Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі стратегиялық бағыттар мен тапсырмаларды орындау бойынша ведомствоға жүктеген 8 тапсырманың 5-еуі орындалды, қалғандары іске асырылуда. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі министрліктің алқа отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Былтыр біздің салада 20 іс-шара өтті, оның 8-і әлемдік белді сарапшылардың, белгілі ғалымдар мен саясаткерлердің және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды. Сондай-ақ, дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшыларымен 60-тан астам екіжақты кездесу өткіздік. Этносаралық және конфессияаралық келісімді, берекелі бірлігімізді нығайту – басты мақсаттарымыздың бірі. Президент тапсырмасына орай, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы дайындалды», - деді министр.
Айта кетерлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы азаматтық қоғам институттарының, мемлекеттік органдардың, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның, жастардың қоғамды интеграциялау, қоғамдық келісім мен Қазақстан халқының бірлігін нығайту мәселелері бойынша кең ауқымды өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін Ассамблеяны әлеуметтік және ақпараттық алаң ретінде дамытуға ықпал ететін болады.
Ал ендігі ретте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы әзірленірп жатыр. Еске сала кетейік, осы жазда Елордада 50 елден 100-ден астам делегация қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті. Конгресс аясында Рим Папасы Францисктің елімізге мемлекеттік сапарымен ат басын тіреген еді.
Министрліктің өткен жылы атқарған жұмыстарының тағы бірі - қоғамдық бақылау туралы заң жобасымен байланысты болды. Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген және азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған. Нақтырақ айтқанда, азаматтар немесе коммерциялық емес ұйымдар министрліктердің, әкімдіктердің, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің актілері мен шешімдерін талдау және бағалау арқылы қоғамдық бақылауды жүзеге асыруы көзделеді. Қоғамдық бақылауды қоғамдық талқылау, сараптама немесе мониторинг түрінде жүзеге асыру ұсынылады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы – ашық азаматтық қоғам құру. Мәселен, «Қоғамдық бақылау» және «Онлайн петициялар» туралы заң жобалары Парламент Мәжілісінде 1-ші оқылымда мақұлданды. «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер енгізіледі. Қоғамдық кеңестер азаматтық қоғамның мемлекеттік органдардың қызметіне араласуының пәрменді тетігіне айналды. 2022 жылы қоғамдық кеңестердің құрамы 90% жаңартылды», - деді Дархан Қыдырәлі.
Алқа отырысында министр Президенттің 2019 жылы берген тапсырмасы аясында қабылданған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жөнінде айтып өтті.
«Заңға сәйкес жастар санаты 35-ке дейін ұлғайды. Осылайша, еліміздегі осы санаттағы азаматтар саны 6 млн-ға дейін көбейді. Енді осы салада ауқымды істер атқарылып, заң игілігін барша жастарымыз көреді деген сенімдеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023-2027 жылдарға арналған Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, ашық талқылауға ұсынылды. Еліміздегі Жастар ресурстық орталықтарына бір жыл ішінде түрлі мәселелер бойынша жүгінген жастар саны 400 мыңнан асады. Сондықтан жастар ресурстық орталықтары еліміздің барлық өңірінде ашылуы қажет деп ойлаймыз», -деп нақтылады Дархан Қыдырәлі.
Енді қабылданған заң бойынша 2022 жылдан бастап Жастар практикасынан өту кезеңі 6 айдан 12 айға дейін, ал «Бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды. Бұдан басқа, 2022 жылы «Zhas project» жобасы іске асырылды, оның шеңберінде жастардың бизнес бастамаларын қолдау үшін 1 млн теңгеден 250 грант берілді. Ал дарынды жастарды қолдау мақсатында 3 млн теңгеден 33 «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалды. Бұл грант әзірге жыл сайын беріледі.
«Жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша нақты жұмыстар жалғасады. Қазір өңірлік тұрғын үй бағдарламалары 6 өңірде іске қосылды. Биыл жыл соңына дейін осындай бағдарламаларды 10 өңірде әзірлеу жоспарлануда. Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің құрамы жаңартылды. 2022 жылы желтоқсанда Астана қаласында 500-ден астам адамның қатысуымен «Qogam Fest» жастар жобасы ұйымдастырылды. Сондай-ақ Қазақстанда алғаш рет өткен жылдың қараша айында еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам блогердің қатысуымен Министрліктің «Tik-Tok house» жобасы іске асырылды. Жалпы жастар саясаты саласында жасалып жатқан жұмыстар өз нәтижесін бере бастады. Мәселен, Қазақстан Жаһандық жастардың дамуы индексінде (Youth Progress Index) 150 мемлекеттің ішінде 63 орыннан 54 орынға көтерілді», - деді Ақапарат министрі Дархан Қыдырәлі.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында БАҚ туралы заңды қайта қарау керектігін айтты.
«Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» – деді Президент.
Бұл ретте елімізде Жаңа медиа» деген түсінік қалыптасты. Министрдің сөзінше, осы салада атқарылған жұмыстарды бірнеше бағытқа бөліп қарастыру керек.
«Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, «Масс-медиа туралы» Заң жұртшылық талқылауына шығарылды. Сондай-ақ онлайн-платформалар мен интернет-жарнаманың қызметін реттейтін жаңа заң жобасы әзірленуде. Заң жобасы аясында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау, өзін-өзі реттеу институттарын дамыту, телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтерді өзгерту жоспарланған. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заңға түзетулер әзірленді. Ұсынылған өзгерістер, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді», - деп сендірді ведомство басшысы.
Бүгінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеуді бастады.
Сондай-ақ, әлемдік «Tiji», «Nickelodeon» арналарының мультфильмдері қазақ тіліне аударыла бастады. Ендігі ретте аталған арналармен қазақ ертегілері негізінде анимациялық өнімдер жасау туралы келіссөздер жүргізілуде.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 83%-ды құрады. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта әлі де арта түседі деп ойлаймыз. Атап өтерлігі, министрлік халықаралық байланыстарды нығайтуда. Жаңа медиа мен азаматтық журналистиканы дамыту мақсатында Meta, TikTok, Google, Mail.Ru Group, LinkedIn компанияларымен қарым-қатынас орнатылды. Нәтижесінде алғашқы рет Мета компаниясының Instagram, Whatsapp, Facebook, Messenger-дің Қазақстан бойынша ресми өкілдері айқындалды. Сондай-ақ TikTok корпорациясының аймақтық офисі ашылды. Facebook пен TikTok-тің интерфейсін қазақшалау бойынша келісімдер жасалды», - деді Дархан Қыдырәлі.
Сонымен бірге, елімізде цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату жұмыстары алға басып келеді. Мәселен биыл халықты цифрлық хабар таратумен қамту 93%-ды құрады. Айта кетерлігі, 13 өңір цифрлық эфирлік форматқа 100% көшті.
«2023 жылы елдің шекаралас аудандарында отандық радиохабарлармен қамтуды кеңейту жұмысы күшейтіледі. Әсіресе, шекаралас аймақтар радиохабар таратумен қамтамасыз етіледі. Отандық телеарналарда тарихи контент өндірісі жалғасуда. 2022 жылы қазақ зиялыларының өмірі мен қызметі туралы 6 сериалдың көрсетілімі өтті. Бұл үрдіс ұлы тұлғаларды ұлықтаумен ғана шектелмей, ауқымды тақырыптарға ұласуға тиіс деген ойдамыз. Қалтарыстағы қаһармандар, тасадағы тұлғалар, қарапайым еңбек адамдарын дәріптеудің жаңа көркемдік шешімдері ұсынылуы қажет», - деді министр.
Дегенмен ведомство басшысы кей бағытта қордаланған мәселелердің бар екенін де атап өтті. Оның айтуынша, кез келген контент әлеуметтік сауалнама мен медиа және ғылыми зерттеулерге негізілдеуге тиіс.
«Мемлекеттік телеарналарда рейтинг қуу басты мақсатқа айналмауы керек. Сондықтан уақыттың талабына, көрерменнің талғамына сай салиқалы, салмақты контенттерге басымдық беру керек. Халықтың салығынан, мемлекеттік қазынасынан бөлінген қаржының әр тиынына жауапты екенімізді ұмытпаған жөн. Көрермен бізден мазмұнды, тағылымды жобалар күтеді. Мемлекет қаржысы мемлекет мүддесіне, ел игілігіне, халықтың пайдасына жұмсалуы қажет. Салмақты сараптамалар мен журналистік зерттеулер, сапалы деректі фильмдер мен YouTube жобаларға және креативті индустриямен айналысатын талантты жастарға қолдау көрсетуге әзірміз», - деді ол.
Бұл ретте, отандық медиа өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін үздік телесериалдар мен анимациялар, әлеуметтік роликтерге арналған жаңа ұлттық байқау ұйымдастыру жоспарланған.
«Жақын арада министрлік өңірлік баспа БАҚ форумын өткізбек. Аталған іс-шарада өңірлік газеттер мен журналдардың көкейтесті мәселелері қаралып, өз шешімін табатындығына сенеміз. Өткен жылдың соңында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ЖШС мен Қазақ газеттері бірікті. Осы оңтайландыру жұмыстары аясында балалар басылымдарына біз ерекше көңіл бөліп, дамудың жаңа жолдарын іске асырамыз», - деді министр.
Айжан ЖАНАТҚЫЗЫ