Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше аймықтың әкімдеріне сөгіс жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті.
"Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте өздеріне жүктелген міндеттерді шала орындаған бірқатар шенеуніктің жұмысын сынға алды. Осыған байланысты мемлекет басшысы жұмысына салғырт қарағаны үшін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовқа және ведомствоаралық комиссияның төрағасы Ералы Тоғжановқа сөгіс жариялады", - деді президент хатшысы
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке ескерту жасалды.
«Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін ескертті. Аталған мәселе барлық облыстың басшыларына да қатысты екенін айтты», - деп қосты Берік Уәли.