Оңтүстік өңір тұрғындарына толассыз жаңбырдың салдарынан топан су басу қаупі бар екені ескертілді. Наурыздың 15-16 күндері жауын-шашын Шығыс Қазақстан облысында да тасқын туғызуы мүмкін.
«Қазгидромет» кәсіпорны мамандарының дабылды ескертуіне қарағанда, алдағы күндері Қазақстанның көп бөлігі белсенді циклон ықпалында болып, соның әсерінен күшті жаңбыр жауады, жел күшейеді. Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарында қар аралас жаңбыр, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында күшті жаңбыр жауады, 15-20 м/с жел соғады. Толассыз жаңбырдың салдарынан Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарында су тасқыны болып, сел жүруі мүмкін. Өңірлердегі өзен-сулар деңгейінің көтерілу қаупі бар. Алматы облысындағы жекелеген өзендер мен Сырдарияда сең қозғалады. Шардарадан жіберілетін ағынның молаюына байланысты Сырдың суқоймадан төмен тұсы да деңгейінен асуы ықтимал деген болжам бар. Жауын-шашын мен қардың тез еруі салдарынан Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы өзендерде су деңгейі күрт көтеріліп, ағын арнасынан шығып кетуі мүмкін. Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарында да өзендердің тасу қаупі күшейіп келеді. Метеорологтер алдағы тәуліктерде жауын-шашынның әсерінен оңтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарда таудан қар көшуі мүмкін екенін де ескертеді. Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға тауға көтерілмеуге, шаңғы жолынан тыс аймақтармен жүрмеуге кеңес береді.
Толассыз жаңбыр жауып, тасқын мен көшкін қаупі күшейеді
Последние статьи автора