Газетіміздің №59 санында Алматы аспанынан байқалған ұшатын беймәлім нысан жайлы жазғанбыз («Көктөбе аспанында беймәлім нысан ұшып жүр», 22.04.2009). Ал кеше Батыс Қазақстан облысында көктен әлдеқандай қос шар құлағаны жайлы ақпарат тарады. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке хабарласқанымызда, бір топ маманның оқиға орнына дереу аттанып кеткені белгілі болды.
Осы өңірдегі әріптестеріміздің хабарлауынша, Зеленов ауданының Раздольное ауылы маңына беймәлім нысандардың құлағанын көктемгі егіс жұмысынан қайтып келе жатқан жергілікті шаруа қожалығының механизаторы Денис Кононов байқапты. Оның айтуынша, беймәлім нысан жан-жағына ұшқын шаша қатты екпінмен жерге гүрс еткен. Механизатор алғашқыда зәресі қалмай қорқып кеткенімен, кейін тылсымның сырын білуге құмартып, көктен түскен темір шарларды тракторымен үйіне алып келеді. Бірақ әйелі азарда-безер болып, ауыл сыртына апарып лақтыртады. Диаметрі 40 сантиметр болатын шарлардың бірі бүтін, екіншісінің бір бүйірі балқып кеткен екен. Раздольноеға келген Төтенше жағдайлар жөніндегі және Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменттерінің мамандары шар тәрізді нысандардың не екенін әлі тап басып айта алмай отыр. Болжам бойынша ол адам қолымен жасалған ұшу аппараттарының қалдығы болуы мүмкін. «Жабдықтың қайдан шыққанын және қандай мақсатта жасалғанын арнайы тексерістің нәтижесі анықтайды. Ал металл шарлардың құрамындағы радиация мөлшеріне келсек, қауіп төндірер әсер байқалмайды», – дейді Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басқарма бастығы Максим Хайрекенов.
P.S. Ана жолы алматылық астрофизиктер Көктөбе аспанынан байқалған нысанның жергілікті тұрғындар қолдан жасаған жабдық екенін дәлелдеп берген еді. Бұл жолы да беймәлім шарларға «жасанды НЛО» деген болжам жасалып отыр. Ал көпшілік оларды із-түзсіз кеткен «ҚазСаттың» қалдығы болар деп ойлаған...