Қарағандыда тағы бір байқау мәреге жетті. Дәлірек айтқанда, облыс бойынша жарияланған «Тіл жанашыры» байқауының жеңімпаздары анықталды. Ана тіліміздің тұғырын биіктетуге арналған байқауға облыстағы түрлі ұйым қызметкерлері қатысып, бақ сынасты. Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің мерейін тасытып, мәртебесін асыру.
Байқаудың жеңімпаздарына облыс әкімінің дипломымен қатар, қомақты ақшалай сыйлықтар табыс етілді. «Тіл майталманы» аталымы – Қарағанды «Болашақ» университеті жанындағы «Мирас» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Мәуен Хамзинге табыс етілді. «Мемлекеттік тілді насихаттаушы үздік ұлттық-мәдени орталық» аталымымен «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы марапатталды. Облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Алмагүл Игенова «Үздік оқытушы» деп танылды. «Тіл жаршысы» аталымын қанжығасына байлаған – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Жұлдыз Тойбек. Орыстілді басылымдар арасында бұл аталым облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің Жезқазған қаласындағы меншікті тілшісі Валентин Шипуновқа бұйырды. «Үздік телехабар» аталымы қазақтілді телебағдарламалар арасында «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының редакторы Әділбек Құмарға, орыстілді телебағдарламалар арасында Сәтбаев қаласындағы жекеменшік телеарна редакторы Гүлмира Аманжоловаға табысталды. Қарағанды қалалық ішкі істер департаменті Жаңа Майқұдық полиция бөлімінің бастығы Ерғали Қожабеков «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» аталымында үздік деп танылды. «Қазақ тілі – болашағым» аталымы да қазақ ұлтының жастары және өзге ұлт жастары арасындағы екі жеңімпазға тапсырылды. Оны Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің магистранты Ербол Сармурзин, «Жәйрем КБК» АҚ-ның экономикалық жоспарлау бөлімінің экономисі Максим Ентальцев иеленді.
Бауыржан ӘБДІШЕВ, Қарағанды облысының әкімі:
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үнемі «Мемлекеттік тіл – Отанымыз бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран сияқты нышанымыз. Ол еліміздің барлық азаматтарын біріктіруді көздейді» деп нақтылап отырады. Ұлт Көшбасшысының салиқалы саясатының арқасында қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алды. Тіл туралы арнайы заң қабылданып, жүзеге асырылуда. Күн санап азаматтарымыздың қазақ тілін меңгеруге деген құлшынысы артып келеді. Бүгінгі шара – мемлекеттік тілді дамытуға сүбелі үлес қосушыларды дәріптеу және халықтың шынайы алғысының белгісі.
Өңірде мемлекеттік тілді меңгеру үшін бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, мекемелер мен кәсіпорындарда тіл оқытушы курстар ұдайы өткізіліп жатыр.
«Тіл жанашыры» анықталды
Последние статьи автора