Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесі отырысында ішкі-сыртқы миграцияға баса көңіл бөлу қажетін айтып, Үкіметке еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударушыларға берілетін жәрдемақы көлемін екі есеге көбейтуді тапсырды. 
«Ел ішіндегі миграциялық үдерісті реттеу ісінің тиімділігін арттыру қажет. Әсіресе, бұл ел азаматтарын еліміздің оңтүстігінен солтүстігін көшіруге қатысты. Аталған мәселе Ұлттық кеңесте бірнеше рет көтерілді. Оны кешенді түрде шешу үшін, біріншіден, электронды еңбек биржасының базасында бірыңғай ақпараттық ресурс құру қажет. Көшіп барушылар мемлекеттен көрсетілетін қолдау туралы  ақпаратты тікелей алуы қажет. Екіншіден, көшуге қатысты мәселені жеңілдеткен жөн. Мемлекет мигранттарға барынша қолайлы жағдай жасауы тиіс. Жақында мен жұмыс сапарыммен Солтүстік Қазақстан облысында болдым. Бұл өңір демографиялық өсімі ең баяу аймақтың бірі болғанымен, қоныс аударушыларды тарту жағынан жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Мигранттарды ынталандыратын қосымша шара ретінде, оларға берілетін жәрдемақыны екі есеге, яғни, 35 айлық есептік көрсеткіштен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын. Үкіметке бір айдың ішінде осы мәселені зерттеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.
Президент ішкі миграциядан бөлек, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек шартын қадағалап, қолға алуды тапсырды. 
«Қазақстандықтардың еңбек миграциясына жіті көңіл бөлуді тапсырамын. Бұл өте өзекті мәселе және оны жылы жауып қоюға болмайды. Себебі, жыл сайын біздің мыңдаған отандасымыз еңбек мигрантына айналуда. Біздің азаматтарымыз шет елдерде жоғары кәсіби біліктілік талап ететін орындарда ғана емес, қызмет көрсету секторларында да жұмыс істейді. Азаматтарымыз ол жақта өз елінде істеуден бас тартқан жұмысқа жегілуге келісім береді. Мұндай жағдайда еңбек шарты қадағаланбайды. Салдарынан тіркеуге қатысты, түрлі тұрмыстық қиындықтарға тап болады. Бұл пандемия кезінде қатты байқалды. Заманауи әлемде еңбек миграциясы жаһандық сипатқа ие екенін естен шығармауыз керек. Және оған негативті құбылыс ретінде қарамаған жөн», - деді Тоқаев.
Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы өтіп жатыр.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан