Сырдағы қауіпті сең күшейтіп тұр
Мамандар алдағы тәулікте еліміздің көп аумағында қар жауатынын ескертеді. Оңтүстікте жаңбыр жаумақ. Ал Сырдарияның Көктөбе гидрологиялық тұрағынан жоғары тұсында мұздың кептелуінен су деңгейінің көтерілу қаупі бар.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, «Қазгидромет» кәсіпорнының мамандары алдағы тәулікте атмосфералық тарамдардың әсерінен жауын-шашынның мол болуы мүмкін екенін болжайды. Республика аумағының көп бөлігінде қар жауады. Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында жаңбыр жаууы ықтимал. Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында тұман мен көктайғаққа байланысты сақтандыру ескертуі жарияланды. Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында жел екпіні 15-20 м/с-ке дейін күшейеді. Алматы облысының Жалаңашкөл көлі аумағында оңтүстік-шығыстан екпіні 28 м/с-ке жететін жел соғады. Мамандардың гидрологиялық болжамына сәйкес, таяу күндері еліміздегі суқоймалардың көбінің мұзы қалыңдай түседі. Оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарда өзен-сулардың деңгейі көтерілуі мүмкін. Сырдария өзенінде жағдай әлі де қауіпті. Болжам бойынша, дарияның Көктөбе гидрологиялық тұрағынан жоғары жағында сең кептеле түсіп, тасқын қаупі сақталады.