Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында ұлттық валютамыз – төл теңгемізге ескерткіш қойылды. Тарихи монумент теңгенің айналымға шыққанының 20 жылдығына орай орнатылды. Салмағы жарты тонна болатын алып тиын Ұлттық банк филиалының маңына қойылды.
Тот баспайтын құрыш металдан жасалған сәулеттік туындының бетінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 1993 жылғы 15 қарашадағы теңге туралы Жарлығы жазылған. Айта кетейік, осыдан 20 жыл бұрын жаңадан басылып шыққан ұлттық валюталар дәл осы Тараз қаласынан бүкіл елге таратылған еді. Бұл тарихи мәлімет те ескерткіш тұғырында бедерленіпті.
Жасұлан МҰРАТОВ, ҚР Ұлттық банкінің Жамбыл облыстық филиалының бөлім басшысы:
– Бұл ескерткіш-стелла қаламызға келген қонақтардың және осы қала тұрғындарының келіп көріп жүретін жақсы орындарының біріне айналады деп сенеміз. Ұлттық валютамыздың туған күні құтты болсын. Ұлттық валютамыз нығайып, әрқашанда экономикамызға қалтқысыз қызмет атқара берсін.