Талғар аудандық орталық ауруханасына қарасты 16 дәрігерлік амбулаторияда А-class-medical компаниясының басшылығы, есепші, заңгер, дәрігер-эпедимолог, дәрігер-сарапшы, аудитор, провизор, әкімшілік-шаруашылық кадрлары, бас дәрігер мен оның орынбасары, МСАК жөніндегі орынбасары және A-class-medical ЖШС Бас директорының қатысуымен медицина қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Көшпелі топ кездесу барысында қызметкерлерге еңбекақы мен басқару құқығына ие компания тарапынан берілетін сыйлықақыны тағайындау, еңбек демалысының есептелу реті және Талғар ауданының тұрғындарына медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту мәселесін түсіндірді. Сонымен қатар заңгерлер аурухана басшылығының беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат тарату, жала жабу мәселелері мен оған қатысты құқықтық жауапкершілік туралы қызметкерлерге ақпарат берді.
Бірінші кезекте көшпелі топ мүшелері Қызыл ту, Қарабұлақ, Белбұлақ, Талдыбұлақ және Бірлік ауылдарын аралады. Одан кейін, Қызыл Қайрат, Береке, Кендала, Гүлдала, Туғанбай, Нұра және Бесағаш, Панфилов елді мекендеріне барды. Бұдан өзге отбасылық денсаулық орталықтарынының қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырды.
- Кездесу барысында біз жалақы, жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненті (СКПН), сыйлықақы мен еңбекке жарамсыз кезінде төленетін қаржы, жұмыс барысындағы қиындықтар туралы мәселелерді талқыладық. Сонымен қатар, жала жабу және жалған ақпарат тарату туралы мәселелерді басты назарға алып, оған қатысты қандай жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін түсіндірдік, – деді А-class-medical компаниясының бас директоры Бақытгүл Қаниқызы.
Дәрігерлік амбулаториялардың жалпы тәжірибелі дәрігерлері жалақы мен компания тарапынан төленетін сыйлықақы туралы толыққанды ақпарат алғанын мәлімдеді.
- Бізге аурухана есепшісі жалақы мен сыйлықақының қалай есептелетінін және заң бойынша қай күні төленетінін айтты. Сонымен қатар жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненттің (СКПН) әр жалпы тәжірибелі дәрігердің атқарған жұмысының нәтижесіне қарай есептелетінін түсіндірді. Ал заңгерлер аурухана мен оның басшылығына қатысты жалған ақпарат таратқан жағдайда заң алдында қандай жауапкершілікке тартылатынын айтты. Жалпы басшылыққа осындай түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді, – деді жалпы тәжірибелі дәрігер Эсмира Әбілова.
Сонымен қатар Талғар аудандық ауруханасына қарасты амбулаторияның мейірбикелері басшылықпен тікелей кездесіп, өздерін мазалап жүрген көптеген сұрақтарының жауабын алғанын алға тартты.
- Бізге бекітілген жалақының үстіне басқарушы компания А-class-medical сыйақы ретінде ай сайын 20 мың теңге қосымша төлеп отырады. Сонда мен жылына 240 мың теңге сыйлықақы алып жүрмін. Тағы бір айтатын мәселе, еңбек демалысы күндерінің саналу реті мен төленуі туралы толыққанды ақпарат алдық. Маған енді ғана түсінікті болды. Барлық медицина қызметкерлері атынан басшылыққа алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартатын боламыз - деп бөлісті медбике Гүлнафиз Жұмабайқызы.
Бесағаш ауылдық амбулаториясында тазалықшы болып 30 жылға жуық қызмет атқарып келе жатқан Ақбота Есенгелдіқызы ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізген А-class-medical ЖШС басшылығына ризашылығын білдірді.
- Мен алдымен қанша жыл жөндеу көрмеген ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген басшылыққа алғысымды білдіргім келеді. Өйткені ыстық су болмағандықтан осы уақытқа дейін ескі ғимаратты тек суық сумен жуатынмын. Тіпті сусыз, жарықсыз отырған күндер де болған. Бүгінгі күні жылы, таза ғимаратта жұмыс істеп отырмыз. Жалпы амбулатория тазалықшысының жалақысы 66 мың теңге. Маған басқарушы компания ай сайын 28 мың теңге үстемақы қосып беріп отыр. Қазір 100 мың теңгеге жуық айлық аламын, – деді дәрігерлік амбулаторияның тазалықшысы Ақбота Есенгелдіқызы.
Айта кетейік, кездесу барысында Талғар аудандық орталық ауруханасы мен А-class-medical ЖШС басшылығы қызметкерлердің барлық ұсыныстарын назарға алып, алдағы күндері қарастыратынын мәлімдеді.