Саяси ұлт болудың басты шарттарының бірі – елдің ұлттық
Инновацияға 108 мың кадр қат
Елбасы өткен аптада шетелдік инвесторлармен кеңесінің 23- отырысында отандық кадрлар даярлауға басымдық берілу қажеттігіне ерекше тоқталып, Үкімет пен инвесторлардың алдына жеті кадрлық міндет жүктеді (ол туралы өткен санда жазылды). Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру үшін кадр керек. Экономиканың 2010-2014 жылдардағы дамуы үшін 287 мың кадр, ал соның ішінде қарқынды индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру үшін бақандай 108 мың кадр қажет. Инновациялы ел болу үшін өндірістегі төл кадрлардың үлесі 70 пайыздан асуы керек. Ал бізде әлі керісінше. Өндірістегі қазақстандық үлес небары 10-15 пайыз ғана. Жергілікті үлес Германияда – 90 пайыз, АҚШ-та – 77 пайыз, тіпті Нигерияда – 30 пайыз! Обалы не керек, инвесторлар соңғы үш жылда мамандар дайындауға және білім беру мекемелерінің базаларын жаңартуға 160 миллион доллар қаржы жұмсапты.
Соңғы бес жылда мемлекеттік бюджеттен білім беруді дамытуға 2,5 триллион теңге бөлінген. Бірақ ғарыш, биржа, нанотехнология, кибернетика, ақпараттық технологиялар, ядролық отын салаларында мамандар жоқтың қасы. Отандық кадрлар шетелдік компаниялардың босағасынан да сығалай алмайды. Жабық жүйе секілді жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың қазақтың қаракөздерін маңына жолатпайды. Еденін жуып, көшесін сыпырғанға мәзбіз. Батыс аймақтағы бір мұнай компаниясының еден жуушы орнына мыңнан астам үміткердің тіркелуі – соның нақты дәлелі. Бұлай кете берсек, шетелдіктермен ауыз жаласуға бейім компрадорлық буржуазия бел алып кетпесіне кім кепіл? Отанына қызмет етпейтін, қара басын күйттейтін компрадорлық буржуазияның дәуірі жүріп тұр. Сондықтан капиталын сыртқа тасымайтын, ұлттық жобалардан қаржы аямайтын кадрлар шоғыры керек-ақ. Елбасы бұдан былай «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында алдағы жылы үш бағытта: кадр даярлау, қызметкерлер біліктілігін көтеру және жастарды тәжірибеден өткізу бағытында жүргізілетінін айтты.
МЫҚТЫ МЕНЕДЖЕР БОЛУ ҮШІН МЕНТАЛИТЕТТІ ШЫҢДАСАҚ...
Инновациялық даму үшін өндіріс ғылымға жегілуі тиіс. Ал ғылым отандық мамандардың қолымен жасалады. Ғылымның жетістіктері, игіліктері ортақ болғанымен, оның иесі, темірқазығы ұлт болып саналады. Осы арада ұлттық топ-менеджмент пен отандық ғылыми кадрлардың қоян-қолтық жұмыс істеуі қажет болады. Ал біз әлі ғылымды шетқақпайлап отырмыз. Былтыр шетелде жарық көрген қазақстандық мақалалар небары 200 ғана болған. Сондықтан ғылымсыз ұшпаққа шыға алмаймыз. Инновациялық дамуға бетбұрыс кезінде білікті кадрлар дайындармыз, бірақ олар тоңмойын технократ болып қалмай ма? Топ-менеджменттің ұлттық рухын қалай оятамыз? Макс Вебер «Протестанттық этика және капиталистік рух» деген іргелі еңбегінде еуропалықтардың ерен еңбек дағдысына христиан дінінің, оның ішінде протестанттық ағымының елеулі ықпал еткенін ашып көрсеткен. Еуропалықтардың ішінде шектеулері көп католик бағытын ұстаушыларға қарағанда проестанттық бағыттағы елдер мәдени, әлеуметтік-экономикалық жағынан әлдеқайда дамып кеткен. Өйткені протестант дінінде «еңбек етсең, құдай сені жарылқайды» деген қағида санаға кәсіпкерлік рухты сіңірген. Ілкіден бері қатал табиғат жағдайында маусыммен көшіп-қонған бабаларымызға жалқаулық, марғаулық жат болған, керісінше, өзгеріс, жаңашылдық, даму динамикасы тән еді. Жұрттан озған жапон мен корей сияқты ұжымшыл дәстүрлі қазақ қоғамында кедейінен байы көп, орта дәулетті топтың қарасы мол еді. Дулығалы басың күнде домалап жататын жаугершілік заманда Боранбай бидің 18 мың жылқы айдағаны, бүкіл аймағын асырағаны бүгінгі топ-менеджерлерге үлгі-өнеге емес пе? Отаршылдық дәуірінде жалтақтық, масылдық, марғаулық менталитет бойға сіңіп кетті. Сондықтан әр адамның бойында кәсіпкерлік рухты ояту үшін масылдық менталитеттен ада-күде арылу керек. Кәсіпкерлігіміз де өндірістік емес, жабайы алыпсатарлық, контрабандалық тауардың айналасынан алыстай қойған жоқ. Отандық топ-менеджмент көбінесе орыстілді қалалық ортадан шықты. Ұлттық топ-менеджменттің алтын бесігі ауыл, қала маңайы болуы керек. Біздің топ-менеджерлерге ұлттық нақыштағы нысандар салуы, ұлттық сарындағы жобаларды қаржыландыруы жетіспей жатады. Малайзиялықтар әйгілі Куала-Лумпурды өздері тұрғызды, ол Малайзияның нағыз бейнесі болып отыр. Меніңше, ұлттық жобаларды қаржыландыруға, жергілікті мамандарды оқытуға тәуекел еткен отандық кәсіпкерлерге, шетелдік инвесторларға мүмкіндік бергеніміз сияқты заңмен әжептәуір жеңілдіктер қарастырылса, нұр үстіне нұр болар еді. Шіркін, компанияларға, тауарларға, өнімдерге, халыққа рух беретін тарихи, эпикалық, ұлттық мазмұнда атаулар берсе...
Бір пікір
Тимур Назханов, Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті:
– Отандық мамандардың шетелдік компаниялардағы үлесінің аз болуының бірнеше себептері бар: Білікті топ-менеджерлердің тапшылығы кеңестік отаршылдықтың салдары болып тұр. Бір жағынан, кезінде шетелдік инвесторлармен келісімшартта кадрлық, салық саясатына байланысты қалай қол қойдық, солардың бәрі әсер етті. Соңғы жылдары жергілікті кадрларды жұмысқа алу, отандық өнімдерді тұтыну секілді өзгерістер біртіндеп жүзеге асып жатыр. Екінші жағынан, гәп өзімізде болып отыр. Себебі КСРО тарап, зауыт-фабрикалар жабылып қалғаннан кейін кәсіби-техникалық оқу орындарында кадрлар даярлау, біліктілігін арттыру үрдісін жоғалтып алдық. Қарапайым жұмысшылардың жоғары кәсіби біліктілігін шыңдайтын орталық жоқтың қасы. Біздегі жоғары оқу орындарында теориямен ғана, оның өзінде осыдан 20-30 жыл бұрын шыққан кеңестік техникаларды, құрал-жабдықтарды оқытып жатады. Сол себепті де шетелдік компаниялар өздерінің дайын мамандарын жұмысқа алатыны түсінікті. Ол түгіл, өзіміздің кәсіпкерлер оқу бітіріп келген түлектерді алғысы келмейді. Мен Германияда болдым, сонда оқушыларға көліктердің ең соңғы үлгілерін оқытады. Ал бізде арнайы білімі болмаған соң, мамандығынан мүлде басқа кәсіптерді істеуге мәжбүр. Сондықтан төл кадрларымызды көбейту үшін ахуалды өзгертіп, өзіміз де өзгеруіміз керек. Кәсіпорындар жанынан мамандардың біліктілігін арттыратын оқу орталықтарын ашу қажет.
Ой-тұжырым
Қазақ ұлтының, әр қазақтың алдында бәсекеге қабілетті, инновациялық ел болу миссиясы тұр. Бұл – әр Алаш баласы арба сүйремесін, Made in Kazakhtan брендімен отандық автокөлік, төл ұшақ жасасын, босағада жүрмесін, әр компания қожайыны болсын, елдің асты-үстіндегі байлығына еге болсын дейтін ұлы миссия.
Ұлттық топ-менеджер қалай қалыптасуы қажет:
Біріншіден, Елбасы жанындағы шетелдік инвесторлар секілді ұлттық кәсіпкерлер кеңесі құрылса.
Екіншіден, шетелдік компаниялардың басшылық құрамының жартысы, жұмыскерлерінің басым бөлігі қазақ болса.
Үшіншіден, шетелдік компанияларда жаңадан бітірген түлектер үшін міндетті түрде тәжірибелік орталықтар ашылса.