Тарихы тереңнен сыр шертетін Тараз қаласынан осы уақытқа дейін талай жәдігерлердің табылғаны белгілі. Күні кеше археологтер еліміздің тарихына тың үлес қосатын тағы бір құнды мұра табылғанын жария етті. Кезінде бүкіл әлемнің назарын аударған Есік қорғанынан табылған Алтын адамға ұқсас жәдігердің сынықтары Тараз қаласынан табылып отыр.
«Баласағұн» концерт залында археологтер кішігірім көрме ұйымдастырып, табылған жәдігерді жұрт назарына ұсынды. Мұндағы көрмеге қойылған құнды жәдігердің толық нұсқасы емес. Сақ дәуіріне жататын кезеңнен сыр шертетін бұйымдар. Негізінен, оның басым бөлігі патша сауытының бөлшектері. Ғалымдардың айтуынша, ескі қорған бірнеше мәрте тоналған көрінеді. Көне дәуірден бері сақталып келген саф алтындар суыққолдылардың қоржынында кетсе керек. Сақ патшасының әскери сауытын әшекейлеген 40-қа жуық алтын бұйымдары табылыпты. Арасында төрт басты қыран құс бейнеленген ерекше туынды да бар. Коллекционерлер мұны баға жетпес құнды дүние деп отыр. Алдағы уақытта Тараз қаласының іргесіндегі Жеті төбеден табылған сауыттың бөлшектерін біріктірмекші. «Сол кезде барлық құрандыларды біріктіргенде Алтын адамның сауыты шығуы мүмкін» дейді ғалымдар. Бүгінгі күнге дейін тек екі қорған ғана қазылған. Қалған бес қорғанға әлі күректің тісі тимеген. «Алтын сауытпен апталған жәдігердің қалған бөлінділері сол жерден табылуы мүмкін» дейді археологтер. Табылған дүниелер Есік қорғанынан табылған Алтын адамға өте ұқсас. Яғни сақ патшасының киім бөлшектерінен айнымайды.
Дмитрий ВОЯКИН, «Археологиялық сараптама» ЖШС-нің директоры:
– Ескі қорған облыс орталығынан 18 шақырым қашықтықта жатыр. Өткен жылы екі қорғанды аршыдық. Ол патша қорғаны болып шықты. Сонда жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары үлкен нәтиже беріп отыр. Қазылып алынған құнды жәдігерлер – патшаның алтыннан құйылған сауытының бөлшектері. Есік қорғанынан табылған Алтын адаммен дәлме-дәл келеді. Табылған дүниелердің басын біріктіргенде, бәлкім, екінші Алтын адам болып шығуы да мүмкін.
Тараздан тағы бір Алтын адам табылды
Последние статьи автора