Бұл күндері Қызылорда облысында қарбалас тіршілік басталды. Дүйім ел дариядағы сең қозғалысын кірпік қақпастан бақылап отыр. Соңғы екі-үш күннің бедерінде Сырдарияда сең қозғалысы жүруде. Қазір Жаңақорған ауданы тасқын қаупінен толық сейілді. Мұз ұстасқан сең Шиелі ауданының аумағында келе жатыр. Ол – облыс орталығы Қызылорда қаласынан 135-150 шақырымдай қашықтықта деген сөз.
Биылғы жылы дария бойында жиналған су мөлшері былтырғыдан артық. Мамандардың айтуынша, Сырдария бойындағы қоймаларда 22,7 млрд текше метр су жиналған. Бұл су былтырғыдан 7 млрд текшеметрге мол. Шардарадан төменгі бөлікке секундына 250 текше метр су құйылуда. Әрине, ол сеңді дариядан қауіпсіз өткізуге қолайлы жағдай туғызады. Осы күндері Қызылорда су торабынан секундына 495 текше метр су өтіп жатыр. Сондай-ақ «Қараөзек» және «Әйтек» су тоспаларынан 160-330 текше метр аралығында су өткізілуде. Облыс орталығы мен Арал ауданының арасында қатқан мұздың қалыңдығы 30-60 сантиметрді шамалайды.
Дегенмен дарияның тосын «мінезіне» ешкім де сеніп болмайды. Табан астында қауіп туғызуы ғажап емес. Сондықтан жергілікті басшылық тарапынан барлық қауіпсіздік шараларына көңіл бөлініп отыр. Мәселен, Қазалы ауданындағы Қарлан, Абай, Бірлік ауылдарының тұсындағы иіндерді судың жырып кету қаупі туындауда. Сондықтан ол тұстарда мұздарды жару қажеттілігі көзге көрініп тұрған жайы бар. Сондай-ақ Арал ауданындағы «Ақлақ» тоспасы мен Көкарал бөгетінде де проблемалар кездесіп отыр. Себебі ол аймақтарда мұздың қалыңдығы сеңнің қозғалысына кедергі келтіруі әбден мүмкін. Осыған байланысты мамандар «Ақлақты» бір-екі күнге жауып, мұз түскеннен кейін суды бетіне жіберуді көздеп отыр. Бүгінгі күні облыс әкімі Болатбек Қуандықов қауіпсіздік шараларын тиянақтап қайту үшін облыстың солтүстік бөлігіндегі аудандарды аралап жүр.
Әмірқұл ЖЫЛҚАЙДАРОВ, Облыстық жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс және авариялар, табиғи апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы:
– Сырдария бойындағы қауіпті саналатын 55 орын басты назарда ұсталып отыр. Онда 81 мекеме күшімен сақтық шаралары жасалуда. Тасқынның алдын алу мақсатында барлық жұмыстар жүргізілуде.
Сырда сең қозғала бастады
Последние статьи автора