Соңғы уақытта Сыр өңірінде еңселі ескерткіштер бой көтеріп келеді. Жаңа жыл қарсаңында Сырдария ауданының орталығы – Тереңөзек кентінде «Сыр сұлуы» монументі көпшіліктің көзайымына айналды. Бұдан бұрын облыс орталығында «Сыр-Ана» ескерткіш-монументі елдің игілігіне айналған еді.
Дария бойындағы дүйім жұрт сылаң қаққан Сыр өзенін ардақ тұтады. Расында, көне өзен ежелгі кезеңнен бері жағасында тіршілік еткен қауымға несібе сыйлап келеді. Дариядан келген сумен қалың ел ризық-несібесін теріп жүр. Диқандар күріштен мол өнім жинап, табыстан тау тұрғызды. Сондықтан жергілікті жұрт Сырдарияны қасиетті санап, әрдайым ұлықтауға көңіл бөледі. Жаңадан ашылған ескерткіш – сондай құрметтің бір белгісі.
«Сыр сұлуының» бейнесі қоладан құйылған. Таңғажайып тұғырнамада сақ арбасына Сыр толқындарын жегіп, болашаққа бет алған «Сыр сұлуының» бейнесі көрініс тапқан. Қоладан құйылған бейне гранит тұғырға орнатылған. Аталмыш туындыны Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Сырдария және Жалағаш аудандарының Құрметті азаматы Жәркен Исмағұлов жасап шыққан.
Ержан УӘЙІС, облыс әкімінің кеңесшісі:
– Сырдария – сұлулықтың символы. Бұл туынды – сондай сұлулыққа қойылған жасампаздық пен жарқын келешектің бейнесі. Аталмыш шығарма бүгінгі ұрпақты елжандылық, патриоттық пен туған жерге деген сүйіспеншілікке үндейді.
«Сыр сұлуына» ескерткіш қойылды
Последние статьи автора