көргенбіз. Әрине, ауруханалардың жартысын, мектептердің жартысын жауып тастай алмайтынымыз түсінікті. Алайда мен өртке қарсы күрес шараларын қаржыландыру мен әкімшілік жағынан бақылау төмендеп кеткен. Мен осыны ескерткім келеді», – деп шырылдады Владимир Карпович «жау кеткен соң, қылышын тасқа шауып».
Өрттен қайтыс болғандардың туыс-туғанына көңіл айтқан Премьер-министр Елбасының тапсырмасымен сол күні шұғыл түрде үкіметтік комиссия құрылғанын, комиссия тізгіні Үкімет басшысының орынбасары Серік Ахметовке тапсырылғанын мәлімдеді.
Ал оқиға орнынан оралған комиссия басшысы жағдайды қысқаша баяндағанда жария болған мәліметтерді естіп, жағаңды ұстайсың. С. Ахметовтің айтуынша, өртенген наркодиспансер ғимараты 1951 жылы салыныпты, қабырғалары қамыстан тұрғызылған. Қамыстың жай да емес, қаулап жанатын материал екені белгілі. Оқиғаның себеп-салдарлары тексерілуде. Қылмыстық іс қозғалған. Өрт кезінде ғимаратта 78 адам болыпты. Оның 41-ін құтқарып қалудың сәті түскен. 37 адам қаза тапты. Оның екеуі диспансер қызметкері...
Үкімет басшысының орынбасары өрт сөндірушілер ескере жүрер өзекті бір мәселені айтып қалды. Оның пікірінше, есірткіге есін алдырғандар мен араққа салынғандарды емдейтін мекемелердің терезесін темір тормен жабудың қаншалықты қажет екенін сараптап көру керек. Өртенген наркодиспансердегі емделушілердің 80 пайыздайы соттың шешімімен, яғни мәжбүрлеп әкелінген екен. Осындай жайттарға байланысты терезелерде тор болған. Мұндайдың құтқарушыларға біршама кедергі келтіретіні айтпаса да түсінікті. «Онсыз да сырты қоршаулы, күзеті бар мекеменің терезесін торлап тастау қажет пе? Ойланып көру керек», – дейді Серік Ахметов.
Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев те әкімдерге ескерту жасап үлгерді. Оның пікірінше, барлық әкімдер осындай әлеуметтік мекемеге берілген барак түріндегі ескі ғимараттарға сараптама жасап, өрттен, басқа да төтенше жағдайлардан барынша қауіпсіз ғимараттарға көшіру мәселесін қарап көруі керек екен. Министрдің айтуынша, Талдықорғандағы трагедиядан кейін әуелі он адам реанимацияға түсіпті. Сегізінің жағдайы дәрігерлердің араша түсуі арқасында оңалып, реанимация бөлімінен шығарылған. Осы өрттің себеп-салдары бойынша тексеру жүргізіп жатқан үкіметтік комиссия төрағасы, Премьердің орынбасары Серік Ахметов қалған екеуінің жағдайының ауыр екенін хабарлағанымен, Жақсылық Досқалиев оларға ем-дом жасап жатқан мамандардың біліктілігі жоғары екенін, сегіз адамның өміріне төніп тұрған қауіптің сейілуі де соның нәтижесі екенін ескертті.
Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетов: «Өрттің шығуына әзірге екі түрлі себеп қарастырылып жатыр. Біріншісі – адам факторы, біреулер темекі тартып, соның салдарынан өрт шығуы мүмкін. Екіншісі – электр сымдарының тұйықталуынан тұтануы мүмкін. Қасақана өртеу жөніндегі болжам қарастырылып отырған жоқ», – деді.
Министрлерді мұқият тыңдаған Премьер-министр Кәрім Мәсімов барлық әлеуметтік маңызы бар нысандарды өртке, басқа да төтенше жағдайларға қарсы күрес талаптарына сәйкестігін тексеруді тапсырды. «Барлық әкімдер, министрліктер мен ведомстволарға келешекте бұндай жағдай қайталанбас үшін, әлеуметтік саланың барлық нысандарына тағы да кешенді тексеру жүргізуді тапсырамын», – деді ол. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін нақылды ескерсе керек.
Ал тапсырманың орындалуын Серік Ахметов қадағалап отыратын болды. Үкімет басшысы бұл ретте қаражаттан қысылар жағдай болып жатса, «Жол қартасынан» тиын-тебен қарастыру мүмкіндігін қарауды ұсынып отыр. Кәрім Қажымқанұлының айтуынша, жағдайды Мемлекет басшысының өзі бақылауына алған. «Біз бір апта ішінде Талдықорғандағы жағдаймен қатар, жалпы еліміз бойынша қабылданатын жүйелі шараларды, әлеуметтік саланың барлық нысандарына қатысты нақты ұсыныстарды енгізуіміз керек», – деді Премьер.
Осы отырыстан кейін Премьер-министр Кәрім Мәсімов Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Талдықорғандағы облыстық наркологиялық диспансерде болған өрт және Атырауда салынып жатқан көпірдің құлауы салдарынан адам өліміне әкеліп соққан қайғылы оқиғалар туралы есеп берді. Мемлекет басшысы Үкіметке, Алматы және Атырау облыстарының әкімдеріне зардап шеккендердің отбасыларына материалдық көмек және қолдау көрсетуді тапсырған.
Еске сала кетсек, жұма күні Атырауда қаланың Еуропа мен Азия бөлігін жалғайтын ұзындығы 618 метр болатын көпір құлап кетіп, сегіз адам қаза тапқан болатын. Көпір қазан айында пайдалануға берілмек еді...
Ал Алматы облысы бойынша бүгін қаралы күн жариялану керек болатын. Алайда облыстық мәслихат кеше басқаша шешім қабылдады.
Бүгінгідегідей техниканың жер тітіренткен заманында «жазмыштан озмыш жоқ» деген түркі бабаның айтқанын жұбаныш қыла бергеннің жөні қалай болмақ? Қамдану үшін міндетті түрде Талдықорғандағыдай трагедияны, Атыраудағыдай апатты күтіп отыра бермекпіз бе? Диспансердегі дімкәстарды сыртынан жауып, кетіп қалған кезекші дәрігердің жауапсыздығына кім жауап береді? Атыраудағы көпір жұмысшыларының жұмыс кезінде ішімдік ұрттауына кім рұқсат берген? Басшыны орнынан алғанмен іс неге мандымайды – міне, осынша сұрақ-сауал қаншама жүйелі, құрылымды шараларды күтіп тұр десеңші. Біз бұл арада сенбі-жексенбіде Алматыдағы тұрғын үйдегі газ жарылысынан екі адамның мерт болғаны өз алдына, қос сәбидің өртке тірідей жанып кеткенін, құтқарушылардың үшінші қабаттағы сәбилерді құтқаруға дәрменсіздік танытқанын және Астанада асфальт төсеп жатқан жыбырлақ каток жүргізушісінің әріптесін қалай таптап кеткенін айтпай отырмыз ғой...
Біздің статистика
Үкіметтің кешегі отырысында денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев «Кәрім Қажымқанұлы» деп келетін қаратпаны ең жиі қолданған шенеунік болды. Талдықорғандағы трагедия тұла-бойын тітіркендірген (наркодиспансер денсаулық сақтау мекемелерінің біріне саналады) министр бар ой-пікірі мен айтар ақпарын 2 минут 30 секундқа сыйғызды. Осы аралықта министр бақандай бес рет Премьердің атын атады. Яғни әр жарты минутқа бір «Кәрім Қажымқанұлыдан» келеді...