Бұған дейін қос палатада жеке-жеке талқыланған Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің 2010 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебі кеше Парламенттің бірлескен отырысында бекітілді. Заң шығарушы органның Мәжіліс залына келген Министрлер Кабинетінің толық құрамы депутаттар көтерген сауалдарға жауап беріп, бюджетке қатысты біраз сынды да естулеріне тура келді. «Сын түзелмей, мін түзелмес» деген қағидатқа салсақ, мұндай сынның болуы да заңды.
Толық құрамдағы Үкімет қоспалаталы Парламенттің алдына, негізінен, бюджет мәселесі үшін келетіні белгілі. Онда да бірінші жолы Премьер бастаған топ қаржы құжатын қабылдату үшін келсе, екінші жолы сол қалыптасқан құжаттың атқарылуы туралы есебін бекітуге келеді. Мұндайда Парламент Үкіметтің есебін бекітпей тастаса, атқарушы билікке сенімсіздік танытылған болып есептеліп, үлкен өзгерістерге бастама туады. Әйтсе де дәл қазіргі күні заң шығарушы биліктің алдында тура сондай көлденең мәселе тұрмайтыны айқын. Өйткені биліктің осы екі тармағының өзара қарым-қатынасы айқын, бір-бірін «ыммен-ақ» түсіне алады. Бұны былайғы жұрт «биліктер арасындағы қоян-қолтық қатынас» деп жатады. Сондықтан да мұндай араластық арқасында бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебі кедергісіз бекитіні бесенеден белгілі еді. Әйткенмен бюджеттің тиімділігіне, оны жетілдіруге қатысты мәселенің күн тәртібінде тұруы да заңдылық. Кешегі Парламенттің қоспалаталы бірлескен отырысы да осы бағытқа қарай өрбіді. Жалпы алғанда, бюджеттің атқарылуына қатысты жай-жапсар, қазына қаржысын жұмсаудағы кем-кетіктер қос палатаның жеке-жеке отырыстарында белсенді талқыланғаны есте. Негізгі параметрге салсақ, былтырғы бюджеттің шығысы 99,1 пайызға орындалып, игерілмей қалған қаражат 37,5 млрд теңгені құраған. Дегенмен атқарушы билік Мемлекет басшысының стратегиялық жоспары шеңберінде жүктелген міндеттерді қаржыландыруды толық орындағанын алға тартады. Үкіметтің есебіне қорытынды шығаратын Есеп комитеті де биліктің бюджеттік бетбұрысын құптайды. Әйтсе де комитет төрағасы Омархан Өксікбаев бюджетте кездесетін жүйелілік мәселелеріне тереңірек тоқталғанды орынды санаған екен. Бұл ретте де Омархан Нұртайұлы еліміздегі салық және кедендік әкімшілік етудің сапасын кезекті рет сынның тезіне салды. Алға тартатын дәйектері де баршылық екен. Мәселен, 2009 жылмен салыстырғанда 2010 жылы салық берешегінің көлемі ұлғайған. «Бұған ең алдымен елімізде жалған кәсіпкерліктің өршуі әсер етіп отыр. Біздің ойымызша, Үкімет жалған кәсіпорындар санын қысқарту жұмыстарын жүргізуі қажет. Өйткені олардың басым бөлігі бюджетке айтарлықтай залал келтіруде», – дейді комитет төрағасы. Бұдан бөлек, Есеп комитетінің қырағылары салық түсімдерінің толықтығын бақылау барысында теріс пиғылды салық төлеушілердің жаңа банкроттық тәсілді қолдану арқылы салық төлеуден жалтару жолдарын да анықтапты. Тексеріс барысында осындай жолмен 14,6 млрд теңге түсімдерінің азайғанын да есептеп шыққан. Есеп комитетінің бағалауынша, мемлекет активтерінің пайдалану тиімділігі де күрделі мәселеге айналып келеді. «43 акционерлік қоғам айқын даму стратегиясы болмағандықтан, менеджментті тиісті дәрежеде жүргізбегендіктен, экономика тұрғысынан тиісті әрі нақты шешімдерді қабылдамағандықтан, былтырғы жылы өздеріне сеніп тапсырылған мемлекеттік активтерді басқару кезінде 39,5 млрд теңге зиян шектірді.
Сондай-ақ акционерлік қоғамдар бюджет қаражатын екінші деңгейлі банктердің депозитіне орналастыру тәжірибесін әлі де жалғастырып келеді. Бұл бюджет қаражатының көзделген мақсатынан тайқып, басқа бағытқа жөңкігенін көрсетеді. Алайда бұл мәселеде жүйелі шаралар қолданылмай отыр. Жалпы алғанда, мемлекет активтері мен мүліктерін тиімді басқару үшін біз олардың толық есебін және мониторингін қамтамасыз етуді, квазимемлекеттік ұйымдық құрылымын талдауды қажет деп санаймыз», – деп атап өтті Омархан Нұртайұлы. Бұдан бөлек, Есеп комитеті Кеден одағының жұмыс істеу ерекшеліктерін ескере отырып, ДСҰ-ға кіруге дайындық жүргізіп жатқан тұста қосылған құн салығын қайтару рәсімдерін тең көлемді пайдаланудың және несие берудің қолжетімді жүйесін қалыптастырған жөн деп санайды. «Осыған байланысты біз мемлекеттік және жалпы сыртқы борышты басқару жөніндегі тұжырымдамаға квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздарын тартуы мен пайдалануын мониторингпен бақылау жүргізу бөлігіне өзгерістер енгізуді, бағалы қағаздардың отандық рыногын дамытудың қажеттігін айтпақшымыз. Мемлекеттік қаржылық бақылау экономиканы басқарудың басты элементі болып келді, бұдан әрі де солай қала береді. Бір өтініш, Есеп комитеті талап қойған кезде, оның институционалдық мүмкіндігін ескерсеңіздер», – деді Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев.
Үкімет Парламентпен бірлесіп мемлекеттік сатып алу мәселелерін жетілдіруге әзір
Қаржы министрі мен Есеп комитетінің есебінен кейін депутаттардың Үкімет мүшелеріне тіке сауал қою мүмкіндігі туған болатын. Соған орай, алғашқы сауал мемлекеттік сатып алулар турасында болды. Депутат Валерий Доскалов бюджеттік ұйымдар арасындағы тендерлердің өткізілуіне, сол арқылы тауарлардың жеткізілуіне қатысты алаңдаушылық білдіріп өтті. «Тендер нәтижесінде бюджет ұйымдарына арзан әрі сапасыз заттар сатып алынып жатыр. Қызметтері де сондай сапасыз. Бұдан, ең алдымен, әлеуметтік осал топтағы азаматтар жапа шегуде. Мәселен, балабақшаларға мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша алынған киім-кешек сапасы төмен ғана емес, балаларға шақ емес болып шықты. Бұған, негізінен, тендер бойынша жеңімпазды анықтаудағы өлшемдер себеп болып отыр. Өйткені тендерде ең төменгі бағаға тапсырыс берген компания жеңімпаз атанады», – дейді депутат. Өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мемлекеттік сатып алу мәселесінің орынды көтерілгенін, тендерге қатысты негізгі өлшемдерді қайта қарауға болатынын жеткізді. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығындағы әртүрлі кезеңдерде өткерген тәжірибеміз баршылық. Біз басқа сала секілді тендер мәселесінде де заман ағымына қарай шешім қабылдадық. Егер 90-жылдары біздің алдымызда қандай болмасын тауар сатып алып, өз нарығымызды толтыру проблемасы тұрған болса, бұл кезең үшін тендерлер конкурсын ең арзан сатып алуларға үйлестіріп өткізудің жөні болды. Алайда бұл норма өз қызметін сарқып бітті. Сондықтан да қаржы министріне тиісті тапсырма жүктей отырып, Парламент депутаттарымен бірге жұмыс істеуге әзірміз», – деді Үкімет басшысы. Премьер-министр жаңағы мемлекеттік сатып алулар бойынша басты екі мәселені қаперге ұстау қажеттігін де айтты. Бірінші қаперде болар нәрсе – отандық өндірісті дамыту. Тек дамытып қана қоймай, оның жоғары технологиялы болғанына назар аудару маңызды. Екінші қаперде ұстайтын шарт – мемлекеттік сатып алулар мен ұлттық компаниялардың сатып алулары отандық өнімге сұранысты арттыратын ең қуатты құрал. Ендеше, тендер мәселесін шешетін заңнама осы талапқа жауап беруі қажет. «Сондықтан да мен мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманы қайтадан қарауға шақырамын. Бірінші орында сапа тұрса, екіншіден, осы төңіректе отандық сұранысты ынталандыруымыз керек. Біз заңнаманы қайта қарастыруға дайынбыз», – деді К.Мәсімов. Дәл осы тендер төңірегіндегі даулы мәселені депутат Тито Сыздықов та көтерді. Оның айтуынша, құрылысы жүріп жатқан нысандарға министрліктердің жауапты болуы бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкеп соқтырады. Бұл ретте депутаттың келтірген мысалына салсақ, трансферттің сызбасы мынадай: алдымен бюджет қаржысы министрлікке, министрліктен облыстық бюджетке аударылады, ал тендерді жергілікті әкімшілік жүргізіп, салынып жатқан нысанды орталықта, яғни қашықта отырған министрлік бақылайды. Мұнда «бақылайды» деген аты ғана секілді. Өйткені кейіннен «Кім кінәлі?» деген сұрақта бақылау мәселесіне қатысты бір-біріне сілтеу үдерісі басталады. Үкімет басшысы осы мәселені алдағы уақытта зерделеп, нақты жауап берілетінін жеткізді. «Әйтсе де осы төңіректе бір мәселеде ұстанымымды нақтылағым келеді. Тендерлерге қатысты жобалық-сметалық құжаттар мен нысан құны көрсетіледі. Ал тендерді ұтып алғысы келетін компания нысан құнын арзандатып көрсетеді де, кейіннен тендерде көрсетілген қаражатқа құрылыс сала алмайтынын айтып, қайтадан нысанды қымбаттатуға тырысады. Сондықтан да біз қағидатты ұстанымда болуымыз керек. Кім тендерді жеңіп алады, сол сонда көрсетілген қаражатқа құрылысты толық салуы керек. Артық қаражат қарастырылмауы шарт. Сондықтан да мен қандай да бір құрылысты қымбаттатуға қатысты өтініш қабылдауды тоқтаттым. Бұған соңғы нүктені қоятын боламыз», – деді К.Мәсімов.
Депутаттар ... деп жатыр
Бақберген Досманбетов, сенатор:
– Ескінің бәрі жаман емес. Бұрын Кеңес Одағында әлеуметтік сала министрліктері құрылыспен айналыспайтын. Құрылысқа тапсырысшы жергілікті орган, орындаушы да жергілікті құрылысшы болып, сапалы нысан салынып шығатын. Бізге де осыған ойысқан ләзім. Әйтпесе Білім министрлігін құрылыспен айналыстырғаннан ештеңе ұтпаймыз. Керісінше, ұтылуымыз ғажап емес.
Светлана Жалмағамбетова, сенатор:
– «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингін дұрыстап тексеру керек. Ол қалай жұмыс істейді? Кіммен жұмыс істейді? Бюджеттен қанша қаражат алып жатыр? Мамытбеков мырза! Бәлкім, ауыл шаруашылығы министрі қызметіне келген соң, сіз енді жұмыстарды бастан-аяқ қайта қарап, «ҚазАгро» жұмысын жолға қоятын шығарсыз. Холдингті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жақындатқаныңыз ләзім. Әйтпесе қазір алшақ кетіп қалды.
Бақыт Сыздықова, Мәжіліс депутаты:
– Осы залда қатысып отырған Үкіметтің бір мүшесі, атын айтпай-ақ қояйын, өзінің туиттерінде: «Депутаттар сауалдары тоқтатылды. Иә, оларды тауысып біту мүмкін емес, оларды тек тоқтату керек» деп жазыпты. Ал менің көршім Ирак Қасымұлы «бүйте берсек, отырысты келесі жолы жазбаша өткізу керек шығар» деп айтады. Ал мен, ендеше, онлайн режиміне көшейік дегім келеді тіпті.
Рауан Шаекин, Мәжіліс депутаты:
– Министр өзінің кәсіби дайындығын ұдайы дәлелдеп отыруы керек. Әйтпесе бізде қалай: мемлекеттік қызметке бір рет ілінгенде ғана аттестациялаймыз, сосын олардың қай салада жұмыс істей алатын дайындық деңгейін тексермей-ақ креслодан-креслоға ауыстырамыз. Біз бүкіл оқушылар үшін бірегей шарт қоямыз, ҰБТ арқылы оқушылардың білімін тексеріп келеміз. Ал бүкіл елдің дамуына жауап беретін министрлердің біліктілігін неге тестімен тексермейміз? Менің ойымша, министрдің есеп беруі оның болашақтағы іске қабілеттілігінің деңгейін айғақтайды. Біз тек осындай емтихандар арқылы кәсіби министрлерді, басқа да органдардың басшыларының кәсібилігін анықтауымыз керек.
Тендердің тағдыры «тендерге» түсіп жатыр
Последние статьи автора