Техника тілін үйренбейінше, күніміз қараң

Техника тілін үйренбейінше, күніміз қараң

Танымал академик Асқар Жұмаділдаев математиктерді «есеп шығара алатын» және «шығара алмайтын» деп екі топқа бөледі екен. Ғалым: «Министрліктегілердің «мамандарға мұқтажбыз» деп отырғаны, менің ойымша, бізде есеп шығара алатын математиктер жоқ» дегенді білдіреді», – дейді. Рас, елге жетіспейтіні де – техника маманы. Қазақтың байлығы техниканың тілін білетін, яғни математика, физика, химия, биологияға жүйрік адамдардың аздығынан игерілмей жатыр.  Әлемдегі дамыған елдердің даму тетігіне көз салсақ, олар техника мен инновацияға баса назар аударады. Біз ше?

«ФИЗИКА, ХИМИЯ – КІРМЕЙДІ МЕНІҢ МИЫМА...»
«Физика, химия – кірмейді менің миыма» деген қасаң қағида кеңес тұсында мектеп оқу­­шыларының санасын улағаны рас. Ал­ге­бра, геометрия, физика сынды есеп пәндеріне оқу­шының мән бермейтіні де сондықтан. Тіп­ті сол пәннен сабақ беретін мұғалімнің өзі жо­ғарыдағы жауыр болған сөзді айтып, оқу­шының нақты пәндерге де­ген тәбетін ашудың орнына, жауып тас­тай­тын. «Тәрбие – тал бе­сік­тен» деген қазақтың отбасында есеп-қисапқа қатысы бар адам болса, баласы да нақты ғылым пәндеріне ден қоюды бастайды. Ал әдебиет пен мәдениет, кілең сөзшең ділмарлар жиналған шаңырақтан техниктің шықпайтыны анық. Сонда не істемек керек? Әуелі бұл ғылым­дардың елдің дамуындағы маңыздылығын ата-ана сезінгенде ғана ба­ланы қай пәнді оқуға бағыттайтынын мықтап шегелемек. Мектептегі ұстаздың сабақты қызықты өт­кізіп, оқушыны өзіне баурап алуы – өз алдына сын.
Ғалымқайыр МҰТАНОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, техника ғылымының докторы:
– Елдің дамуы, ұлттың дамуы ада­ми ка­питалмен байланысты. Адами ка­­питал дегеніміз – адамдардың ин­тел­­лек­туал­дық, кәсіптік деңгейі. Әр адам­­ның, ұлт­тың жиынтығы мемле­кет­тің деңгейін кө­те­реді. Әсіресе, жас­тарға дұрыс бағыт, түзу тәрбие беріп, ертеңгі күні сол ар­қы­лы болашақ жаса­ла­тынын ойда ұс­та­уы­мыз керек. Білімге не­гізделген иннова­ция­лық эко­номи­каны дамытатын жаңа тех­но­ло­гиялар – ғылым мен білім нәти­же­сінде жа­салған үлкен жобалар. Олар не­гі­зінен жаратылыстану саласынан жа­са­лады. Біз осындай болу керек деп ай­тамыз, ал математиканың жақсы қа­сиеті – формула түрінде үлгісін жасап бе­реді. Математика арқылы өндірістің нақты бір жобасын жасамай, сол ар­қылы мо­дель­деп үлгісін жасап, тексеріп алуға болады. Жаратылыстану – ғылым мен білімнің не­гізін жақсы жасайтын ғы­лым­дар. Гу­ма­нитарлық бағыттағы ма­мандар рен­жі­месін, адамзаттың, ел­дің, ұлттың да­муын­да оның да өзіндік орны бар. Гуманитарлық сала – жігер беретін, ұлттық сананы кө­те­ретін руха­ни плат­форма. Ол болмаса, ертең ұлт­қа, мемле­кетке қалай қызмет етеміз? Сон­дықтан жан-жақты дамыған жақсы ма­ман да­йындасақ, ең жақсы идеал бо­латын еді.
Мемлекет дамуының қозғаушы күші ғылым, әсіресе жаратылыстану ғылым­дары екенін ел түсінді. Ілгерілеу де бар.  Бү­гінде лауазымды қызметтерден ойып орын алып отырғандардың көпш­ілігін бі­лім нә­рі­мен сусындатқан атақты О.Жәу­ті­ков атын­дағы Республикалық ма­ман­дан­ды­рыл­­ған дарынды балаларға арналған фи­зи­ка-математика мектеп-интернаты­ның  Ха­лықаралық Жәутіков олимпиада­сын өт­кізіп келе жатқанына жеті жыл бол­ды. Бұ­дан тыс өткізіліп жатқан халық­ара­лық, рес­публикалық білім додалары қан­ша­ма. Әлем­нің озық техникалық оқу­ла­ры­на сү­рін­бей түсетіндер де – нақты ғы­лым­ды игер­гендер.
ОТАНДЫҚ ТЕХНИКТЕН ШЕТЕЛДІК МАМАН НЕГЕ АРТЫҚ?
Республикамыз елге қажетті маман­дықтар тізімін де айқындап алды. Не­гі­зі­нен, педагогтер мен техника, медицина са­­ласы мамандарына баса назар ау­да­ры­луда. Биылғы жылы 35 046 мемлекеттік грант бөлінген. Оның ішінде ең көп бө­лінгені: 1000 грант педагогтер үшін сырт­тай оқуға, техника ғылымдарына – 11 827, жаратылыстану ғылымы және бизнес – 1350, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыруға 3600 грант бар. Сандар сайрап тұрғанымен, білім сапасы әлі күнге дейін көңіл көншітер емес. Әсіресе елдің аса зәру мамандық иелерін дайындау сала­сында.
Әужан САҚАБЕКОВ, ҚБТУ жоғарғы математика және кибернетика кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы:
– Жастарда техника саласына деген қы­зығушылық бар, бірақ әлемдік стан­дартқа сай жеткілікті дәрежеде бі­лім бе­ріліп жатқан жоқ. Оқу стандарт­та­рын жақсылап жөндеу қажет. Қазақ-Британ техникалық университетінде дайындық жаман емес, әлдеқайда дұ­рыс. Жұмысқа да орналаса алады бі­тір­гендер. Ал басқа техникалық уни­вер­­ситеттерде бұл мәселе қалай? Ба­лалардың жұмысқа орналаса алмау се­бебі – ЖОО-дағы білімнің жетіс­пе­уінен. Техника мамандарын дайын­дай­тын мұғалімдер де жеткіліксіз. Ке­ңес өкіметіндегі мен қазіргі технология бөлек. Батыстың технологиясын алып кететіндей ұстаздар жоқ. Мұғалім біл­меген соң, одан білім алған студент те жеткілікті білім алмай шығады.
Кәсіпорын, фабрикалардағы қондыр­ғылар да заманауиланып жатқанда, білім жүйесіне де реформа қажет екендігі бай­қалады. Жаратылыстану ғылымын те­рең­детіп оқытатын мектептер бар, техникалық университеттер де жетерлік. Ал барлығына бірдей сұраныс жоқ. Жұмыс таба алмай жүрген инженер қаншама. Жұмыс болған күннің өзінде олардың маңдай тері шет­елдік инженерден кем бағаланып жатады. Шындығында, біздің маманның барлығы бірдей өз ісінің қас шебері дей бермей, кінәні өз білімімізден іздеген жөн шығар. Шетелдік маманды өз елімізде тайраң­датып, ақымызды жегізбеу үшін, білі­мі­мізді көтеріп алу ләзім болып тұр.
ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ-МЕМЛЕКЕТ НАЗАРЫНДА
Ел Тәуелсіздігіне 10 жыл толғанда, Қа­зақ-Британ техникалық университеті құ­рылса, былтыр Астанадан Назарбаев уни­верситеті бой көтерді. Әлемдік стан­дарт, күллі дүниені мойындатқан батыстық білім жүйесі бойынша оқытатын аталған оқу орындары уақыт өте келе үңірейіп тұрған техника саласын бір биікке кө­терері хақ. ҚБТУ мұнай-газ, ин­фор­ма­ция­лық техно­логия, қаржы-экономика фа­куль­теттері бо­йынша білім берсе, На­зар­баев уни­вер­ситетінде негізгі бағыт инженерия және ме­дицина мектебі, жа­ра­тылыстану ғы­лы­мына бұрылып отыр. Қа­зақ топырағынан Но­бель сыйлығының иегерлерін шығару мақсатында құрылған оқу орны діттеген мақсаттан шығары сөзсіз. Себебі оған тілек білдіретіндер де іріктеліп келеді.
Елбасының бастамасымен былтырғы жылдан бері инновациялық мектептер де ашылып жатыр. Астана, Семей, Көкшетау, Тал­дықорған қалаларында физика-мате­ма­тика, Өскемен қаласындағы химия-био­­логия бағытындағы Назарбаев Зият­кер­лік мектебі жұмыс істеп тұр. Жаңа оқу жы­лы басталғанда Н.Назарбаев мұндай мек­­тептің саны алдағы уақытта 20-ға жететіндігін айтты. Елдегі дарынды бала­лар­ға арналған мектептер, 30 қазақ-түрік лицейі жылдағы мемлекеттік гранттан үздік көрсеткіш көрсетіп жүргенін білеміз. Ал зияткерлік мектеп оқушылары бола­шақ­та Назарбаев университетіне қинал­май түсе алады. Ел дамуының басым ба­ғыт­тарын айқындап алдық. Енді бізге ке­регі – сөзден іске көшіп, терең де қажетті білім алу ғана.

«... 2015 жылға қарай Ұлттық инно­ва­ция­лық жүйе толыққанды жұмыс істеп, 2020 жылға қарай елде енгізілетін тал­даулар, патенттер мен дайын тех­но­ло­гия­лар түрінде өз нәтижелерін беруге тиіс. Білім беру саласында Астана қаласында құрылып жатқан бірегей оқу орындары – «Жаңа халықаралық уни­верситет», «Ар­нау­лы қор» және қазірдің өзінде табысты жұ­мыс істеп жатқан «Ин­теллектуалдық мек­тептер» секілді жобалар ерекше ба­сым­дыққа ие болмақ. Мен олар­­дың менің есімімді алуына ке­лі­сі­мімді бердім. Олардың отандық білім беру жүйесінің флагманы болып, осы заманғы оқу бағдарламаларын кейіннен оларды бүкіл республика бойынша енгізетіндей етіп әзірлеу мен байқап көру жөніндегі басты алаңға айналуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет».
Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Назарбаевтың халқына Жол­дауынан (Астана қ. 29 қаңтар, 2010 жыл)

ТҮЙІН
«Қазақстан» ұлттық арнасынан инновациялық ғылыми жаңалық ойлап табушыларға байқау жарияланатындығы туралы күнде аңдатпа берілуде. Сыйақы да қомақты – 7 500 000 теңге. Бұл қаржы өнертабысыңызды өндіріске енгізуге артығымен жетеді. Ал өнер саласы байқауларының сыйы әрі кетсе 500 мыңнан аспайды. Миымызды жұмыс істетіп, жаңалық ойлап табуға талпынбауымыз өрге емес, көрге сүйрейтінін сезінетін уақыт жетті.
 «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын...» демей ме хакім Абай. «Дипломмен де жұмыс жоқ» деп құр зарламай, балаға жастайынан мемлекеттің тетігін жамауға пайдасын тигізерліктей, техника, нақты ғылым саласы мамандықтарын таңдауды санасына сіңіру қажет.  Ендеше, шашыраған, нақты шешімге келмеген ойымызды, Ломоносов айтқандай, «математика арқылы тиянақтауға» кім кедергі?

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста